Тарих • 13 Қараша, 2017

Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойына орай туған ойлар

3762 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойына орай туған ойлар

Бірінші ой
Әлем таңғалған құбылыс

 Сіз әлі «Абайды» оқыған жоқсыз ба? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағансыз. Бұл – таңғажайып, бұл – керемет! 
Альфред Курелла

Көлеміне ұшқыр қиял болмаса көз жетпейтін көкала мұхит тебіренген бір сәттерде қуатты толқын алдында көпіршіген көбік толқындар жүгіріп өтпей ме? Шымыр шығарманың қан тамыры болып таралатын ой, сезім, сурет деген де сондай толқындар тәрізді емес пе? Алмас қылыш жүзіндей ақ қағазбен бетпе-бет келіп, ой мен сезім құшағында оңаша қалған суреткер көкірегінде жылдар бойы жаралап, көз алдына сан сурет болып көлбеңдеген сол бір сәтте бәрін ақыл мен талғам таразысына тарта алса қандай ғанибет! Әйтсе де, сондай тар жол, тайғақ кешуде тұңғиық, тылсым сырларды, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіндегі азапты арпалыстарын, шарпысқан сезімдерін, тұңғиық тылсым сырларды майдан қыл суырғандай суреттеу, әр шығар­ма, ол ол ма, әр кейіпкер сайын жаңалық ашу жазушы атаулы­ның бәріне бірдей қона бермей­тін бақ. Інжу-маржан тайызда емес, асау толқынын аспанға атқан теңіздің терең түбінде жатады. Сондай тұңғиыққа тұншықпай сүңги білген сұңғыла суреткер сөз өнеріндегі ірі көркемдік құбылысқа айналады. Кең тынысты, кемел ойлы кемең­гер Мұхтар Омарханұлы Әуезов дерт­пен тең сөз өнеріндегі әлем таңдай қаға тамсанып, таңғалған таңға­жайып құбылыс!
Мұхтар Әуезов әлем әдебиетіне үлкен олжа салды деу аз, ол оны жаңа биікке көтерді, көркемсөз бен көсемсөздің керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетті, мұхит ой­дың тереңінен жауһар жинап, адам­зат ақыл-ойының, парасат-пайы­мының көсегесін көгертті. 
Теккерей: «Романист көп білуі керек» десе, Бульвер: «Рома­нист философ болуы керек» депті. Ал Белинский «Тарихи роман­ның авторы жақсы тарихшы болу керек» деген талап қояды жазу­шыға. Мұх­тар Әуезовтің төрт кітап­тан тұратын «Абай жолы» эпопея­сы­ның әр кітабынан ғана емес, шы­ғар­маның өн бойынан мұндай тілек, талаптың үдесінен шыққан сан қырлы саңлақ талантты тану қиын емес. 
Ең бастысы, қазақ халқының жарты ғасырлық өмірі жан-жақты суреттеліп, Абай өмір сүрген уақыт пен қоғамның қайшы­лық­­тары табиғи зор талант­пен бедер­лі бейнеленіп, кейіпкерлердің жан дүниесіндегі қатпар-қатпар қал­тарыстар, терең ойлар, тебіренген сезімдер, шытырман оқиғалар шырмауындағы адам психологиясы, құбылыстар мен оқиғалар фонында Абай төңірегінде жарқырай көрініп, тұтас бір дәуірдің жанды картинасының жасалуында. Эпопеяда кейіпкерлер қатары қалың, оқиғалар да, эпизодтар да көп. Сол көптің бәрі шығарманың ұзақ сюжеттік желісімен жымы білінбей жымдасып, барлық оқиға бас кейіпкер – Абай образын ажарлы ашып, мінсіз мүсіндеп тұр.
Адам жанының ішкі иірімдерін, кейіпкердің көңіл-күйін, ішкі жан дүниесін, жүрек лүпілін тамыршыдай тап басып, анық та қанық суреттейтін Әуезов шеберлігі эпо­пеяның жібек жіппен тартылған алтын арқауы.
Абай мен Тоғжан алғаш кездескен сәттегі кейіпкер жанының тереңін суреттеген сәт қандай ға­жап! Сол шағын ғана көркем кө­рі­­ністе көп қырлы суреткер Әуезов­­тің екі қыры аңғарылып тұр. Оның бірі – жоғарыда айтыл­ған кейіп­кер­­дің жан дүниесін жар­қы­рата аш­­қан шеберлік, бірі – қысқа да қызу­­лы диалогтар, кейіп­кер­ле­рдің жүректен шығып, жүрек­ке жет­кен тіл қатысулар ар­қылы мін­сіз мү­сін­делген образ. Эпопея­ның: «Үш күндік жолдың бүгінгі, соң­ғы күніне шәкірт бала барын салды» деп басталған алғашқы та­рауын­да­­ғы Абай мен Қодарды өл­ті­ре­тін бө­лік­тегі Абай ойы, сезімі ке­йіп­­кер бей­не­сін сәтті сомдаудың үздік үлгісі.
Көркем шығарманың көркін кел­тіретін диалог, кейіпкер порт­реті, табиғат суреттері, көсем ой, көркем тіл жайлы айтсақ, көз ал­дыңа «Абай жолының» ақбас шың­дары асқақтап шыға келеді.
Кезінде Мұхтар Әуезов: «Үл­кен романсыз үлкен әдебиет жоқ» деп жазып еді. Кемеңгер Әуезов үлкен роман ғана жазып қойған жоқ, әдебиет әлеміндегі үлкен құбылыс болды!
Он бес жылға созылған жан­кешті еңбек пен аса сирек кездесетін құдіретті талант өз жемісін берді. 1956 жылы атақты роман-эпопея – «Абай жолы» аяқталып, ұлы Абай әлемді аралап кетті. Сол сәттен бастап Лев Толстойша характер тұңғиығына бойлау, Федор Достоевскийше ойлау, Михаил Шолоховша шарықтау, Николай Тихоновша тебірену, Александр Фадеевше қарыштау, Оноре де Бальзакша мүсіндеу, Стендальмен достасқан стилист болудың озық үлгісі және сол алыптардың көлең­кесінде қалып қоймай өз ойы, өз бойымен көрінген құдіретті талант деген пікірлерді жарыса жазды Луи Арагон, Бенжамин Матип, Константин Федин, Ғабит Мүсірепов, Андре Стиль, Альфред Курелла, Берді Кербабаев, Олесь Гончар, Шыңғыс Айтматов... сынды әлемге әйгілі сөз зергерлері.
Не айтатыны бар, Мұхтар Әуезов – әлем таңғалған таңға­жайып құбылыс!

Екінші ой
Ұлылық ұлағаты

 Ол ұлттық драма өнерінің өркендеуіне көп көмектесті. Мұндай энциклопедиялық тек уақыт рухына ғана емес, оның характеріне тән қасиет еді. 
Николай Тихонов

Ұлылықтың бір өлшемі – аспан. Бұл дүниеде одан биік, одан кең не бар?! Ұша білген қанатқа дүние кең дейтініміз де содан. Әйтсе де биікке аңсары ауған құштарлар қаншалық көп бол­са, сол биікке шырқап шық­қан қырандар сонша­лық аз. Ол заң­ды да. Биіктік талант­тар мен қанат­тылардың ғана меке­ні. Құр қызығу мен құрғақ құштар­лық құшағына сыймайды ол. Өмір­дің осы бір қатал, әділ заңы өнер­ге де тиесілі. Содан да болар, қалам­герлер көп болғанмен, қанаты талмас қыран тектес талант алтындай аз, жарқыраған жақұттай қат.
Өмірдегі сияқты, өнерде де оңай бақыт болмайды. Қымбаттың бәрі қиынға түседі. Жазушы жолы – шың мен шыңыраудың екі аралығында қиын асуға өрмелеген таудың тар жол, тайғақ кешуі тәрізді. Сондай қиын жол, қиян асуда қарсы алдыңнан адастырмас жұлдызың боп жанатын кемең­гердің бірі емес, бірегейі Мұхтар Әуезов! Ол алысты нұсқар, асқарға бастар жарық жұлдыз сияқты.
Сонау зеңгір аспанда жұлдыз­дар қаншалық көп болса, аты мен заты белгілі жарқыраған жарық жұлдыздар соншалық аз. Әде­биет әлеміндегі сондай жарық жұл­дыз Мұхтар Әуезов екенін еш­кім­нің ажарына қарамайтын қатал уақыттың өзі дәлелдеді. Бір ғана дәлел. Кеңестік кезде әлем әдебиетінің 200 томдығы жарыққа шықты. Он бес республиканың әдебиетшілері мен ғалымдарынан түзілген қатал қазылар тобы адамзат тарихындағы барлық асыл қазы­наның ең таңдаулыларын ірік­теп, тарих тезінде, замана дауылында азып-тозбаған жауһар шығармаларды сол 200 томға топтастырды. Сол асылдардың асылы жинақталған баға жетпес қа­зы­надан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының төрт кітабы ойып тұрып орын алды. Нико­лай Тихонов, Шыңғыс Айт­матов, Конс­­тантин Симонов, т.б. әлемге әйгі­лі тұлғалардың өзі көп қалам­гер­лер­мен бірге жалпы жинақта ғана бас қосқанда, бір өзі білдей бір төрт томмен топ жарған ұлылықты құдірет десе болар!
Тоқсаныншы жылдары Оңтүс­тік Африкада кимберлит труба­сы­нан ХХ ғасырдағы ең үл­кен ал­­мас­тардың бірі табылды. Одан гауһар алу үшін әлемд­егі ең таң­даулы зерлеуші шақырыл­ды. Атақты шебер кимберлит тру­ба­сындағы алмастың қыр-сырын ұғу үшін тек оны зерттеуге ғана бір жыл уақытын сарп етті. Содан соң ғана алмасты қыр­нап, өңдеп, зерлеуге кірісті. Одан кейін төгілген тер мен асқан шебер­лік­­тен өмірге қай қырынан қара­саң да жарқырап тұрған асыл тек­ті гауһар келді. Соншалықты тың­­ғы­­л­ықты зерттеусіз, оның та­би­­ғатын ұқпайынша, шелектеп тер төк­пейінше, сондайлық ғала­мат­ты өмірге әкелу мүмкін емес еді, зер­леу­шінің бір ғана қателі­гі сәтсіз­дікке әкеліп соғар еді. Әлем­дік дең­гейд­егі ұлы суреткер Әуезов ең­бе­гін, Әуезов талантын жусан иіс­ті гауһар зерлеушінің аса нәзік, аса ауыр асқан шеберлігімен бейнелеуге болады. 
«Бәлкім, сырт көзге бұл сөзіміз ерсі де көрінуі мүмкін. Алайда, Әуезовтен кейін қазақ жазушыларына әдеби еңбек тым қиындап кеткенін жасыра алмаймыз. Ол жарық жалғанның алдында жақсы аттан­дырып кеткен әдебиеттің биік дең­гейін төмендетіп алмау қай-қай­сымызға да оңайға түсе қой­мас», – деп ескертіпті көркем сөз­дің көрнекті шебері Тахауи Ахтанов «Сөз сиқыршысы» атты мақала­сын­да. Орайымен айтылған осы орын­­ды сөзді ұлы ұстаз Мұхтар Әуезов­­тің өсиеті деп қабылдасақ жа­за басып, жаңылыспасымыз айдан анық.
Қазақ әдебиеті Әуезов кезін­де­гі­ден әлдеқайда тереңдеп, әлде­неше өсіп кетті. Әсіресе, проза жанрындағы жауһарларымыз бір­неше ғасырлық тарихы бар Батыс пен Шығыстың озық үлгілері­мен иықтасып тұр. Осы өсуге Әуезов шығармашылығының әсері, ұс­таз­дық көмегі көп болды. Әйт­се де, «Әуезовтен кейін тым қиындап кеткен әдеби еңбек» әзірге Әуезов дең­гейіне жете алмай жатыр. Ахтанов айтқан ақиқаттың бір сыры осы.

Үшінші ой
Кемеңгермен кездесу

 Біздің көз алдымыздағы осынау ірі мәдени құбылысты мен именбей-ақ нағыз ұлылардың сапына қосар едім... 
Всеволод Иванов

Бұл оқиға өткен ХХ ғасырда, дәл айтқанда 1959 жылдың күзінде болып еді. Сол кездегі Киров, бүгін­де әл-Фараби атындағы ұлт­тық университетке оқуға қабыл­дан­ған бір топ бозбала Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында мақта теріп жүргенбіз. Үлбіреп тұрған аппақ мақтаны қауашағынан алып, беліңе байлап алған ала қапшыққа салатын бұл жұмыс жігіттің қолы емес екен. Еңкейе-еңкейе белің талады, мақтаны тез терсең қолыңды мақта қауашағы жарақаттайды, баяу терсең күндік нормаңды орындай алмай, қабырға газетінде сыналып, күлкіге ұшырайсың. Таң алдында тұрып, асығыс тамақтанып, күн ұясынан шықпай жатып мақта теруге кірісеміз. Үзіліс жоқ. Түскі асты мақталыққа әкеліп береді. Содан қас қарайып, күн батқанша дамыл жоқ. Жататын жерімізге келіп, кешкі ас ішіп болғанша түнгі он екі болады. Таңертең ерте, сағат алтыда тұру керек. Шаршағанымызға қарамастан түнгі он екіден кейін болатын киноға не биге барамыз. Ертесіне ұйқылы-ояу жүріп таңғы ас ішіп, тағы да ауыр жұмысқа жегілеміз. Соның бәріне шыдас берген қайран жастық-ай! Сол бір бір сарынды өтіп жатқан күздің сұп-сұр сұрғылт күндердің бірінде Алла тағала бізге күтпеген қуаныш сыйлады. Қойнымызға сыймаған ол қуаныш ұлы ұстаз Мұхтар Әуезовпен жүздесу қуанышы еді.
Атақты «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемді аралап кет­кен Әуезов енді бүгінгі күн тақы­ры­бына қалам тартып, заман талабына орай замандастар бейнесін жасауға бекініпті. «Жаңа романына жаңа кейіпкерлер іздеген Әуезов оңтүстіктің аудан, ауылдарын аралап жүр» деген хабарды құлағымыз шалған. «Шіркін-ай, Әуезов біз жұмыс істеп жатқан Мақтааралдың Киров бөлімшесіне келсе ғой» деп армандап жүрген күндердің бірін­де өзіммен бірге университеттің бірінші курсына қабылданған жер­лесім Қойшығара – бүгінгі бел­гілі қаламгер Қойшығара Салғарин:
– Әне, ана жаққа қараңдар, – деді. Бірнеше жеңіл машина тас­падай тартылған теп-тегіс асфальт жолдан бұрылып, ойқы-шойқы дала жолымен тура бізге қарай беттеп келеді екен. Алда – ұзын қара «ЗИМ». «Бұлар кімдер?» деп ойлап үлгергенше машиналар легі мақталықтың шетіне келіп тоқтады. Алдыңғы машинадан түскен ортадан жоғары бойлы, кереқарыс кең маңдайы күн нұрымен шағылысқан, етжеңді, бұйра шаш кісіні жазбай таныдық. Ол ойлы жүзін өзіміз газеттерден жиі көріп жүрген сөз зергері, ой алыбы Мұхтар Әуезов еді.
Күтпеген қуанышқа кез бол­ған біздер жүгіре басып Әуезовтің қар­сы алдына келіп кілт тоқтадық та:
– Ассалаумағалейкум, Мұхтар аға! – деп жапа-тармағай жарыса сәлем бердік.
Сәлемді алып бізге сүйсіне қараған Әуезов шабыттана сөйледі:
– Пәлі, өздерің төркіндерің келген келіндей қуандыңдар ғой. Жөн, жөн-ақ! Мен сендердің төр­кін жұрттарың университеттен келдім ғой. Иә, балапандарым, жағдай­ларың қалай? Жұмыстарың жеңіл емес, әрине. Жатын орындарың жайлы, ас-суларың сайлы ма? Ешкім ренжіткен жоқ па, сендерді? Бәрі дұрыс па?
– Бәрі дұрыс.
– Жақсы, – десіп жарыса сөйлеп жатырмыз бәріміз.
– Ал мұнда университет ұстаз­дарынан кім бар? Басшыларың кім? – деп сұрады Әуезов.
– Мен бармын, Мұхтар Омар­ханұлы, – деді отыздың о жақ, бұ жағындағы сұңғақ бойлы сұлуша келген орыс жігіті.
– Сәлеметсіз бе? Аты-жөніңіз?
– Плахин.
– Қай кафедрадансыз?
– Әскери кафедрадан.
– Шамасы, жаңа кадр боларсыз? Біраздан бері болса білсем керек еді, – деді Әуезов Плахинге барлай қарап.
– Университетке жұмысқа тұрғаныма бір-ақ жыл болды, – деді Плахин Маршалдың алдында тұрған офицердей тіп-тік, ашаң денесі сымдай тартылып.
– Ал Плахин жолдас, не айтасыз? Студенттердің жағ­дайы жақ­сы ма? Олардың еңбегі, тұрмыс жағ­дайына орай жергілік­ті бас­шыларға айтар талап, тілект­еріңіз бар ма? Қысылмай баяндаңыз.
– Ешқандай өтініш жоқ. Бәрі жақсы, Мұхтар Омарханұлы.
– Біздің филфактан, журфактан қанша студент бар мұнда?
– Филфактан отыз, журфактан жиырма.
– Е, менің лекциямды тыңдай­тындар елу екен ғой.
– Елу деген де бір қауым ел, – деп қалды Плахин.
– Көріп тұрсыздар ғой, – деді Әуезов енді бір сәт арқа тұсында тұрған жол серіктеріне басын бұрып – бұл тұстан зу етіп өте шық­пай қырық шақырым кері жүріп келген еңбегіміз еселеп қайт­ты емес пе? Балапандарымның қуан­ғанын көрмейсіңдер ме? Адам­ның адамға қуаныш сыйлауынан асқан бақыт бар ма?!
– Дұрыс айтасыз, Мұха! Сту­дент­тер ғана емес, сіз өзіңіз де толқып тұрсыз ғой. 
– Қуанып та тұрмын. Бұл жас­тар біздің болашағымыз. Еліміздің ертеңін көріп тұрмын бұларға қарап, – деді келбетті кең маңдайын күн сәулесі аймалаған кемеңгер Әуезов жұмсақ жымиып.
– Өзіңіздей ұлы ұстаздан тәлім алатын бұл жастар бақытты ғой, – деді әңгімеге араласып, Әуезовтің тағы бір жолсерігі.
– Бізге ат басын бұрғаныңызға рахмет! Сізге мың мәрте тағзым, – деді ортамыздағы біздерден бес-ал­ты жас үлкен Шафқат атты студент.
– Рахмет деген ұлы сөз, – деді Әуезов оң қолымен мұрынын сау­малап – Біздің қырық шақырым бері бұрылып, қырық шақырым кері қайтатын ұзын-ырғасы сексеннен аспайтын аз еңбегімізге бұдан артық баға болмаса керек.
– Дұрыс айтасыз.
– Дәл солай, – десті Әуезовтің жол серіктері.
– Ал, жас достарым, Алматыда, университетте кездескенше. Жо­лық­қанша жол жақсы, көріскен­ше күн жақсы болсын! – деп студенттерге мейірлене қарады ұлы ұстаз. Сол сәт мұңлы, ойлы жанары таңғы шықтай мөлдіреп, нұр төгілген Әуезовтің жүзінен оның тебіренген терең сезімін көргендей болдық.
– Біздер, сол жылы студент атанған жастар кедір-бұдыр дала жолында шайқалып бара жатқан жеңіл машиналарға қадала қарап біраз тұрып қалдық.
– Қап, фотоаппараттың болма­ғаны-ай, – деді Өтежан Нұрғалиев. – Әуезовтің өзімен суретке түстік деп мақтанып жүретін ек.
Сол күнгі сол бір қуаныш әлі есте...
Сол керемет көркем кермиық көрініс, сол сымбаты бөлек сұлу сурет күні бүгін де көз алдымда. Сірә да естен кетпейтін сол бір сәулелі сәт еске түскенде жүрек шіркін сыздап сала береді. Алыс­таған сайын биіктей беретін ұлы Әуезов­ті бір біз ғана емес, келер ұр­пақ, кемел тарих аңсайды, сағына­ды. Сағындым сені, ұлы ұстаз! Аңсадым сені, Мұха!
Бұл сарқылмайтын сағыныш, мәңгілік сағыныш!
...Әуезовті аса жоғары бағала­ған парасатты пікірлерді Михайл Шолохов та, Александр Фадеев те, Андре Стиль де, Николай Ти­хонов та, Александр Корнейчук та, Берді Кербабаев та, Мұстай Кәрім де, Расул  Ғамзатов та, Бен­­жамин Матип те, өзіміздің Ғабит Мүсірепов те, талай елдің та­­лай тарланбоздары айтыпты. Солар­­д­ың бірі – Николай Пого­дин­­нің: «Қазақстан үшін Әуезов екін­ші Абай, біз үшін шығыстың Шо­лоховы» деген сөзінің екінші бөлі­гіне бақиға аттанған сәтте ай­ты­лған сөз ұлы суреткер тұлға­сын ашуда кемел емес, кем соғып отыр. Олай дейтінім, Әуезов шығыстың ғана емес, әлем әдебиеті мен мәде­ниеті­нің Шолоховы. Ұлы ұстаз Мұх­тар Әуезов ұлт әдебиетін ғана емес, әлем мәдениетін да жаңа биік­ке көтер­ген ұлы суреткер. Көр­­кем­сөз бен кемеңгер ойдың алыбы ол! 
Тарих – Ана ұзақ толғатып, сиөрек туатын ұлы тұлғалар бір ха­лық­­­та ғана емес, бар халықта да бар. Олар бір ұлттың ғана емес, бар­лық ұлт, барша халықтың мақ­таны­шы. Әлемдік асыл қазы­наға олар қосқан жауһарлар адамзат­тың ор­тақ игілігі. Көркемсөз бен кемең­гер ой алыбы Мұхтар Омар­ханұлы Әуезов осы санаттағы саңлақ. Ол өт­кен – жиырмасыншы ғасырдағы алып­тар тобының көшбасшысы. 

Төртінші ой
Кемеңгердің жарығы

Оның табиғи болмысы, өз халқының мәдениеті мен еліміздің интеллигенциясы табыстарындағы алатын орны шектен тыс маңызды да поэтикалық құбылыс.
Константин Федин

Сонау ту алыста қалған аты бел­­гісіз арғы дәуірлерден күні бү­гін­ге дейін адамның ақыл-ойы мен қиялынан небір ғажайыптар туып, адам қолымен талай керемет­тер жасалды. Перғауындар пирамидасы, Семирамиданың аспалы бағы, Эфес қаласындағы ғибадатхана, Зевс мүсіні, Мавсол патша мавзолейі, Родос алыбы, Александриядағы ежелгі дүние шырағы – әлемнің жеті кереметі, онан соң сегізінші керемет Тәж Махал мазары өмірге келді. Адам­ның ақыл-ойы атом қуатын бей­біт мақсатқа пайдалана бастады. Кәрі тарихтың өзін таңғалдырып ғарышқа ұшты. Сөз жоқ, мұның бәрі адамзат туғызған ғажайыптар. Осы кереметтердің бірі ғана емес, бірегейі – адамзат дана­лығы туғыз­ған бейнелер әлемі – әде­биет. Ға­сыр­лар бойы сақтала бере­тін бай­лықтары бар әдебиеттің ең үз­дік үлгі­лерін туғызған талант ас­пан­дағы ай мен күндей аяулы. Кемел ойлы кемеңгер таланттың өзі де, оның қайталанбас хас туынды­лары да зеңгір көктегі күн, алыс жұлдыз жарығындай қуатты да шуақты!
Құдыретті талант Мұхтар Әуезов­тің кемел ойлы кемеңгер туын­ды­ларының жарығы әлем әде­биетіне нұр шұғыласын төгіп тұр. Тас төбеден құйылған сол сәулеге шомылған, кемеңгерлік пен ғұламалықтан нәр алған Мұстай Кәрім, Расул Ғамзатов, Шың­ғыс Айтматов, Олжас Сүлей­менов, Евгений Евтушенко, Римма Казакова, Анар, Момын Каноат, Герман Кант, Робель, Пауло Куэло, Алекс ла Гума сынды сан елдің саң­лақтары бұл күнде әлем әдебиетіне үл­кен олжа салған әлемдік дең­гей­дегі тұлғалар. Кемеңгердің жары­­ғы ойын оятқан, санасына сәу­ле құйған оқырман саны мың емес, мил­лиондармен өлшенсе керек. 
Кемеңгер жарығы әлемге ортақ!
Ол аспандағы Ай мен Күндей әлемге үнсіз сәуле шашып тұр!

Сәбит ДОСАНОВ, 
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Алматы