Білім • 08 Қараша, 2017

Ұстанымы берік ұстаз - Нұрша Оразахынова

1649 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Ұстаз», «шәкірт» деген сөздерді екінің біріне тели бермеңіздер. Себебі екінің бірі ұстаз, кез келген адам шәкірт бола алмайды». Оқушыларын сөздің құны мен қасиетін құрметтеуге үйреткен мұғалім Нұрша Оразахынованың жиі айтатын кеңесі бұл. Ол талай көкірек көзі ояу өренді «шәкірттерім» деп биіктетіп, өзінің ұстанымы берік ұстаздығын ұқтыра білген жан. 

 

Ұстанымы берік ұстаз - Нұрша Оразахынова

Соңғы бес жылда Астанада Алаш арыс­тарының еңбектерін арқау еткен төл технология тәжірибе алаңын кеңейтіп келеді. Алаш зиялыларының педагогикалық ой-тұжырымдарына сүйенген бұл технология «Сатылай кешенді оқыту» деп аталады. Технология авторы – Абай атын­­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Нұрша Ал­жан­байқызы. Ахмет пен Мағжанның, Жүсіп­бек пен Міржақыптың, Шәкәрімнің жас ұрпаққа ұлттық білім беру идеясын­ негіз етіп алған технологияның жеңісі мен же­тістіктері де аз емес.

Балабақша тәрбие­лену­шілерінің мектепке дайындығы мен­ оқушылардың білім сапасын арттыру­ды көздейтін білім беру тәсілі бойын­ша қазіргі таңда елорданың өзінде 2 мың­нан астам білім алушы, 150-ге жуық тәрбиеленуші сөйлеу дағдыларын қалып­тастырып, ұлттық тәлім-тәрбиемен сусын­дауда. Ал «Сатылай кешенді оқыту» тех­нологиясының тәжірибелік алаң жұмыс­­тарына ел көлемінде 7 балабақша тәрбиешісі мен 114 мұғалім белсенді қатысып жүр. Бұл ұлттық инновация 1994 жылдан бас­тап еліміздің көптеген аймақтарындағы мектептерде жүргізіліп, бүгінде 10 пән осы жүйемен оқытылып келеді. 

«Қазіргі таңда жасыратыны жоқ, бала­лардың сөйлеу дағдысы төмендеп барады. Оның себептері де әртүрлі. Соның бірі – қазіргі өскелең ұрпақ көркем әдебиет оқымайды, ата-аналар бұрынғыдай балаларына аңыз-әңгіме, ертегі айтып бе­ріп, жұмбақ жасырып, жаңылтпаш жат­татқызбайды. Ауыз әдебиетінің бетін де ашпайтын болдық. Осы олқылықтың орнын толтырар амал-тәсіл мен бағыт-бағдардың барлығын Алаш арыстары баяғыда-ақ айтып, тайға таңба басқандай көрсетіп кеткен. Біз ұсынып отырған «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы ұлттық білімнің мықты функциялық іргетасын қалап берген осы бағытпен үндес, тамырлас», дейді технология авторы. Пәндік материалдарды оқушының жас ерекшелігін ескере отырып, ғылыми негізде меңгертуді мақсат етіп алған бұл технологияның басты ерекшелігі де осында – оқу материалын меңгерудің жүйелілігі мен бірізділігінде.

Үш тілдің үндестігі жаңғырып, өс­ке­лең ұрпақтың ұлттық танымын қалып­тастыруды алдыңғы қатарға қойған тех­нологияның ұтар тұсы – төл тәсілдің Алаш арыстарының білім берудегі әдіс­терімен сабақтастығында жатыр. Қазақ тілі мен әдебиеті ғана емес, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, математика, жа­ратылыстану, биология, география, химия, физика пәндерінің негізін, нәрі мен сөлін балаға сатылай кешенді талдау арқылы сіңіру, сол арқылы олардың функциялық сауаттылығын арттыру да бұл амалдың артықшылығын тағы бір рет айғақтап береді.

Алаш зиялыларының еңбектерін біріктіретін бір қағида бар. Ол – кез келген тілде сөз құрау үшін бала ең алдымен туған тілін жетік білуі керек, ана тілінің табиғатын танып, нәріне қанық болып өсуі қажет деген ереже. Аталған технология бойынша бес жыл ішінде Астанада ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында бірқатар семинар, форум, дөңгелек үстел мен ашық сабақтар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, «Сатылай кешенді оқы­ту» технологиясының тиімділігін арттырып, тәжірибе алаңын кеңейтуді көздеген республикалық дәстүрлі мұғалімдер форумы, «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты республикалық ауызша командалық олимпиада, «Зерделі, зерек болашақ» атты интеллектуалдық ойын мен төл тәсілді шамшырақ етіп алған «Нұрлы білім» ұлттық-интеллектуалдық, рухани-танымдық клубы тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.

 «Үш­тұғырлы тіл» бағдарламасын іске асыру барысында біз тәжірибелік алаңда 1-3-сыныптарда ана тілін тереңдетіп оқытуға ерекше мән берсек, 4-сыныпта орыс тілін, 5-сыныпта ағылшын тілін осы технология арқылы жүргізіп келеміз. Бұл сөзімізге үш тілде сөйлеу дағдысын сауатты меңгеріп, өз ойларын еркін жеткізе алатын оқушыларымыздың білімі дәлел бола алады», дейді Нұрша Алжанбайқызы. «Елімізде қазақтілді мектептер бар. Бірақ бізге ана тіліміз арқылы жас ұрпағымыздың рухани-танымдық көкжиегін кеңейтіп, білімді, зиялы, ұлттық салт-дәстүріміздің қадір-қасиетін бағалайтын, бүгінгі қоғамның талаптарына толық жауап бере алатын биік тұлғалы азаматтар тәрбиелеп шығаратын, ұлттың іргетасын қалап берер ұлттық мектеп қажет. Сондықтан да болашақта ұлттық мектептің моделін жасауды мықтап қолға алу керек», дегенді жиі айтатын технология авторының басты арман-мақсаты – елорда төрінде ұлттық мектеп ашу.

Заманауи білім беру жүйесімен үйлес­тірілген бұл технологияны тәжі­рибеге енгізу жолында 200-ге жуық ғылыми-әдістемелік еңбек пен ғылыми мақала жариялап, аудан-ауыл мектептеріне ғылыми жетекшілік жасап жүрген ғалымның бастамасымен соңғы жылдары ата-аналар арасында «Алаш тағылымы – отбасында», «Үш тіл білу – азаматтық борышым» тақырыптары аясында марафондар өткізіп, «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» атты сахналық дөңгелек үстел де ұйымдастырылып жүр. 

2005-2009 жылдар аралығында Жам­был облысының Т.Рысқұлов ауданында Нұрша Алжанбайқызының жасаған ғылыми жетекшілігі де жеміссіз емес. Сол кездерде ауданның 2 мыңға жуық мұ­ға­лімі 21 технологиямен жұмыс істеді. Жыл соңындағы нәтижені талдау кезінде «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы рейтинг бойынша 1-орында болды. Тәжірибелік алаңда жекелеген пәндерден білім сапасы артса, технологияны жетік меңгерген оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары ұпай алуға мүмкіндік алды. Аудан мұғалімдерінің шығармашылық әлеуеті артты. Міне, табанды еңбектің нәтиже тұғыры осылайша жыл санап биіктеп келеді. 

Ғалымның басты ұстанымы – Алаш зиялыларының этнопедагогикалық ой-­тұжырымдарын іске асыру. Нұрша Ора­захынова «Алдыма келген елу оқушының ең құрығанда екеуінің бойына ұлтына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді оята алсам, тәжірибе алмасуға келген жас мұғалімге Алаш ағартушыларының тәрбие, білім беру саласындағы тағылымын сана-түйсіктеріне жеткізе білсем еңбегімнің зая кетпегені», дейді.

Есенкүл МҰХТАРҚЫЗЫ,
еңбек ардагері