Спорт • 10 Қараша, 2017

Азия чемпионаты: 1 алтын, 1 күміс, 4 қола

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Вьетнамның Хошимин қаласында өткен бокстан қыздар арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір аптаға созылған байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының боксшылары бір алтын, бір күміс және төрт қола медаль иеленді. 

 

Азия чемпионаты: 1 алтын, 1 күміс, 4 қола

Әр екі жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратын бокстан қыздар арасындағы сарықұрлық біріншілігінде құрама қоржынына жалғыз алтынды 64 килода сынға түскен Мадина Нұршаева салды. Ол финалда қытайлық боксшы Доу Данды жеңіп, Азия чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Айта кетейік, бұл Мадина Нұршаеваның карьерасындағы алғашқы алтын медалі. Ал 69 кило салмақ дәре­жесінде жұдырықтасқан Валентина Хальзова финалдық айқаста қытайлық Гу Хонгқа есе жіберіп, биылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.

Бокстан қыздар құрамасы­ның бас жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк  чемпионат алдында екі алтын аламыз деп айтқан болатын. Осы чемпионатта екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай өз алдына Азия чемпионы атануды мақсат етіп қойған еді. Өйт­кені бүгінде Назымның жүлде қоры­на Олимпиада мен Азия бірінші­лігі­нің алтыны жетіспей тұр. Алайда Қызайбайдың алтынға деген үмітін Солтүстік Корея өкілі Пенг Чол Ми сөндірді. Жартылай финалда Назым Қызайбай Чол Миге 2:3 есебімен есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты. 

Сондай-ақ Рио Олимпиада­сының қола жүлдегері атанған Дариға Шәкімованың да екі дүркін Азия чемпионы болу арманы орындалмады. Шәкімованың жолын жартылай финалда тағы бір қытайлық боксшы Ли Киань кесті. Екі жыл бұрын­ғы чемпионаттың финалында Дариға дәл осы боксшыны жеңіп, чемпион атанған еді. Сонымен қатар құрама қоржы­нын Мөлдір Базарқұлова (81 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) Азия чемпионатының қола жүлдесімен толықтырды. Күн­гей­баева қатарынан екінші рет Азия чемпионатының қола жүл­десін иеленгенін айта кетейік.
Қыздар құрамасының бас жат­тық­­тырушысы Вадим Присяж­нюк Вьетнам сапары алдын­да журналистерге берген сұх­батында елге екі алтын медальмен оралаты­нын айтқан еді. Осыдан екі жыл бұрын Қытайда өткен Азия чем­пио­­натында қыздарымыз  бір ал­тын, үш қола медаль жеңіп алған-ды.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар