10 Қараша, 2017

Дәрі қымбат, бәрі қымбат

532 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сылбыр көктем мен қара күз­де тұмау үдеп, ескі сырқат сыр­қырамай қоймайды. Емханаға барасың, жалтақтап дәрігерге жағ­дайыңды айтасың. Ол отыра қалып қағаз толтырады. Суырт­пақтап әңгімеге тартсаң, тек­сере келгендер жазғанына қарап ең­бегін бағалайтын көрінеді. Бұл бая­ғы құтыла алмай келе жатқан қа­ғазбастылықтың кесірі болса керек. Ол үшін дәрігерлерді кінәлау артық. Істен бұрын, қағазға сенген кез­де қағаздың рөлі жоғары болғаны ақи­қат. 

Дәрі қымбат, бәрі қымбат

Жалпы, денсаулық сақтау саласында қиындықтар әлі де баршылық. Ел болғалы бері найқалтатын, жай­қалтатын нарық талабына сай делінетін реформалардан көз ашпай келе жатқан екі сала бар. Оның біріншісі – білім, екіншісі – денсаулық. Сол реформалардың нәтижесі толық жемісін беруі өз алдына, қайта Елба­сынан бастап, қалың қауымның наразы­лығын туғызумен келеді. 

Мұғалімнің де, дәрігердің де ай­лығы шайлығына бірде жетсе, бірде жетпейді. Әсіресе, жас мамандардың жағдайы сын көтермейді. Дегенмен аз айлыққа қарамай, халыққа қызмет етіп, ұрпаққа білім беріп келе жатқан сол жандардың отаншылдық рухы мықты, тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі десек, жарасады. 

Жаны қиналып барғанда тегін делінетін медициналық мекемелердегі қызметкерлердің ақиқат сөзіне илан­басқа шараң жоқ. Кейбір мәселе бо­йын­­ша пікір білдірсең, ақ халатты аб­зал жандар төрт құбыласы түгел ақы­лы орталықтарға баруды ұсынады. Ондағы баға екінің бірінің қалтасына шақ келмейтіні белгілі. Сондайда салы суға кетіп, арзан дәрі мен халық емшілеріне жүгінетіндер қазір аз емес. Қымбатшылықты желеу еткендердің айтатыны – баяғы нарық талабы. Сатуға қойған заттарын қымбат бағамен алатынын алға тартады. 

Дәрінің қымбаттығы тәні ауырған жанның жүйкесін жұқартпай қоймайды. Бұл қалай деп айта алмайсың. Мәселен, дәрігер тізіп берген дәріні алу үшін дәріханаға 1000-2000 теңгемен бару қазір арманға айналды. Кейде 20-30 мың теңге де қажетіңді толық өтей алмай қалып жатады. Дәріхананың ішінде тиындарын санап тұрған қарт адамдар мен аз қамтылған отбасыларын жиі кездестіресің. 2015 жылмен салыстырғанда былтыр фарма­цевтикалық өнімдердің бағасы – 33 па­йы­зға, антибиотиктер – 34,4 па­йызға, витаминдік өнімдер – 27,3 пайыз­ға, жөтелге қарсы шәрбаттар 46,6 пайыз­ға артып кеткен. Ал 2017 жылдың ал­ғаш­қы 5 айында фармацевтикалық өнімдер – 9,8 пайызға, антибиотиктер – 8,1 пайызға, витаминдер – 4,9 пайызға, жөтелге қарсы шәрбаттар 12,4 пайызға қымбаттаған. Зейнетақы мен айлыққа қосылған үстемені осылар әп-сәтте қақшып түсері хақ. 
Ал соңғы қымбатшылық, тіпті шу асаудай жалына қол апартар емес. Өзіміз үлгі етіп жүрген, адам ден­саулығын алға оздырған дамыған елдерде дәрі-дәрмек үнемі бақылауда тұра­ды. Тиісті бақылаудың кейде олқы со­ғып жатуынан ең алдымен біздегі тұ­тынушы зардап шегіп отыр. Соған жеткізген кейбір лауазым иелерінің істі болуы сөзімізге дәйек. Бірақ дәрідегі қымбатшылықты жою қашан орындалары белгісіз секілді. 

Осы қымбатшылықтың бастау басында жанар-жағармай бағасының шарықтауы да тұр. Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары жөндеуге жабылады. Сөйтіп бензин бағасы өршіп шыға келеді. Бұл барлық саладағы бағаның өсуіне әкеледі. Аталған «үрдіс» жыл сайын қайталанумен келеді. Тиісті адамдардың сөзіне сенсең, бәрі арты­ғымен өндіріліп жатыр. Мұнай да, көмір де баршылық. Бірақ халыққа жет­кенше кез келгеннің қалтасы кө­термейтін қымбат бағаға «ие» болады. Жазатайым айтсаң, жазықты боласың. «Естімей отырсың ба, көрмей жүрсің бе бағаның шарықтағанын. Мен бұл жерде бекер тұрмын ба?!» деп көзін алартады. Оны қалай жазғырарсың.

Бір ғажабы, осындай дүрбелеңнің нәтижесінде бензин бағасы 15-20 тең­геге өсіп, сол күйі орнығып қала­тынды шығарды. Осы жылдың басында 135 теңгеге сатылған 1 литр бензин күз­де 150 теңгеден асты. Қазір 160-тан жо­ғары. 

Иә қазір дәрі де, бәрі де қымбат. Жеріміз байтақ болса да азық-түліктің», жеміс-жидектің, картоптың бағасы елімізде күн санап өсіп жатқаны айтудай айтылып жатыр. Отанымызда дәрі жасайтын 7000-ға таяу зат бар көрінеді, шөптердің түрі тіпті ұшан-теңіз. Өзімізде барды ұқсата алмай, өзгенің өніміне қып-қызыл ақша санап беріп, қымбатшылық қысымына түскеніміз кімді де болса ойландыруы керек. Басты құндылық – адам, одан тараған ұрпақ дейміз. Ендеше дәулетті елдің адамы қымбатшылықтың қыспағында қашанға дейін қала бермек?.. 

Сүлеймен  МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»