Әдебиет • 10 Қараша, 2017

Алғаусыз көңіл, аңқылдақ пейіл жырлары

646 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін шығармашылығы туралы аз-кем сөз еткелі отырған Нұрлан Қал­қа­ның өзіне тән ерекшелігі бар. Оның өлең­­дерін оқып, түсіне білген оқырман ең бірінші тап-таза сезім тамшыларынан жиналып, жүрегіне шүпілдеп толып тұрған мөлдірлікті байқайды.

Алғаусыз көңіл, аңқылдақ пейіл жырлары

Оның жақ­сылыққа, жайсаңдыққа жаны құштар. Өлең­ге шексіз ғашық. Поэзияның ең шарапатты өнер екенін, әрбір жүрекке шуақ ендіретін, шұғыла шашатын қасиеті бар екенін сезінеді. Әр туындысында мейі­рім мен сүйіспеншілік, қимастық сезімі қанаттаса жүреді. Қазақтың аса көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаев: «Поэзия – Жаратқан Иенің әманда жалғыздық торындағы пенделермен пейілдессін, пікірлессін деп әдейі жаратқан ақ қанат періштесі», – деп бағалаған. Менің­ше, Нұрлан осы қағиданы берік ұстана­ды. Нұрлан жасанды бояуға, жалт-жұлт жарқылдақ сөздерге құштар емес. Жаратылысы биязы болғасын жырлары да ұяң. Шы­ғар­малары өмірдің өзіндегі­дей таби­ғи. Өз болмысын қаз-қалпын­да өлең өр­негіне түсіруге бейім. Өмір­дің көлеңкелі жақтарынан гөрі күнгей­лі тұстарына көбірек ден қояды. Осы­ның әсерінен болу керек, алғаусыз көңіл, аңқылдақ пейіл Нұрлан өлеңдеріне әр беріп тұра­ды. Нені айтса да, нені жырласа да ағы­нан жарылады. Болмашыға қуанып, болым­сызға күйінеді. Әрине нағыз ақындыққа тән қасиет.

Ақын Нұрланның көкірегі кіршік­сіз сезімдердің тұнық бастауы іспетті. Сол кәусар сезімдер арнасынан асып, төгіліп те кетпейді немесе төмен тартып ортайып та қалмайды. Сондық­тан да болар ел мен жерге, ардақты аға­лары мен ізетті інілеріне, достарына деген ыстық ықыласы, таза ниеті көптеген өлең­дерінде көлеңкесіз қалпында көрі­ніс тауып, көңілге ұялайды. Қай өлеңін алып қарасақ та риясыз таза көңілдің, таңдай тұнық пейіл мен ыстық ықы­лас­тың иісі аңқып тұрады. Ол өзі жазған өлең­ді кестелеуге, тәтті немесе ащы сөз­дерді дестелеуге тіпті құштар емес, кері­сінше, өз ойын кібіртіксіз жет­кізу үшін әр адамның (оқырманның) жүре­гіне тым етене жақындап баратын қара­пайым, ұғымды әдістерді таңдап алатын сияқты. Нұрлан ақынның жүрегі тым нәзік. Желдің уілінен, жапырақтың дірілінен сыр ұққысы келеді. Әсіресе адамдарға деген сенімі, болашаққа деген үміті шексіз. Сол үміт, сол сенім ақын өлеңдеріне әр беріп тұрады. Өмір­дің де, адамдардың да бойынан иман­дылық пен адалдықты іздеген періш­те көңіл Нұрлан ақын лирикалық кейіпкерлерінің жағымды тұстарын жарқырата көрсетуге жанын салады.

Ақын былай толғанады:

Маған тым жат сырттай досты
 қаралау,
Тындырымды, кейде ісім шалалау.
Сүйте тұра тілін тауып пенденің,
Зор мақсатым – кісілікті бағалау.
Кішілігі кісілікпен ұласқан, алды-артын пайымдаған азамат-ақынның айтар сөзі бұл. Қалтқысыз пәк сезімнен туған тұжырым.

Нұрланның «Аққу-жүрек», «Отыз бесінші шілде», «Мизам шуақ» кітап­тарын оқып отырып, мен өзімнің жас­тық шағымды, орда бұзар отызымды, қамал бұзар қырық жасымды еске алып, артта қалған аяулы кезеңдермен, қыз білегін жастанған жұлдызды түндермен қауышқандай күй кештім. Ондағы махаббат жырлары шынайылығымен бау­рап алады. Махаббат тұрақтылығын, отбасының жарасымдылығын ту етіп ұстайды. Ақын ініміз өте балажан, балаларына арнаған өлеңдерінде де еміре­ніп, елжіреп тұрады. Махаббат боп маз­да­­­ған ақын азаматтық тақырыптарда да ер­­­кін құлаш сермейді. Қоғамдық-әлеумет­тік маңызы бар мәселелерді тілге тиек етеді. Сонымен қатар қиялына қанат біті­ріп, тал бойына талант берген, қиял­дап келіп, қия алмай аттанатын туған жеріне, ата-анасына арнаған жыр­лары­ның орны бөлек.

Иә, бозбала кезімізде демей-ақ қоя­йын, жігіттікке аяқ басқан шағымда өзіме-өзім «Осы мен кіммін?» деген сауалды көбірек қоятынмын. Жауабын таппай дал болатын сәттерім де аз емес еді. Неге олай болатынын осы Нұрланның «Мен кіммін?» деген өлеңінен оқып отырғандаймын. Бәрі мінезден екен ғой.

Жақсы ісім кейінгіге өнеге,
Жаман ісім тоқпақ болар төбеме.
Қанша жерден мінсіз болғым 
келгенмен,
Бұл мінезім дегеніме көне ме? – дейді Нұрлан. Рас-ау!

Мінсіз демекші, «ақынның өлеңі өзіне тартады» – деген сөздің жаны бар. Көркем бейнелерді көз емес, көңіл­­мен аңғаруға бейім Нұрланның шығар­маларында сабырмен тереңде тұнып ағатын, түбінде барып теңізге құятын арналы өзеннің ағысындай бір тамаша жылы ағысты көремін. 

Болат ҮСЕНБАЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты