Тәрбие • 09 Қараша, 2017

Патронаттық тәрбиедегі бала құқығы қандай?

1650 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Балалардың құқығы ересектермен бірдей қор­ғалады. Ал тағдыры тол­­­­ғандыратын бала­лар­дың заңды құқықтары елі­мізде қалай қорғалуда? Асыранды немесе па­тронаттық тәрбиедегі ба­лалардың құқы туралы не білеміз? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу мақсатында кәсіби заңгер Орымбек ТОЙКИНМЕН жолыққан едік.

Патронаттық тәрбиедегі бала құқығы қандай?

– Балалар үйінде тәр­бие­­леніп жүрген бала қорған­шылық немесе патронат тәр­бие­сіне көшкенде тұрғын үйге байланысты құқығы қалай болады? Айталық, қазір елімізде «Қолжетімді тұрғын үй-2020 бағдарламасы» жұмыс істеуде. Бұл бағдарлама бойынша асыранды балалардың тұрғын үй кезегіне тұрып, пәтер иесі болу мүмкіндігі заңда қалай қарастырылған?

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген «Па­т­ронат­тық тәрбие» жөніндегі ере­женің 22-бөлімінде былай жазылған: Егер балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бала қорғаншылық немесе патронат тәрбиесіне өтетін болса, оның алимент, зейнетақы жинау қо­рына түскен салымдары және ерікті зейнетақы қоры салымдарымен, яғни мирастық құқымен бірге, басқа да әлеуметтік өте­мелерімен қатар, тұрғын үй немесе тұрғын үйді пайдалану құқы бірге жалғасады. Ал баланың тұрғын үйі болмаса, онда ол Қазақстан Республикасының Тұрғын үй туралы заңнамасы негізінде тұрғын үй алу құқығына ие. Қазіргі таңда еліміздегі мемле­кеттік бағдарламалар бойынша көптеген осы санаттағы азаматтар арнайы жеңілдіктермен баспанаға қол жеткізуде.

– Кей жағдайда баласыз отбасы­лар өз туыстарынан ба­ла­ асырап алып жатады.­ Ата-анасы бар баланы туысқандар өзара келісіп асырап алудың заңға қайшылығы бар ма? 

– Иә, патронаттық тәрбие­ге Қорғаншылық және қамқор­шылық бөліміне тиісті болмаған баланы да асырап ала алады, бірақ бұл баланың қылмыстық іске байланыстылығына күдік бол­маған жағдайында іске асады. Тараптар өзара келісіп жат­са және азаматтардың өз ықтия­рымен жүзеге асатын болса, заң­ оған ешқандай шектеу қоймай­ды.

– Патронаттық тәрбиеге бе­ріл­ген балалардың басқа от­ба­сында қалай өмір сүріп жат­қанын негізінен қадағалап отыруға тиісті Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі ғой. Ал осындай отбасылардан шыққан балаларды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қол­дау көрсету мәселесі заңда қа­лай көрініс тапқан?

– Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылар) туралы кодексінің 101-бабына сәйкес асырап алған бала да жәрдемақы ата-анасының зейнетақы қорын­дағы салымдарымен бірге асыраушысын жоғалтқан жағдайға байланысты басқа да әлеуметтік төлемдері бар болса, оны асы­рап алғанда да баланың бұл құқықтары сақталады. Заңға қосымша осындай азаматтарды әлеуметтік-рухани тұрғы­дан қолдау мақсатында елі­мізде көптеген көмектер қарас­тырылған. Қамқорлық көрсету, көмек қолын созу сияқты игі­лікке бастайтын ізгі істерге заң талаптары шектеу қоймайды. Сондықтан ондай тағдырлы азаматтарды қолдау заңға да, арға да сай келетін әрекеттер санатында.

– Бала асырап алуға кімдер құқылы және ол үшін қандай құжаттар қажет?

– Неке және отбасы туралы ко­дексте қорғансыз қалған балаларды асырап алу мен оның басқа да формалары анық жазылған. Мәселен, кәмелет жасқа толған, жұмысқа қабілетті, тұрақты табысы, баспанасы, азаматтығы бар, дәстүрлі жыныстық бағыт­та­ғы, сотталмаған, белгілі дерті жоқ, ата-аналық құқығынан айы­рылмаған, наркологиялық және неврологиялық диспансерде тіркеуде тұрмаған азаматтар бала асырап алу құқығына ие. Бір айта кетерлік жайт, әйелінің қайтыс болуына немесе ата-аналық құ­қығынан айырылуына байланыс­ты үш жыл бойы баласын асырап отырған жағдайдағыдан басқа үйленбеген ер адамға асы­рап алуға бала берілмейді. Со­нымен қатар ресми некеге отырмаған ерлі-зайыптылар бала асырап алғылары келсе, отбасыларын ресми түрде тіркетулері қажет. Бала мен асырап алушы арасындағы жас айырмашылығы 16 жас болуы керек. Алайда, баланы өгей әкесі немесе шешесі асырауға ниет білдірсе, жас айырмашылығы есепке алынбайды. 

Ал қажетті құжаттар тізімі асырауға немесе қамқорлыққа, патронаттық тәрбиеге алу жә­не басқа жағдайлар бойынша әртүрлі. Алдымен баланы асырап алуға жазбаша өтініш (қамқорлыққа, патронаттық тәр­биеге алу және т.б.) жазады.­ Асырап алушының жеке куә­лі­гінің көшірмесі, отбасы жағ­дайы туралы анықтама, жақын туыстарының жазбаша келісімі, жал­пы табысының көлемі, ден­саулығы туралы, сонымен бірге психикалық және нар­кологиялық тәуелділіктің жоқ­тығын дәлелдейтін және сот­талмағандығы туралы анық­тамалар қажет болады. Сондай-ақ көршіңізден немесе үш до­сыңыздан ұсыныс хат пен жұмыс орныңыздан мінездеме сұралуы ықтимал.

– Асырап алғаннан кейін ол азаматтарға заң тағы да қан­­дай міндеттерді жүктейді?

 – Бұл жердегі ең негізгі талап бекітілген келісімшарттың орындалуы. Оған асырап алған баланы (балаларды) алған соң бірге тұруын қамтамасыз ету, баланы асырауға қажетті жағдай жасау, баланың денсаулығына физикалық, психикалық, рухани дамуына қолдау көрсету, баланың пікірімен санаса отырып оқу жүйесін таңдауда талдама жасау, патронаттық тәрбиені сақтау арқылы өзіне берілген баланың құжаттарымен қатар, қаражат және басқа мүліктерінің сақталуын қамтамасыз ету сияқты бірнеше міндеттемелер кіреді.

Әңгімелескен 
Арман ОКТЯБРЬ, 
«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ 
 

Соңғы жаңалықтар