Әдебиет • 09 Қараша, 2017

Дулат торы (әңгіме)

1465 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұдан жарты ғасыр бұрын бастау алған бұл әңгіме үнемі жанымда жаңғырып отырды. 

Дулат торы (әңгіме)

Қазақтың текті ұлдарының арасын жақсылыққа жалғастырған Дулат торы атанған тұлпар ат жайлы, Сәбден мен Ақса­қал­дың қазаққа тән жомарт­­ты­ғын, кісілігін елге баяндап беру маған міндет болды да тұр­­ды. Оны маған Камардін Бек­тұр­сынұлы айтып берген еді.

«Бөріжар» совхозының жа­йылымдық жерінде 1968 жылы 1-2 мамыр күндері найман Нәметай әкесіне ас берді. Бәйгесі, көкпары болды. 1 мамыр күні бәйгесі болды. Шәуіл­дірден үш ат қосылды. 

Бірінші орында Жақсылық­тың күрең аты, шабандозы – Есенхан. Екінші орында Жарылқаптың сұр аты, шабандозы – Керімбай. Үшінші орында Мақсұтханның боз аты келді. Аттар келгенде бірінші, екінші орын алған күрең мен сұрдың бапкері Жарылқап қарияның сәлдесі мойнында, екі көзінен ақ су, екі езуінен көк су (насыбай атқан ғой) ағып тұр. Міне, адам жанын билеп алған ат құдіреті. 

Бәйгеден кейінгі салым көк­парда Ақсақалдың көк аты мен бөгендік Қойшыбай шабандоз бір салды. 2 мамыр күнгі көкпарда көк атпен шәуілдір­лік Бекен шабандоз бір сал­ды. 4 мамыр күні Қарауылтөбе түбіндегі көкпарда Ақсақалдың көк аты мен бөгендік Қойшыбай шабандоз қатарынан екі рет салып, өкпесі күйіп, ат пышаққа ілінді. Аяушылықпен қараған көпшілікке Ақсақал: «Бір биенің қысыр қалғаны болар, адам аман болсын. Өздеріңіз келісіп, бөліп алыңыздар, адал бауыздалды ғой» деді. Осыны көріп, естіп тұрған Сәбден көкем: «Ей, жарқыным, менің үйім анау «Шұбарда», қасыңдағы жолдастарыңмен бүгін қонақ болыңдар, күтемін», деді.

Кешке Ақсақал бастаған шәуілдірліктер Сәбден көкем­нің үйіне келді. Олар: Қадыр, Жақсыбек, Байғозы, Сейілхан, Ақсақалдың өзі.

Ақсақал «Қазақты көр­гің келсе дәл осы деп, көрсетсе дүние­­ге ұялмайтын» деген­дей тұл­ға­­лы, сүйекті жігіт екен. Жа­сы қырықтар жобасында-ау шамасы.

Мал сойылып, дастарқан мәзірі түгел жасалып, таңды көрер көзбен атырып, ауыл-ай­мақпен тік тұрып күттік. 

Түнде дастарқан басындағы әңгімеде Сәбден көкем: «Қара­ғым, сені еліңе жаяу жібе­ре алмаймын» деді де, үйір­дегі атты таңертең ұстап әкелу­ге баласы Қамбарға тапсырма бер­ді. Соғыстан жалғыз аяқпен орал­ған Сәбден көкемнің сөзіне ел тоқтайды. Тарыққанға, жа­бық­қанға жәрдем береді, айт­қан сөзі бұзылмайды, елге сыйлы, беделді кісі еді. 

Таңғы ас-су ішіліп, ұлы сәске болған шақта, «ат келді, ат келді» дегенге үдере сыртқа шық­тық. Ұзындығы есік пен төр­дей, аса биік шоқтықты, құла­ғы тас төбесінде, сәуірде үйір­ге жіберіліп, ай толмай қайта ұсталған торы дөненнің көзі шатынап тұр екен. 

Атты көрген кезде Ақса­қал­дың іші жылып сала бер­гені реңінен байқалды. Ер салы­нып, қаумалап, аттың тізгі­нінен ұстап, қолтығынан демеп мінгізгенде, «қабырғалы, жоталы» торы дөненнің үсті Ақсақалдың тақымын толтыра керіп тұрды. 

«Құтты болсын!» айтыс­ты жұрт. Сәбден көкем үйірге түскен айғыр үйірін, туған жерін, әсіресе, көктемде ұмыт­пайды. Байлаудан босаса, қан­дай жағдайда да үйіріне жетеді. Сондықтан атты жүк ма­ши­насына салып, жолды бағ­дар­лат­пай алып кетуді ескертті. 

Солай болды да. 

Ақсақалдан арнайы шақыр­ту келген соң, Шәуілдірге 1968 жылғы маусымның басында он адам болып бардық. Бұл құрамда Сәбден көкем, көкем­нің әйелдері Тәжікүл, Ақкүміс, мен және анам Қатша, Тілеубек жиен, немере інісі Ілесбек, Ес­кендір қожаның анасы, Қам­бар шопыр болып барды. Әбжап­пар бала қиғылықпен ол да қосылды. 

Қамбардың үсті жабық жүк машинасын кісі отыруға жабдықтадық. Қалыңдата шөп салып, киіз төсеп, көрпешелер салдық. Көлігіміз жайлы болды. Сөйтіп Шәуілдірге, Отырар ауы­лына жолға шықтық. 

Ақсақал үйінің алдына үл­кен киіз үй тігілген. Ауыл аға­лары, ағайындары, достары, күтуші жігіттер: Ақсақал бастап Байғозы, Бескем­пір, Жақсы­бек, Кенжебек, Сейда­ха­н, Қасымбек, Жүсіп, Әбдірахым, Дүйсен, Әшірбай, Пер­не­бай, Алдабергендер бізді қарсы алды.

Біздің күтімімізде мін жоқ. Қағазымен тұрған ұсталмаған ыдыс-аяқ, көрпеше, жастық. Астың не түрі. Шәуілдірден басқа елден мұндай күтімді көр­ген емеспін. Ән салған жігіттер мен әйелдер «Шәуілдір аудан, Темірді-ай, Көтерші қалқа кеуілді-ай!» деп ән салады. Ақсақалдың әйелі Ұлбазар – керемет әнші. Бибігүл әндерін айна-қатесіз орындайды. Таң-тамаша қалдық. Айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтің ана­сы. Қайтар сәтте Байғозы киіт қойып, мінт атады. Бір түйе, үш жылқы, бір сиыр, бес өгізше, барлығы он деді. 

«Ақсақалға ат беріп, қыз бер­ген құдасындай қона күтіліп, киіт киіп, мінт мініп ағасы Байғозының, інісі Бес­кемпір­дің үйінде де болып, естен кет­пес­тей ризалық­пен қайттық-ау Шәуілдірден. Шәуілдір тік тұ­рып күтті бізді. Мұны қалай ұмы­тарсың?!» деді Камардін. 

Шымкентте бір кездескенде, Камардінге Дулат торыны Ақсақалдың Әбдақпен құда болып, үлкен ұлы Уайске қызын алып, Әбекеңе мінгіз­генін айттым. «Қазақтың осыншама ұлан-ғайыр жерге ие болуы­на жанын, қанын қиған – ат. Қазақтың бір-біріне бауыр болуына жұмсалған – ат. Қазақтың кісілігінің, адам­дығы­ның көрсеткіші болған – ат. Айналайын, айналайын» дегенде Камардіннің шәпекі бойы биіктеп, іріленіп кеткендей болды.
Шабандоз Айтуардың әңгімесі.

1970 жылғы 1 мамырда Аққұмда ағайынды Кеңесхан, Кемелхан ұлдарына сүндет той жасап, үлкен көкпар берді. Осы көкпарға Ақсақалдан келген Дулат торыны Әбдақ аға алып келді. Көрдік. Тұлғасында мін жоқ жануардың. Қалыңға еркін кіріп, тоқтаусыз шығады. Мисыз қашқыр екен. Осы­дан бастап Дулат торының тұрақ­ты шабандозы мен бол­дым. Үйірге де жіберіліп, Әбекең­нің жылқысының тұқымын жа­ңарт­ты. Дулат торының арқа­сында қандай жиын-тойға бар­сақ та, төрден орын алып жүрдік. 

Қазіргі кезде Сәбден де, Ақсақал да жарық дүниеден озған, алайда ұрпақтары бір-бірімен ағайын-туыс болып, пендеге тән жақсылығында да, жамандығында да қатысып отыр. Адамзаттың бақытты, баян­ды өмірі осы шығар.

Сабыр Оспанов,
 зейнеткер

Оңтүстік Қазақстан облысы, 
Түркістан қаласы

Соңғы жаңалықтар