Аймақтар • 10 Қараша, 2017

AFC промоутерлік компаниясы Қазақстанда ақылы онлайн-көрсетілімді дамытпақ

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

26 қараша күні Алматыда дүбірлі жекпе-жек кеші өтпек. Жаңадан ашылған AFC промоушені 12 мыңдық "Алматы Арена" спорт кешенінде әлемнің «сен тұр, мен атайын» деген білекті жігіттерінің басын қоспақ. 

AFC промоутерлік компаниясы Қазақстанда ақылы онлайн-көрсетілімді дамытпақ

АFC президенті Әділбек Тұрғынбаев аталмыш турнир аралас жекпе-жек спортына жаңа серпін алып келетінін жеткізді. Яғни, аталмыш тұжырым Қазақстанда ақылы онлайн-көрсетілімді дамытпақ. Осыған дейін, АFC промоутерлік компаниясы тәжірибе жүзінде 2017 жылдың 1 сәуірінде өткен «Алаш Айбары» халықаралық турнирін тегін онлайн жүйесінде көрсеткен еді. Қорытындысында жарысты 17 мың адам тікелей эфирде тамашалаған. Осы орайда, Әділбек Тұрғынбаев Қазақстанда PPV-ті (ақылы онлайн-көрсетілім) дамыту керектігін алға тартып отыр. Миллиондаған сомма кететініне қарамастан АFC промоутерлік компаниясы ресейдің белді тұжырымы  Fight Nights-пен бірігіп, халықаралық турнир өткізуді қолға алды. Шығынды екі промоушен бөліп алмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шығынның жарты бағасы 46 миллион теңгені құраған. Алдағы уақытта қалың көрермен осы және өзге сегізбұрыш бәсекелерін АFC cайты MMA.VISION.COM арқылы тікелей эфирде көре алады.

26 қарашада өтетін ауқымды кештің басты жекпе-жегінде Қуат "Найман" Хамитов ирландиядық Питер Куиллимен шеберлік байқасады. Ирландиялық майталман әлемдік рейтингте үздік он спортшының қатарына кіреді. Питер UFC жұлдызы Конор МакГрегордың спарринг-серіктесі. «Найман» лақап атына ие Қуат Хамитов өзінің жарқын әрі табысты жекпе-жектерімен көпшілікке жақсы таныс. Сондай-ақ, турнир барысында QAZAQ 70 гран-приі өтеді. Гран приге 70 келі салмақта Мұрат Бақторазов, Мырза Еркінбек, Олжас Есқараев, Алтынбек Бақтыгельдинов, Артем Резников бастаған 12 спортшы сынға түседі. Осы кеште қалың жанкүйер Fight Nights нұсқасының чемпионы Георгий Кичигин мен Магомед Нуров және Жалғас Жұмағұлов пен Шадж Хэк арасындағы жекпе-жекті тамашалай алады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ