Білім • 08 Қараша, 2017

Астанада ойындар жүйесін ұсынатын балалар орталығы жұмыс істейді

1651 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің білім беру жүйесінің үздік үрдістері үнемі саралану үстінде. Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру аясында түрлі жобалар қолға алынды.

Астанада ойындар жүйесін ұсынатын балалар орталығы жұмыс істейді

Зияткерлік мектептер оқушыларының зейіні зерделеніп, тәлім-тәрбие тәжірибесі республика мектептеріне таратылуда. Бүгінде баланың ой-өрісін өрістетуге арналған бағдарламалар көп. Соның ішінде «Интеллектум» қосымша білім беру орталығы» ЖШС өнімдері туралы айтуға болады.

Балаларды дамытуға арналған бұл орталық зейін мен ақыл-ойды дамытатын ойындар жүйесін ұсынады. Яғни, алғаш рет қазақ тілінде құрастырылған 30-дан астам ойын түрі әлемнің әр түкпірінен таңдалып алынғандығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар «Интеллектум» өнімдері оқу жоспары, оқушыға арналған тапсырма және мұғалімге арналған нұсқаулық кітаптары, баланың деңгейін анықтауға арналған тест жинақтарымен де қамтылған.

Әлбетте, бастауыш мектептің сыныптары баланың ой-өрісінің дамуына үлес қосатын айтулы кезең. Ғалымдар баланың 7 жаста ой-өрісінің 80 пайызы толысатынын, 9 жасында субъективті ойлау кезеңі басталатынын, ал 10 жасында көру арқылы қабылдау қабілетінің ересектермен бірдей деңгейге жететінін дәлелдеп отыр. Осының барлығы бастауыш сынып кезеңінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Әсіресе балаға өмірге бейімділікті нығайтуға бағытталған визуалды қабылдау, аналитикалық ойлау, мәселенің дұрыс шешімін табу әдістері жайлы дұрыс білім берілуі керек.

– Бастауыш сынып жасындағы балаларды уақытты өткізіп алмай алдағы өмірге дұрыс дайындаудың маңызы зор. Сол себепті оның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған абзал. Біз мектеп кезеңін күрделі оқу әдістемелермен толтыра берудің орнына үйренгендерін жүзеге асыратын және ішкі түйсігін дамытатын бір жүйе дайындауымыз қажет екендігін түсіндік. Осы байламды негізге ала отырып, баланың зейіні мен ақыл-ойын дамытатын ойындар жүйесін құрдық. Бұл жүйенің ерекшелігі – балалардың өмір сүру дағдысымен етене танысып, олардың қызығушылық алаңын жақсы меңгеру, оны өз-өзін еркін ұстайтын табиғи ортада, яғни ойын алаңында жетілдіру, – дейді жоба жетекшілерінің бірі Алмас Кәрібаев.

Жобаны құрастырушылардың айтуынша, «Интеллектум» өнімдерімен ойнау арқылы балалар түрлі қасиеттерін дамыта алады. Айталық, біріншіден, визуалды қабылдау, яғни заттың түсін, пішінін, мөлшерін, көлемін, бағытын үйренеді. Сондай-ақ салыстырмалы түрдегі үлкен-кіші, алыс-жақын, аз-көп ұғымдарын, ұқсас бөлшектерді айыру, үш өлшемді (3D)  фигураларды анықтау, пішіндерден кескін құрау, ортақ бөліктерді көре білу қасиетін жақсартады. Екіншіден, креативті ойлау, яғни қиялын дамыту, қиялындағы пішіндерді сыза отырып көрсете білу, берілген тұспалдарға сәйкес жаңа үлгілер жасай білуге машықтанады.

Интеллектум

Қиялын шарықтата отырып, өз нұсқасын жасауға, берілген стандартты пішіндерден өзгеше кескіндегі модельдер құрастыруға дағдыланады. Үшіншіден, стратегия, яғни шешімі күрделенген жағдайда тығырықтан шығу жолын қарастыру, белгілі бір нәтижеге жету жолында жаңа жоспар құрастыру, кез келген мәселеге басқа тұрғыдан қарай білу, шешім шығаруда өзіндік стиль құрай алу, болып жатқан жағдайды түсіндіре білу, таңдауға берілген көп нұсқадан жалғыз оң шешімді қабылдай білу және ең тиімді жолды таңдағанына көз жеткізуге үйренеді. Бастауыш сынып кезеңінде бұл дағдылардың дамуы балалардың дүниетанымын дамытуға және бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға жетелейді.
Қазіргі уақытта ата-аналардың да аталған жобаға ықыласы жоғары. Солардың бірі Лейла Тілебалдиева баласының бұл сабақты асыға күтетінін, ойын арқылы үйренген дағдыларының қаншалықты нәтижеге жеткізгеніне баса назар аударатынын, басқа пәндерді оқуға, үй тапсырмасын орындауға ынтасының артқанын, сондай-ақ топпен жұмыс істеу барысында бұрынғы саяқ жүретін мінез-құлқының жағымды жақтарға өзгергенін, адами тұрғыдан қалыптасуында да оң өзгерістер бар екенін айтады.

Көңіл аударарлығы, бүгінде мұндай оқыту жүйесі өзге елдерде жоқ. Әрине, жеке ойын ретінде халықаралық тәжірибеде алуан түрлі ойындар бар. Бірақ әлемнің ең үздік дамыту ойындарына негізделген оқу бағдарламасы мен оқулықтары бар  жүйе әзір құрыла қойған жоқ. Қазіргі кезде «Интеллектум» орталығының зейін мен ақыл-ойды дамытатын ойындар жүйесін басқа мемлекеттерге ұсыну бойынша жұмыстар қолға алынған екен. Жастарының заманға сай білімді азамат болуын көздеген Татарстан, Якутия және Қырғыз елдеріндегі балаларды дамыту орталықтарына аталған қазақстандық өнімдерді енгізе бастағанын айта кеткен абзал.

Сонымен бірге Канада мен Еуропа елдерінен серіктес болуға мүдделілік танытқан ұсыныстар да түсіп жатыр. Педагогтар бүгінде балабақшалар мен бастауыш сынып балаларының бойында сабақ оқу, баға алу туралы ішкі қорқынышы болатынын айтады. Аталған жүйе балалардың бойындағы осы үрейден арашалап, алаңсыз ойын ойнауына да, ой жүйесін дамытуына да мүмкіндік сыйлайды. Бала білім ордасына ойнаймын деп барады. Мұның ең басты жетістігі де бәлкім осы болар.

Думан АНАШ,

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар