Әлем • 10 Қараша, 2017

Өзара әріптестіктің мол мүмкіндігі

225 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытай Халық Республикасының арнайы шақыруымен Бейжіңге барған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мыр­захметов осы елдегі әріптестерімен және ірі компаниялардың басшыларымен кездесті. Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестіктің өзекті мәсе­лелерін талқылап, бірлескен инвести­циялық жобаларды және органика мен ветеринарияны дамыту бойынша келіссөздер жүргізді.

Өзара әріптестіктің мол мүмкіндігі

Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай өзара ауыл шаруашылығы саласындағы байланысын нығайта түсуде. Бұл қос тараптың аталған сала бойынша әріптес­тікті одан әрі дамытуға деген оң талабын аңғартады.

Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзаxметовтің қытайлық әріптесі Хань Чанфумен кездесуінде белгілі болған­дай, енді екі ел агроғылым саласын ұштас­тыруға ерекше басымдық бермек. Қазақ­стандық әріптесінің бұл жөніндегі ұсы­ны­сын Қытай министрі құптап отыр. Көр­шіміздің осы бағыттағы озық технологиясын пайдалану бізге де тиімді. Келер жылы мәселені пысықтау үшін екі ел ғалымдарының кездесуі жоспарланды. 
Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясы департаментінің директоры Сюй Миннің айтуынша, екіжақты ынты­мақтастықты ілгерілету, әсіресе агро­ғылым саласындағы әріптестікті жандандыру екі елге де тиімді. 

Жалпы, Қытайда ауыл шаруашылығы коо­перациясы жақсы дамыған. Көршіміз бұл саладағы тәжірибесімен бөлісуге дайын. 

Бейжіңдегі жұмыс сапары барысында Асқар Мырзаxметов Сапаны қада­ғалау, инспекция және карантин жөніндегі мем­лекеттік комитеттің министрі Чжи Шупинмен де кездесті. Тараптар Қазақ­станнан Қытайға сатылатын жылқы етіне қойылатын карантиндік талаптардың хаттамасына қол қойды. Сонымен бірге қазақстандық агроөндірістік кешенге инвестиция тарту мен осы саладағы сауда-саттықты арттыру бойынша бірқатар келіссөз жүргізілді. 

Бұл туралы Қытай компанияcының басшысы Ли Хунсин: «Біз үшін кездесу жемісті аяқталды. 3 меморандум мен бір келісімшартқа қол қойдық. Алдағы уақытта қазақстандық әріптестерімізбен бірлесіп агробиржа құрмақпыз», дейді. 

Қытай тарапы инвестициялық және қаржылық қызметтерге жауапты болмақ. Теxникалық қолдау мен қызметкерлер да­йын­дауға Далянь биржасы көмек жа­сайды. Өйткені қазір Далянь ауыл шаруа­шылығы өнімдерін биржада сатуда әлемде алдыңғы орында.

Бұдан бөлек, екіжақты кездесу барысында қазақстандық диқандардың астығын алып елдің нарығына шығару мәселесі де сөз болды. Таяуда Қытайға 20 мың тонна бидай мен 2 мың тонна өсімдік майы жөнелтілмек. Шығыстағы көршіміз Қазақстандағы 2017-2024 жылдарға арналған ірі қара малын өсіру жобасына да 600 млн доллар инвестиция салуға келісіп отыр. Көрші елдің инвесторлары алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында құны 100 млн АҚШ долларын құрайтын агроиндустриалды кешен салмақ. Дәл осындай сомаға жоғары санатты бидайды терең өңдейтін кәсіпорынды іске қосу да жос­парда бар көрінеді.

Сонымен қатар осы сапар барысында қазақстандық және қытайлық компаниялар арасында сауда саласында және агроөнеркәсіптік кешенге инвестициялар тарту бойынша ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды. Атап айтар болсақ, олар: «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ мен «State Development and Investment Corporation» арасында Оңтүстік Қазақстан облысында Агроөнеркәсіп кешен салу туралы меморандум; «КазАгро» ҰБХ»АҚ және «Grand China Business Management Co.» компаниясы арасында бірінші клас­ты бидай өнімдерін өсіруді ұйымдастыру жобасын қаржыландыру бойынша меморандум; «Азық-түлік корпорациясы» АҚ мен Dalian Commodity Exchange арасында көтерме сауда орталықтарының желісін құру және тауар биржасын ұйымдас­тыру туралы меморандум; «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ мен «Grand China Business Management»LTD арасында 20 мың тонна бірінші класты би­дай­дың экспортына қатысты келісім; «Азық-түлік келісімшарт корпорация­сы» АҚ мен «Grand China Business Management» LTD арасында 2 мың тонна өсімдік майын экспорттау туралы келі­сім; 2018-2024 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны іске асыру туралы «Қазақстанның ет ассоциациясы» ҚҚ және CITIC Construction арасында қара мал мен сиыр еті өндірісі және экспорты үшін инфрақұрылым құру туралы келісім.

Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»