Тарих • 13 Қараша, 2017

Ту ұстап, тұлпар мінген тархан

991 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұшқан құстың қанаты талатын Ұлы даланы ақ бі­лектің күшімен, ақ най­заның ұшымен қор­ғаған бабалар ерлігі ұрпаққа ұран, ұлтқа ұлағат болып қалғаны тарихи ақи­қат. Ел үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, хал­қының қас жауына қас­қая қарсы тұрып, қол бас­таған Есет батырды қазақ жұрты қашанда естен шығарған емес. 

Ту ұстап, тұлпар мінген тархан

Ке­ше­гі кеңестік кезеңде кесе­несін көтеруге ынта біл­діргендерді жазалап, бейі­тін трактормен түріп тастағысы келсе де халық Есет батырдай асыл тұлға­сын естен шығармай, оны әулие тұтып, ардақ­тады. Ал, еліміз тәуел­сіз­дік алғаннан кейін ал­ғаш­қы­лардың қатарында Есет батырдың 325 жылдығы Ақтөбе топырағында ұлан-асыр тойланып, атап өтілді. Егемендіктің елең-алаңындағы өліара шақтың қиындығына қарамастан ақтөбеліктер 160 киіз үй тігіп, қо­нақ­тар­ды күтіп, бәйгеге үш жүз­ден астам жүйрік қосып, ба­луандар күрестіріп, баба рухын асқақтатып тастап еді.

Міне арада 25 жыл өт­кен соң, Есет батырдың 350 жылдығы облыста кеңінен мерекеленіп өтті. Осындай мерекелік шара­ның аясында Қ.Жұ­ба­нов атындағы Ақтө­бе мемлекеттік өңірлік уни­вер­ситетінің Студенттер сарайында «XVII және XVIII ғасырлардағы қа­зақ-жоңғар қақ­ты­ғыс­тарындағы халық батыр­ларының рөлі: қазақ бі­ре­гейлігінің қалып­тасуы» деген тақырыпта халық­аралық ғылми-тәжіри­белік конференция өт­кі­зілді. Бұл шараға зия­лы қауым, тарихшы ға­лым­дар, өлкетанушылар, зерттеушілер, музей ісінің маман­дары қа­тыс­ты. Конфе­ренция­ның мақ­саты XVII және XVIII ға­сырлардағы қазақ-жоңғар қатынасы барысындағы батырлардың рөлі және Есет батырдың қоғамдық-саяси қызметін саралау және қазіргі зерттелуінің нәтижелерін баяндау, жаңа мұрағаттық құ­жат­тарды ғылыми айналымға енгізу болып табылады. Тама Есет батыр қазақ хал­қының жоңғар-қал­мақ басқыншыларына қар­сы күресте есімі елге танылған дарабоз батыр­ларының бірі ғана емес, бірегейі деу орынды болмақ. Ол белгілі тарихи тұлға, кіші жүздің ханы, жоңғарларға тұңғыш рет күйрете соққы берген әскери қолбасшы Әбілқайырдың сенімді серігі болған.

Конференцияны қыс­қаша кіріспе сөз сөйлеп аш­қан облыс әкімінің орын­басары Ербол Нұр­ға­лиев ұрпағына ұран бол­ған ұлы тұлғаның өшпес ерлігі мен өмір жолы кейінгілерге өнеге екеніне тоқталды. Баба рухына бағытталған шаралардың бұған дейін де өткізілгенін тілге тиек ете келіп, Ел­ба­сының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласында туған өлкені тану­ды, тарихымызды тү­гел­деуді, ұлттың ұлы тұл­ғаларын кейінгі ұрпақ­қа ұлағат етуді алға қой­ғанын атап өтті.

– Елдің бірлігін ны­ғай­туда, сырт жаулардан қорғауда жан аямай күрескен, ұлты үшін ұлы істер істеген Есет батыр жоңғар-қалмақ шапқын­шы­ларына қарсы «Бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарып» тізе қосып күрескені тарихтан белгілі. Батырдың рухына бағышталған шаралар көп. Батырға деген құрмет мұнымен аяқталмайды, жалғаса береді, – деді бұдан әрі ол. 

Конференцияда сөз алған ҰҒА коррес­пон­дент-мүшесі, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының мең­ге­рушісі, тарих ғы­лым­дарының докторы Берекет Кәрібаев Тама Есет батыр және ХVIII ғасырдағы қазақ тари­хы мәселелері туралы тереңірек тоқталды. Ол қазақ хандығын екі кезеңге бөліп, түйінді ойларымен сабақтастырып, тарқата әңгімеледі. Ел басына күн туған аласапыран заманда қара халықтың қамын жеген қаһарман ұлдың бірі Есет батыр туралы ойын өрбітті. Сол кездегі қоғамдық жағдайды жан-жақты саралады.

Одан кейін сөз алған Есет батырды тарихи тұл­ға ретінде архивтік құжат­тармен тірілткен тарих ғылымдарының кандидаты Зәкіратдин Байдосов Есет батырдың ел басына күн туған қиын кезеңде Әбіл­қайыр ханның ақыл­шы досы, сенімді серігі болғанын жеткізді. 

Өз пікірін «Саяси күр­делі кезеңдерде хан Жә­нібекті, Бөкен­байды, Есетті жанынан тас­­та­ма­ған­дығы архивтік құжат­тармен дәлелденді» – дей келіп, ол Есет батырды тарихи тұлға ретінде ұр­паққа ұла­ғат­таудың алғаш рет қалай басталғанын әңгімеледі.

Ресей кәсіпкерлік ака­де­мия­сының бірінші про­ректоры Дмитрий Васи­льев XVIII ғасырдағы қа­зақ даласындағы хан­дық билік мәселе­леріне тоқталды. Қоста­най мем­лекеттік педаго­ги­калық институты «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Өтеген Исе­нов Есет батыр Кө­кі­ұлының ғұмырнамасына қатысты кейін табылған кей­бір деректерді әңгіме өзегіне айналдырды. Санкт-Петербург «Эконо­мика жоғары мектебі» ұлттық зерттеу уни­вер­ситетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Роман Почекаев XVIII ғасырдағы Ресей сая­хатшыларының де­рек­теріндегі Хиуа хан­дық билігінің қыр-сырын баяндады. Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­­ситетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғы­лым­дарының кандидаты Светлана Ковальская жаңа дәуірдегі қазақ қо­ғамының әлеуметтік құрылымының негізгі сипаттарына тоқталды.

М.Өтемісов атын­дағы Батыс Қазақ­стан мем­лекеттік универ­си­тетінің аға оқытушысы Жәнібек Исмурзин және Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Рашид Оразов Есет батыр туралы тың деректерді алға тартып, батырдың туған және өмірден озған жылдарында өзгерістер бар екенін мұрағаттық құжаттармен дәйектей келіп, оны ғы­лыми айналымға түсі­ру жайын әңгімеледі. Кон­фе­ренцияға қатысу­шы­лардың бірі, Есет батырдың ұрпағы Құ­дай­берген Оңғаров бізге өз пікірін былайша жеткізді:

– Мен Есет батырдың тоғызыншы ұрпағымын. Бабам қазақтың жерін қорғаған асыл тұлға, жауынгер жан. Біз бала күнімізден жадымызда тоқып өстік.

Тәуке хан – жоңғар қалмақтарына қарсы соғыстарда көрсеткен ерлігі үшін Кіші жүз қа­зақ­тарының Созақта тұрақ­тауына ризашылығын берген, біз солардың ұрпағымыз, Есет атаға осын­дай думанды-дүбірлі той жасап жатқан өңірдің басшылығына ризашылығымыз ерек.

Сондай-ақ өңірде Есет батырдың туғанына 350 жыл толуына орай халық батырына ескерткіш орнатылды.

Ұлы қолбасшыға арнал­ған монумент «Туған жерге тағзым» акция­сы аясында тұрғы­зылды. Жобаны жүзеге асыруға 32 миллион теңге бөлінген. Монументтің биіктігі 11,5 метр.

Жаңа ескерткіш об­лыс­тың басты мәдени және тарихи көрнекі жер­лерінің бірі – Есет батыр атындағы мемориалдық кешенінің бір бөлшегі іспеттес. Бүгінде ке­шен­нің құрамына батырды жерлеген жерде 1992 жылы салынған кесене, мұражай мен келушілерге қызмет көрсететін бір­қатар ғимараттар бар.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақсан»

АҚТӨБЕ