Сырлы әлемнің сырғалары
Таң атқанда жұлдыздар да біртіндеп жасырынады емес пе.
Олар Күнге саналы түрде бағынып, мойынсұнатынға ұқсайды. «Жарығы мен жылуын ғаламға мейірлене шашқан Күннің қасында біз сияқты бірде жанып, бірде сөнетін жұлдыздарға орын жоқ» дегендей кішіпейілділік танытатын көрінеді.
Содан жер бетіндегі тіршілік саябырсып, тынышталған уақытта шыға келіп, аппақ Аймен армансыз сырласады.
Жер қазығына арқандалғандай мұңлы, момақан Ай не айтады екен оларға? Бәлкім, адам туралы айтар. Адамның сонау жаратылысынан бастап, жасаған жақсылығы мен жамандығын тілге тиек етер. Абыл мен Қабылдың қақтығысынан бастап сыр ақтарар...
Жұлдыздар – ұялшақ.
Жұлдыздар – кішіпейіл.
Жұлдыздар – сырлы әлемнің құлағына ілінген сырғалары іспетті…
Дегенмен, осы ақ пейіл жұлдыздар Жерді дүр сілкіндіріп жатқан адамның зорлық-зомбылығы мен зұлымдығына қарамастан, ешуақытта жарық шашпай сөнген емес-ау. Бізге әманда амандық тілеп, үнемі үмітпен қарайтын сияқты.
Атқа қонған шабандоздай мына қарт Жерге мініп алып, құдіретті Күн нұрына шомылып жүргенін бірде сезініп, бірде сезінбейтін адам баласы осы қиянатын қашан қояр екен? Зұлымдығын қашан доғарар екен?
Жұлдыздар да бәріне куә! Жо-жоқ, олар ұйықтамайды. Олар түні бойы басын сәждеден көтермей, барша үмбетінің екі дүниедегі бақыты үшін көз жасын көлдей ғып төгіп, азаптана амандықты тілеген пайғамбар секілді Жер бетіндегі бейбіт өмірге бақ-береке тілейді. Қас қарайған сәтте өздерін тебіреніспен тамашалайтын Жер беті тұрғындарына қауышқаны үшін жалт-жұлт етіп қуанышқа кенеледі.
Баланың ойы
Қызым атақты Ш.Уәлиханов атындағы мектептің бастауыш сыныбында оқып жүргенде көк базардың тұсында тұрған үйімізге 28 панфиловшылар саябағы арқылы өтіп, көше бойын жағалап қайтатынбыз.
Сары жапырақтар саудырап төгіліп жатқан кез. Саябақтағы шіркеудің қасынан өте бергенімізде сабақтың жайын айтып келе жатқан қызым кенет:
– Папа, неге мына шіркеу қаланың орталығында салынған? Қараңызшы, әдемі саябақтың ішінде, ал біздің мешіттер қаланың сыртында… – деп сұрады.
Мен оның бұрын осылай салынғанын айтып, тарихтан біраз сыр шерттім. Жауабыма онша қанағаттанбаған қызым:
– Сонда мұсылман болғанымыз ұят па? – деп ендігі сұрақты тіпті төтесінен қойды.
– Жоқ. Қайта біздің мұсылман болмағанымыз ұят болады, – дедім.
Әйтсе де, әліпті таяқ деп үйреніп жүрген баланың кіршіксіз таза ойы мені терең ойға жетеледі…
«Е, Құдай-ай! Бұдан да бір қайыр бар шығар!» деп жұбаттым өзімді-өзім.
Бір қайыры бар
Баяғыда Африкадағы ұшы-қиырсыз сахараға билік жүргізген бiр әмiршi алмас кездiкпен алма аршып жеймiн деп, бiр саусағын байқамай кесiп алыпты. Сөйтiп оның қызметшілері бәйек болып, қолына киiз күйдiрiп басып, әбiгерге түсiп жатқанда бас уәзiрi әрі жақын досы: «Қапа болмаңыз, патшам, бұдан да бiр қайыр бар шығар», деген екен.
Мұны естiген әмiршiнiң көзi шақшиып, алмас кездiкке бiр, жерде жатқан саусаққа бiр қарап, қып-қызыл боп ашуланып кетедi де: «Ой, ақымақ, бұдан не қайыр болушы едi?! Сен менi мазақ етейiн деген екенсiң! Әй, жендеттер, әкетiңдер мынаны. Зынданға апарып тастаңдар!» – деп ашуланыпты.
Әмiршiнiң айтқанын жендеттері екі етпей, әп-сәтте орындайды. Бiрақ сәлден соң саусағының қаны тыйылып, ашуы басылған әмiршi: «Әй, әлгi пақыр зынданға түсiп бара жатқанда не дедi? Тәубасына келiп, кешiрiм сұрады ма?» – дейдi. Сонда жендеттер: «Жоқ, тақсыр. Бiз оны зынданға алып барғанда: «Бұдан да бiр қайыр бар шығар» деп, бiр ауыз сөз айтты да, өз еркiмен түсiп кете бердi», дептi. Ендi әмiршi басын шайқап: «Әй, ол расында да, ақылынан алжасқан екен. Бәлкiм, зынданда жатып, есiн жияр. Қайыр дегенді қайдан тапқан өзі?» – деп ойлайды.
Күндердiң бiр күнiнде ол қасына бiр топ нөкерлерiн ертiп, аң аулауға шығады. Қанжығаларын майлап, қызық қуып, сайран салып жүргенде, әлгi қалың орманды мекендейтiн бiр адам жегіш жабайы тайпа тұтқиылдан бас салып, аяқ-қолдарын байлап, тұтқынға алады.
Сөйтiп бiр-бiрден сойып, етiн қазанға салып аса бастайды. Кезек әмiршiге жеткенде жабайы тайпаның жендеттерi оның бiр саусағы жоқ екенiн көредi де, бастарын шайқап, «бұл болмайды» дегендей белгi жасайды. Сiрә, бiр мүшесi кем адамды олар жемейтiн болса керек. Содан соң әмiршiнiң қол-аяғын шешедi де, тұтқыннан босатып жiбереді.
Арып-ашып елiне келген әмiршi есiн жиып, саусағына қарап ойланып отырып: «Әлгi, досымды, бас уәзiрдi алып келiңдер!» – деп бұйырады. «Қап, әттең! Қателік менен кеткен екен», деп өкінеді. Ол келген соң басын иiп, құрмет көрсетiп, болған жайды түп-түгел баяндап бередi де: «Сен айтқандай, бұдан да бiр қайыр бар екен», деп кесiлген саусақтың орнын көрсетедi.
Содан соң әмiршiге тағы да бiр ой түсiп: «Бiрақ, сен өзiңдi зынданға салғанда да осы сөздi қайталаған көрiнесiң. Айтшы, одан не қайыр көрдiң?» – деп сұрайды. Сонда бас уәзiрi иiлiп, төмен қарап: «Тақсыр, сiз менi зынданға салмағаныңызда өзiңiзбен бiрге аң аулауға алып шығатын едiңiз. Әлгi пақырлармен бiрге мен де сол жабайыларға жем болар едiм», деген екен.
Елорданың шапағаты
Бұрынғы Таран ауылында жел тұрса жарық сөнеді. Жарық сөне қалса, сонау 90-шы жылдардың жарықсыз түндері еріксіз еске түсіп, сол бір қиын кезеңді бастан кешіп отырғандай боласың.
Ел-жұрттың еті үйренген. Бұтақ басындағы жапырақтың сыбдыры естілсе дайындыққа кіріседі. «Әттең, түрік телехикаясының жалғасын көре алмайтын болдық қой!» – деп сандарын соғады.
Астана күні мерекесінің қарсаңында ауылға барып қайтайық деп шештік. Бүкілхалықтық мейрам емес пе. Жолда кетіп барамыз. Алыстан ауылдың қарасы көрінді. Күнбатыс жақтан жел уілдей соға бастады. Демалысымыз демалыс болмайтын болды-ау, бүгін кешке тым-тырыс боп отыратын шығармыз деп ойладық.
Абырой болғанда, сол күні жойқын соққан желге қарамай жарық сөнген жоқ. Астана күніне арналған шетелдік әншілердің концертін көріп тамашаладық. Қысқасы, адам сияқты дем алдық.
Елордамыздың шапағаты сонау мыңнан астам шақырым жерге жеткенге қуандық…
Екі түрлі иілу
Әділ әкімнің иілгені – елге басын игені.
Әлсіз әкімнің иілгені – елден именгені.
Беу, қайырлы дүние!
Аңсатқан жұмақ
Өзіммен-өзім оңаша қалған сәттерде ішкі дүниеме, сан-алуан ойлар сапырылысып, сыңсып жатқан санама үңіліп қарағандай боламын…
Дүн-дүниенің додаға түсіп, түрлі мүдделер қайшыласып жатқан мына дәуірде «жұмағын» жоғалтқан жұмырбасты пенде сықылдымын.
Адамдық құндылықты арқау еткен Қожа Ахмет Ясауи іспетті бабамыз, хәкім Абай сынды данамыз жоқ арамызда.
«Кемелділік» қайда-а-а?!
Бұрын «кемелділік» деген күрделі ұғым Тәңіртаудың ұшар басындай көрінетін. Бұл ұғымның қазір мәні өзгерген, қалыбы ауысқан сияқты: Абай атамыз айтқан «толық адамы» мен кәдуілгі «семіз адамды» ажырату оңай болмай қалды-ау, бұ заманда...
Рухани өзегімнен алыстап, қасиетті жәннаттан қайтадан шығарылғандай хал кешемін. Өзгеден бұрын өзімді алдап, өз еркіммен «жәннаттан» ұзап шыққандай боламын. Басқа дүниені көру үшін. Алданған күйіме қарамай, өзімді алдап жұбатамын.
Қайдан келгенімді, қайда барарымды сезіп-білсем де, білмегендей сыңай танытатыным тағы бар. Бейуақтағы ұйқыдан ояна алмай жатқандаймын.
Жәннатқа бейім жаралған жан-жүйем қабығы қалың жаңғақтың ішіне тығылып, күндей жарық ақиқатты көре алмай, зұлмат қараңғылықтың тұтқынына айналған тәрізді.
Кім біледі, жұмағымды ұрлатып, жұмақтағы сұлулықтан ажырап қалған шығармын.
Інжілдік сарынмен жазған Джон Мильтонның «Жоғалған жұмағын» айтып отырғаным жоқ, әлбетте. Бабаларымыз бен даналарымыздың жүректе ұялатып, әлмисақтан аңсатқан жәннатты, жұмақты аңсатқан рухты айтамын.
Бар қайырдың басы осы емес пе?
Екі метр жер
Өзінен кейінгі ұрпақ Шер-аға деп құрметтейтін Шерхан Мұртаза атамыз: «Жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, «біз жиылсақ – көппіз, жайылсақ – жоқпыз», – деп жазады. – Құдайға шүкір, тағдыр елімізді шашыратпай, төрт құбыламыз түгел болып отырмыз».
Бірақ аз ғана қазақтың әлі де шалқар далаға сыймай, ұлтарақтай жерге жете алмай жүргені таңғалдырады. Сол аз қазақты жылатпай, алақанға салуға болмас па?! Сай-сайды сағалап, жыра-жылғаны жағалап қанша қазақтың баласы баспанасыз жүр.
Жеріміз кең де, жігеріміз кем.
Терезесі тең қазақтың керегесі кең еді ғой.
Әлде «түбі екі метр жер бұйырады ғой» дей ме екен?
Қайырсыз санаға құрбан болған басымыз-ай!
Қалың кітап
Түріктің белгілі қаламгері Хекимоғлы Ысмайыл өзінің ойтолғауында:
«Үйімде үлкен кітапхана бар. Мінеки, өзіме қарама-қарсы қалыңдығы кереқарыс заң саласына арналған кітап тұр. Бұл кітапта заң да бар, ереже де бар, түрлі түсініктеме де, ақыл-кеңес те бар...
Неге бұл кітап соншалықты қалың? Заң саласына қалыңдығы кереқарыс кітап керек пе? Елдегі жағдай бәрімізге белгілі...
Сөйтсем, елдің руханияты неғұрлым әлсіресе, көркем мінезінен ажырап мәдениетсіздікке бет бұрса, солғұрлым заң көбейе береді екен ғой», деп жазады.
Кітаптың қалыңдығынан қайыр іздейтін заман-ай!
Ақ сәлде
Ыстанбұлдағы байырғы заманның Топқапы сарай-мұражайында Жүсіп нәбидің ақ сәлдесі кіршіксіз таза күйінде сақталған.
Мұражайға барған сайын, пайғамбар киген сәлдені көрген сайын кеудеде ұялаған сенім қайта жанданады, қайта оянады...
Арды арқау еткен пайғамбар ақ сәлдесіне еш уақытта кір жуытпаған: «Уа Раббым! – деді (Жүсіп), мына зындан мені шақырған әйелдердің бұл істерінен әлдеқайда жақсы».
Неліктен?
Өйткені өз арын сақтамаған, намысын қорғамаған адам елдің ар-абыройын қалай қорғайды?
Ақ сәлдеге қонған қара шыбын еріксіз көзге түседі. Сәлде дегеніңіз – ғалымның ғазиздігі, адалдың адамгершілігі, тақуаның тазалығы емес пе?
Әсілі, сәлдеге кір жұқтыратын бастың өзі.
Шынтуайтында, сәлденің ақ түсті болуында да бір қайыр бар.
«Салқын Самал»
Алатау баурайындағы әсем шаһарымыздың «Самал» деген «салқын» жері бар. «Самалдың» қара ағашы да салқын сезіледі. Адамының да қарны тоқ болғанымен, қабағының жылуы жоқ.
Жалғасқан үнсіз өмір. «Баласыз үй – мазар» дегендей, аула тып-тыныш. Баяғыдай қауқылдасып жатқан қариялар көрінбейді. Бір-бірімен шүйіркелесіп тұрған көршілер көзге түспейді.
Кенеттен кездесіп қалатын бір-ақ жер бар – «лифт» деген. Сәлем алысып, хал-ахуал сұрасатын жер ғой. Әй қайдам, сәлем берген көршіге жалқау ерін жыбыр ете қалады да, ашылған есіктен асығыс шыға жөнеледі.
Даниэль Дефоның елсіз аралда өмір сүрген Робинзон Крузосы секілді өз тілінде сөйлеп түсінісе алатын жанды табу оңай емес бұл жерде.
Ғаламның ең «ғажап» жері осы:
Жеті шелпек таратсаң, жексұрынға айналасың.
Жеті көршіге сәлем берсең, жетім қайыршыдай көрінесің.
Жеті қоян тапсаң да, қуанышыңа ортақтасар жан таппайсың.
Әлде «Қайраңы жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без...» дей ме екен?
Дауасы жоқ дерт
Ибн Синадан сұрапты:
– Дауасыз дерт бар ма бұл дүниеде?
Ғұлама хикмет сөзін жасырмай:
– Жақсылық жамандықтан қайыр тілесе дауасыз дертке айналады, – депті.
– Сонда не істеу керек?
– Білім мен өнерді қайыршыға айналдырмай, қамқорлықпен қарау керек. Өйткені қолдау таппаған елден, демеу көрмеген жерден білім де, өнер де безіп қашады.
Әдепсіздікпен алысамыз деп мәдениетсіздікке, сауатсыздықпен жұлысамыз деп надандыққа жол ашпасақ болғаны.
Әйтпесе, руханияты жоқ дүниеден не қайыр?
Мәлік ОТАРБАЕВ