Білім • 10 Қараша, 2017

Тегін білім – тегеурінді қадам

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр Жолдауында әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға ерекше мән беріп келеді. Маңызды құжатта Мемлекет басшысы экономикалық кедергілерге қарамастан, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарды қолдауға бағытталған іс-шаралардың жалғасын табатындығын баса айтады. Аталмыш алғышарттардың негізінде Қарағандының Саран қаласында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары үшін тегін сабақтар жүргізіліп келеді. Сабақтарды «Zhas Project» бірлескен жоба негізінде Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыруда.

Тегін білім – тегеурінді қадам

«Созвездие талантов»­ бала­лар клубындағы ұзартылған топта әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасы­лар­­­дан­ шыққан балалар қа­зақ, орыс­ және ағылшын тіл­де­рін, дүниетану, математика­ пән­­дерін оқып, дене шы­нық­тырумен айналысады.

Осындай орталық ашу туралы бастаманы көтерген Абай Құнанбайұлы атындағы Саран гуманитарлық-техникалық кол­лед­жінің түлектері.

– Біз «Zhas Project» жобасы туралы естідік  және ол ата-аналары репетиторларға төлей алмайтын отбасылардың балалары үшін тегін курстар ашу үшін жақсы мүмкіндік деп шештік, – дейді осы орталықтың не­гі­зін қалаушылардың бірі Юлия Захарова. – Біз жоба жетек­ші­леріне бізге ғимарат беру мен­ қаржылай көмектесу туралы хат жолдадық. Олар келісті.

Балалармен жұмысты бастамас бұрын ұйымдастырушылар жоба аясында Астанада ұйым­дастырылған арнайы курс­тан өткен. Сондай-ақ оларға тәлім­гер белгіленген, ол қыздарға түр­лі мәселелер бойынша кеңес­ беріп, қиын жағдайларда кө­мек­теседі.

Бүгінде орталықта аз қам­тыл­ған отбасылардан 20 бала білім алуда.

– Біз мектептерде насихат жұмыстарын жүргіздік, әлеу­­меттік аз қамтылған және көп­балалы отбасылардан шық­­­қан оқушылардың тізімін алдық, – деп есіне түсірді Юлия За­харова. – Бастапқыда біразы бізге сенбеді, біздің қаржымыз жоқ деді, олар біз оқулар аяқ­талған соң ақы талап етеді деп ойлады. Алайда, уақыт өте келе бізге балаларын алып келе бас­тады, барлығы да тегін әрі шын екеніне көздері жетті. Қазір ондай сенімсіздік жоқ.
Жоба Саран қаласында биыл­­­­ғы жылдың шілде айында іс­­­­ке асырыла бастады. Егер де олар алты айда, яғни желтоқсан айына дейін өздерінің қажетті әрі пайдалы екенін дәлелдесе, онда ұйымдастырушыларға жұ­мыстарын жалғастыру мүм­кіндігі беріледі.

Жастар корпусын дамыту жобасы – бұл Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Білім және ғылым министр­лігінің бірлескен жобасы. Жо­ба­ның мақсаты – жастарды, әсі­ресе осал жастар тобын қо­ғам­­дастық өміріне және де қо­­ғамдастық игілігі үшін пайдалы қоғамдық қызметтерге тарту арқылы өмірлік қажетті тәжірибелерді дамыту.

Жоба сынақ түрінде төрт облыста жүзеге асырылып отыр. Павлодар, Қарағанды, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыс­тарында аталмыш орталықтар өз жұмыстарын жемісті атқа­рып жатыр деуге толық негіз бар.

Жобаға сай басымдық еш жер­де оқымайтын, жұмыс іс­те­мейтін жастарға, жұмыс жасай­тын, алайда әлеуметтік жағ­дайы төмен жастарға беріледі.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы