Технология • 08 Қараша, 2017

UIB президенті Дархан Ахмед-Заки: Біздің келешегіміз – цифрлы экономика

574 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Жоғары білім алу адам өмірінің дамуында аса маңызды міндеттердің бірі. Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамуы, адамдар көзқарасының заман талабына сай өзгере бастағаны білім беру инновациясын жетілдіре түсу үдерісін тіпті тездете түскендей. Жоғары оқу орындарында жаңаша білім беру, жаңа мамандықтар игеру, экономика мен бизнеске қажетті терең құрылымдық түрлендіру қажеттігі туындаған сонау тәуелсіздік алған жылдарда UIB – Халықаралық бизнес университеті де білім теңізіне өз қайығын салған еді. Содан бері 25 жыл уақыт өтіпті. Қазақстан экономикасының жаңа кеңістігі үшін жаңа пішінмен жұмысын бастаған  жоғары оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы UIB президенті Дархан Жұмаханұлы Ахмед-Заки әңгімелейді.

UIB президенті Дархан Ахмед-Заки: Біздің келешегіміз – цифрлы экономика

– Дархан Жұмаханұлы, жыл өткен сайын жаңа мамандықтар пайда болуда. Ол түлектерден жаңаша білім алуды талап етеді. Сіз басқарып отырған UIB – Халықаралық бизнес университеті 25 жылда білім нарығындағы сұранысқа сай жаңа мамандықтардың ордасы болып қалыптасты ма?

– Қоғамда жоғары оқу орындарының алар орны ерекше. Әр университет өз үлесін қоғамға керек маңызды ғылыми жұмыс жасаумен бірге жас ұрпаққа жаңаша білім беру арқылы қоса алады. Дәл осы бағытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та әрдайым университеттерге «инновациялық экономиканы құруға белсенді қатысып, әлем деңгейінде бәсекелестікті арттыру қажет» деп талап қояды. Бәсекелестіктің биік үлгісі орныға бастаған жоғары оқу орындары арасында және жалпы қоғам ішінде Халықаралық бизнес университеті экономиканың көп салаларында көшбасшы болуға және бизнесті басқаруға қабілетті, жоғары білімді, білікті мамандарды даярлауда елеулі тәжірибесі бар оқу орны ретінде беделі толықтай қалыптасты деп ойлаймын.

Баласы мектеп бітіретін кезде кез келген ата-ананың алдында «Балам кім болады?», «Ол қандай жоғары оқу орнын таңдайды?» және «Ол қандай маман болып шығады?» деген басты сұрақ туындайды. Осы орайда білім нарығында өз қызметімізді ұсынып отырған университет болғандықтан 25 жыл ішінде қалыптасқан жақсы дәстүрлерімізді атап өтсек, артықты­ғы болмас. Экономика, бизнесті жүзе­ге асыру, кәсіпкерлік іс, ақпарат­тық жүйе, заңгер секілді мамандықтар­ды меңгергісі келетін жас талап­керге келешекте қандай терең­детіл­ген білім керек, осы төңіректе ғылы­ми ізденістер жүргізе ме, әлде тек тәжірибелік біліммен шектеле ме, ата-ана мен түлек үшін таңдау еркі зор. Экономика саласында білім алуда жүйелі түрде шешілмей келе жатқан ең басты екі мәселе бар. Оның біріншісі, экономика-қаржы мамандары міндетті түрде іргелі білімге сүйенбей, ілкімді істің бастаушысы да, қозғаушысы да бола алмайды.

Математикалық немесе әлеуметтік-экономикалық модельдердің болжамы ретінде дұрыс ақпараттарды пайдаланып, келешекте өзі үшін қандай да бір ше­шім қабылдаушы жүйе қалыптастыру керек. Экономикаға қажетті терең құрылымдық түрлендірулерді жүзеге асыру үшін бұрынғы қалыптасқан тәжірибе бүгінгі күн талабына жауап бере алмауы мүмкін. Себебі біз соңғы уақытта тек тәжірибелік үлгі­дегі білімге көбірек сүйеніп кеттік. Сон­­дықтан да экономика саласындағы мамандар міндетті түрде іргелі білімге ие болуы керек. Теориялық тұрғыдан дәлелденген басты экономикалық заңдарды ешкім жоққа шығара алмайды ғой. Сонымен қатар заман өзгеріп жатыр, жаңа технологиялар келіп, жаңаша экономикалық қарым-қатынастар орныға бастады. Сондықтан да іргелі білімге қосым­ша күрделі талдау барысында жаңа әртүрлі экономикалық әдіс-тәсіл­дерді қолданатын білікті мамандарды нарық талап етеді. 

Екінші бағыт, біздің келешегіміз – цифрлы экономика. Технология­лық үрдістің әр қиырынан келіп түсіп жатқан ақпаратты дер кезінде саралап, соған сәйкес олқылығы мен тәуекел­дерді жедел анықтап, оңтай­ландыру жолына бағыттайтын ақпараттық технологиялардың басымдығы керек. Осыған орай Халықаралық бизнес университеті келешектегі мұратын цифрлы экономикамен тығыз бай­ланыстырып, жаңа бизнес модель­дер­ді табысты енгізе алатын, лайықты бәсекеге түсе алатын осы саланың білікті мамандарын даярлауды жөн көріп отыр. 

– «Неге?» деген сұрақ туады. Эко­номиканың дамуына, қызмет көрсету сапасын арттыруға септігі тигенімен, кешеуілдеп келіп жатқандықтан кемшіліктің түбі­рін алғашқы болып түзеуге ден қойғандарыңыз ба?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы әртараптандырып, оны жаңа рельске қою үшін де тауар өн­діру­ші зауыттардың барлығын аз уақыт­тың ішінде сапалық өсімге мүм­кін­дік беретін жаңа технологияға өту барысындағы оңтайландыру  туралы жиі айтады. Ал мұны кім жүзеге асырады? Мұны тек экономикалық тұрғыда немесе тек инженерлік бағытта, не тек менеджерлік тұрғыда ғана емес, осы кешенді бағыттың бәрін бір мақсатқа бағындырып, үйлестіре алатын жаңа буыннан жетіліп өскен білімді маман ғана жасай алады. Мысалы, баршаға мәлім, Toyota, Siemens, BMW секілді әлемнің алпауыт компаниялары тауа­рын жыл сайын түрлендіріп отырады.

Өз өндірісін қысқа мерзім ішінде өзгерте алады және жаңа идеяны менеджерлік идеологияға сәйкес жедел түрде өндіріске енгізу жолын таба­ды. Олар әлемнің көшбасшы ел­дерінде келешекке бағытталып қабыл­данған бағдарламаларға сәйкес өз өн­дірісін цифрлы платформаға көшіру үстінде:  Индустрия 4.0 (Германияда), Өндірістік Интернет (АҚШ-та) және Интернет + (Қытайда).  Жасыраты­н­ы жоқ, біздің елімізде жаңа иннова­ция­лық идея пайда болса да, оны өндіріс­ке дейін апарудың жолы қиынға соға­ды. Өндірістегі осы мәселелерді шеше білетін әмбебап мамандарды даярлау үшін біздің университет өз оқу бағдарламаларын түрлендіріп қоғамға ұсынып отыр. Сонымен қатар біз білім беру тәсілдерін де жетілдіру үстіндеміз. 

Бүгінгі тұтынушы мен тауар өндірушінің арасында қарым-қаты­настың жаңа түрлері қалыпта­сып келеді, ол электронды-коммерция және жасанды интеллект әдістері ар­қылы үлкен көлемді мәліметтерді өңдеу деңгейімен байланысты болып тұр. Бүгінде онлайн сауда-саттық көшбасшылары Alibaba, Amazon және eBay секілді алпауыт компаниялар өз саудасын әлдеқашан интернет желісінде электронды түрде жүргізеді. Ал мұндай бизнес модельдерді бізге кім үйретеді? Жаңа цифрлы сауда-саттық қарым-қатынасты сараптап, тауарды жеткізудің логис­тикасын және электронды маркетинг жүйесін те­рең білетін мамандарды кім әзірлей­ді?

Қазақстандағы санаулы онлайн дүкен­дер жұмыс барысында тек қана қарапайым бизнес-модельдерге ғана жүгінеді. Экономикалық сараптамасын жасап, соған сәйкес әлеуметтік желіде немесе онлайн платформада өндіруші өз тауарын лайықты бағаға сату үшін өзінің маркетингтік жобасын дұрыс жүзеге асыра ала ма? Амал не, бұл бағытта да біздің елімізде білікті мамандардың жоқ екенін мойындауға тура келеді. Осы салада терең зерттеу­лер жүргізіп, мамандарды даярлау жүйесін құру – ол заман талабы. Біздің мақсат – жаңа бағдарламалар негізінде сол е-commerce және smart технологиялар саласына қажетті заманауи құзыреттіліктерге ие болатын мамандар даярлау.

Үкімет ұсынып отырған «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламасына сәй­кес, онда атап көрсетілген алдыңғы қатарлы 7-8 өндірістік бағыттарға ақпараттық технологияларды енгізу арқылы өнімді арттыру жолдары көзделіп отыр. Мұнда да цифрландыру арқылы өндірісті жоғары өнімділікке жеткізуді бағалап, саралау үшін де жаңаша көзқарас және білім талап етіледі.

Жаңа үлгімен қалыптасқан, ғылымның жетістігін өнімді арттыруға бағыттай отырып, оның экономика­лық тиімділікке қол жеткізуді көздеген өндірістік мекемелер де аз. Меніңше, бизнес өкілдері мен университеттер бірігіп жұмыс істеуі керек. Мысалы, қазір біздің ұжым цифрлы экономика негізін қалыптастырудағы интеллектуалды «логистика – агломерация» ақпараттық жүйесін құру барысында Big Data және Smart city бағыттарында кешенді зерттеулер жүргізеді. Компанияларды серіктес болу­ға шақырамыз.

– Сіздің оқу орнының басқаларға қарағанда артықшылығы неде?

– Ең басты ерекшелік біздің оқу бағдарламаларымыздың мазмұнын­д­а дер едім. Әрине бүгінгі жоғары бі­лім тұрғысынан қарасақ, университет­ті таңдайтын кезде түлектер де, оның ата-аналары да таза тұтынушы­лық көзқарас тұрғысынан қарайды, білім беру базасына қарай емес, оның бұрыннан қалыптасқан абырой-беде­ліне сәйкес таңдау жасайды. Өкі­нішке қарай кейбір үлкен универ­ситеттердің өздері де жаңа заман талабына жауап беретін мамандар даярлап отыр деп нық сеніммен айта алмаймыз. Нарыққа маманданды­рыл­ған, кәсіппен ұштастырылған білім­ді санаулы университеттің ғана береті­нін айта кеткеніміз абзал болар. Сапалы маманды әмбебап ұстаздар дайындайды. Қазіргі таңда жылдан жылға студенттер саны көбейгенімен, жоғары білікті оқытушылар саны күрт ұлғайып жатқан жоқ. Оның ең бірін­ші себебі, кеңестік кездегідей аспирант­тар саны көп емес, бүгінгі магистратура мен PhD орындар саны шектеулі.

Екіншіден, өндірістен ғана келіп сабақ беретін ұстаз түбегейлі іргелі білім бере алмауы мүмкін, ол үшін ғылыми жұмыс жасау қажет. Мысалы, Қазақстанда құқық мамандықтары бойынша жыл сайын бітіріп жатқан шамамен 10 мың адамның тек 20-30 пайызы ғана өз мамандығымен бірінші жылы жұмысқа орналаса алады екен. Ал қалған заңгерлер қай жерге жұмысқа барады? Оларды нарыққа қалай бейімдейміз? Олардың көпшілігінің алған білімдері белгілі бағытта шаблондық тұрғыдан құрыл­ған білім. Мысалы, электронды коммерция саласындағы бизнеске қызмет көрсете алатын қанша заңгер бар? Әлем­дегі дамыған мемлекеттерде ин­ку­батордан шыққандай бірдей да­йын­­далатын бизнес мамандарын әлде­қашан мансұқ еткен,  ол елдерде күн сайын 100-ден астам жаңа тұрпат­тағы бизнес пайда болады. Яғни жаңа бизнеске жаңа жүйемен пәнаралық білім алған маман керек. 

– Ал бұған қалай қол жеткізуге болады?

– Алдымен сол заманауи жаңа білімге қол жеткізу үшін немесе шет тілінен керекті ақпаратты аударып оқу үрдісіне енгізу немесе отандық университеттерде тікелей ағылшын тілінде үйрету қажет. Екіншіден, эко­но­мист + ақпараттық технология, қаржы + менеджмент, маркетинг + ақпараттық технология деген сияқты қос пәнаралық білім беру ісін жетілдіру керек. Әрине жаңа буындағы мамандарды даярлауда, ең алдымен осы жүйені түбегейлі түсініп, студентке үйрету үшін оқытушының біліктілігін арттыру  университеттердегі басты іс-шаралардың бірі. Келесі маңызды бағыт – ол университетте түрлі қызмет көрсету сапасын арттыру. Осыған орай UIB - Digital university, UIB - Academy және UIB – Consulting атты жобаларымыз жақында университет өміріне толығымен еніп, өз жемісін береді деп сенеміз.  

 – Білім беру мазмұнын жаңарту бүгінгі күннің басты талабы болып отыр ғой. Ал осы талапқа жауап беретін мамандар бар ма?

– Талапқа жауап беретін мамандарды табу өте қиын. Өйткені оқытушылардың басым бөлігі Кеңес Одағының жоспарлы экономикасының негізінде білім алып қалыптасқан немесе кеше ғана бизнес ашып, қысқа мерзім ішінде тәжірибе жинақтаған мамандар. Бүгінгі инновациялық экономиканы дамытуға осы екі топтың ғана әлеуеті жеткіліксіз болады. Яғни солармен қоса, жас ғалымдарды шетел тағылымдамасынан өткізіп, сапалы профессорлар және оқытушылар құрамын қалыптастыру қажет. Әлемдік мықты университеттердің ұсынған онлайн ашық курстары негізінде де отандық мамандардың біліктілігін арттыруға болады. Біздің университетте де осындай ұстаным бар.  Соңғы 25 жылда қалыптасқан білікті ұжым осы бағытта жұмыс істеп жатыр. 

– Ал сол жаңа ақпараттарды қа­был­­­дауға біздің ұстаздарымыз дайын ба? 

– Өкінішке қарай толығымен дайын емес. Неге? Ең бірінші себебі ағыл­шын тілін жетік білмеуінде. Өйткені ғылыми және тәжірибелік мамандандырылған жаңалық­тың көпшілігі ағылшын тілінде жарияланады.  

Алайда «тіл білмейді екен» деп Қазақстандағы ұстаздар бәрінен сырт қалып, тысқары тұра алмайды. Сол себепті біздің университетте ұстаздар мен студенттерге ағылшын тілін үйретуді қолға алдық, қосымша тұрақты мерзімде кәсіби тіл курстары өтеді. Университетте 30-дан астам ұстаз ағылшын тілін еркін меңгерген, олардың жасы 30 бен 50-дің арасында. Келер жылдары ағылшын тілінде дәріс беретін ұстаздардың санын 50 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Шетелдегі жоғары оқу орындарының ұстаздары да келіп сабақ беріп жүр. Университет басшылығында да шетел мамандары жұмыс істейді. Қазір біз жалпы 5-7 бағдарламаны толығымен ағылшынша оқытамыз. Екінші бас­ты мәселе – әлемдік бәсекелестікте лайықты орын алу үшін серіктес болатын мықты шетел университеттері­мен орнықты қарым-қатынас орнату. «Егер жетістікке жетемін десең, серіктесің де мықты болсын» деген ұстаным бизнесте де бар. Сол кезде оқу бағдарламаларының ішкі мазмұнын жүйелі түрде жаңартып, қос дипломды бағдарламаларды жүзеге асыруға болады. Бұл білім алатындар үшін тамаша мүмкіндік қой! Біз қазір осы жұмысты жоспарлы түрде жүзеге асырудамыз.

Біздің серіктестеріміз екі негізгі бағытқа бөлінген. Бірі Оңтүстік Корея, Қытай, Малайзия университеттері болса, екінші қанатымыз Еуропаға байланған: Франция, Польша және Англия университеттерімен байланысымыз нығайып, қос дипломды бағдарламалар ұсынып отырмыз. Бұл жерде, PhD докторанттарды, MBA және DBA білім алушыларды (кемінде бір модулін) сол университеттерде даярлап алудың да пайдасы зор болып отыр. Жалпы, шетелдік серіктестермен бірігіп ғылыми жұмыс жасау біздің ұстаздарға да үлкен абырой және сын. Әрине бұл қысқа мерзімді жұмыс емес.

– Олардың қойып отырған талаптары қандай?

– Академиялық тұрғыдан, ең әуелі «егер сіздер қос дипломды бағ­дарламаны жүзеге асырғыларыңыз келсе, сіздер белгілі жоғары сапа дең­гейін қамтамасыз етулеріңіз керек» дейді серіктестеріміз. Яғни магистрант 1-курсты біздің университетте оқып, 2-курсын шетелдің уни­вер­ситетінде жалғастыратын болса, біздің жақта берілген пәндердің сапасы серіктес университеттегі сападан кем болмау керек. Қазіргі күні төрт университетпен қос дипломды бағдарламамыз бар. 

– Осы серіктестікті ескере кел­генде, жалпы университетте  студент­тердің білім деңгейі қандай?

– Жылдан-жылға сапалы студенттік контингент қалыптасып келеді. ҰБТ нәтижесі бойынша және олимпиадаларда жоғары көрсеткіштері бар абитуриенттерге университеттің ішкі гранттары беріледі. Уақыттың талабы болғаннан кейін біздің университетте де ағылшын топтары ашылды. Биылғы үміткерлердің бестен бір бөлігі таза ағылшын тілінде білім аламын деп келгендер және олардың тіл білу деңгейі көңіл тоғайтарлық. Осы жылдан бастап біз магистратурада физика мен информатика мұғалімдерін ағылшын тілінде оқытып жатыр­мыз. Бұл бағдарлама үш бөліктен тұра­ды: мектептегі жаңартылған мазмұн­ды игеру, пәнді ағылшынша оқыту әдістемесін меңгеру (CLIL жүйесі) және коучинг-тренерлік қабілетті­лікті қалыптастыру. Соңғысы ұстазды оқушылардың алдында тұрып сабақ бергенде шешендік өнер негізінде қызықтыру, еліктіру, әрі қарай мектеп оқушысы өзінше ізденуіне жол ашу тәсілдерін үйрету болып табылады. Дәл осы жобаны педагогикалық бағыттағы қос шет тілі («ағылшын-қытай тілі») деген мамандыққа да қолдандық.

– Сіз басқарып отырған универ­ситеттің жоғары білім нарығынан орын алғанына 25 жыл болыпты. Бітіріп шыққан түлектеріңіз қоғам­нан өз орнын таба алды ма?

– Жалпы, 1992 жылдан бастап университетті 20 мыңға жуық түлек  бітіріп шықты. Олардың көпшілігі бүгінде еңбек нарығынан өз орнын тауып, әртүрлі сала бойынша еңбек етіп жүр. Арасында біршамасы өз ісін құрып бизнестерін жүргізуде, ал кейбірі білім мен біліктілігін көрсетіп мекемелерде жоғары лауазымдарда жұмыс істеуде, мысалы Дмитрий Каменев, Канат Бейсекеев, Ольга Спирина, Арман Конырбаев және т.б. 

Соңғы кезде бітіргеннен соң сол жылы жұмысқа орналасу жағынан біздің универcитет 70-75 пайызды көрсетіп тұр. Қалғандары оқуларын магистратурада жалғастырады. Бұл алдыңғы қатарлы университеттердің көрсеткіші. Бұл «жеткілікті ме», «аз ба, көп пе» деген сұраққа ешкім нақты жауап бере алмайды. 

Қоғамда ескіден келе жатқан «университет жұмыспен қамтамасыз етуі керек»  деген бір теріс пікір қалыптасқан. Бірде-бір өр­кениетті дамыған мемлекеттің уни­вер­ситеті өзіне ондай міндеттеме алмайды. Оларда жалпы көпшілігі әрі қарай білім алуды жалғастырады. Еуропалық тәжірибеден айтар болсам, дәл қазір оларда бакалавриаттан кейін магистратурға өтініш білдіретіндердің саны 60 пайыздың үстінде екен. Келешекте біздің еліміздегі университеттерді жылына 130-150 мыңдай түлек бітіретін болады.

Ал магистратураға 25-30 пайызы ғана түседі. Яғни бакалавриатты бітірген маман өз саласындағы білімінің келесі деңгейіне өтуді ғана емес, нарыққа қажетті, сәйкес қандай қосымша бағытты игере алады, мәселеге осы қырынан келгені дұрыс шығар. Университет студентті бір емес, екі немесе үш пәнаралық мамандыққа баулуды мақсат етіп қоюы керек. Ақпараттық технологияны бітірген студент экономика бағытындағы магистратураға түссе, екеуін ұштастыра отырып, ертеңгі күні өзіне ұнайтын лайықты жұмыс табу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Ал тек ақпараттық технологияны бакалавриат пен магистратураны ғана тәмамдаса, онда оқу бітіргенде де жұмыс табу қиынға соғады. Пәнаралық мамандықтардың керектісін оқыта отырып, жаңа қос траек­ториялы оқу бағдарламаларын ашу кез келген университеттің бәсекелестік қабілетін арттыра түседі (major-minor бағдарламасы).

Біздің университет осы бағыттың тиімділігін түсініп, оқыту үдерісіне жаңалық енгізе бас­тады. Бүгінгі күні экономика және құқық, бизнес және басқару, цифрлы маркетинг және ақпараттық технология, менеджмент және маркетинг секілді қос кәсіпке бағытталған оқу бағдарламаларын ұсынып отырмыз. Осы қос мамандықты игеріп шыққан маман жұмыс берушінің алдында туындауы мүмкін мәселесін кешенді шешуге келгенде қабілетті болады.

– Жалпы, отандық университет­теріміздің алдында келешекте тағы қандай белестер бар? 

– Менің ойымша, Қазақстанды озық 30 елдің қатарына сүйреп шығатын нақты екі өндірістік бағыт бар – ол ақпараттық технологиялар индустрия­сы мен білім беру саласы. Біріншісі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қарастырылса,  білім беру саласын да толығымен жеке индус­трия ретінде қалыптастыруға болады. Яғни, оның да үлкен экспорттық әлеуеті бар. Мысалы, АҚШ, Аустра­лия, Ұлыбритания, Германия  және Франция елдері әлемдегі білім беру қызметінің жылдық айналымынан 62 пайызын алып отыр, ол шамамен 50-70 млрд доллардан асады. Бұл дегеніміз, осы елдерде экспортқа бағытталған білім беру индустрия­сы қалыптасты деген сөз. Олар оқып жатқан шетел студенттеріне көпші­лікке бағытталған бәріне ортақ және біркелкі сападағы жоғары білім беру қызметін қамтамасыз ету үстінде. Іргедегі Қытай да, Ресей де осы әдіс­­ке көшті. Олар халықаралық сту­дент­­тер санын көбейте береді. Ал неге Қазақстанға осындай бағытты қабыл­дамасқа?

Халықаралық деңгейде шетел студенттерін оқытсақ, бізге ешкім тосқауыл бола алмасы анық. Ол үшін мемлекеттің де көмегі керек. Алдымен, жоғары оқу орындарына тиісті заң деңгейінде еркіндік берген дұрыс: академиялық, баскарушылық және қаржылық бағыттарда. Дәл осы кезде Мәжілісте университеттер авто­но­миясына байланысты жаңа заң жобасы қарастырылу үстінде. Нәти­ж­е­сінде осы заңнама негізінде отан­дық университеттер әлемдік бәсекелес­тікте белсенді биік орын алуда кең мүмкіншіліктерге ие болатындығына сенімдімін. 

Халықаралық бизнес университетін басқару қызметіне жаңадан тағайында­лып жатқаныммен, жаңа заман ұсынып отырған талаптарға сәйкес алдыма екі мақсат қойып отырмын. Ол, бірін­шіден, кез келген ата-ана өз баласын біздің университетте оқытқысы келсе, баласының болашақта заманауи маман болып шығатынына сенімділігін арттыру. Ал екіншісі, үмітпен келген балаға азамат, тұлға, маман болып қалыптасып білім алуына толық мүмкіндікті тарту ету. Бұрынғыдай адамның білімділігі ғана емес, сол алған білімін өмірде толық қолдана алуы маңызды болып отырған кезеңдегі басты міндет – бәсекеге қабілетті маман даярлау. Халықаралық бизнес университеті бұл мақсаттағы жұмысын ілкі сәт тоқтатпайды. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Назгүл Халықова