Жеңіл атлетика • 13 Қараша, 2017

Александр Винокуров: Қазақстанда әлемдік деңгейдегі велошабандоздар бар

1233 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Астана» велокомандасы үшін биылғы жыл жеңілісі мен жеңісі қатар өрілді деп айтуға болады. Жылдың алғашқы жартысы шым-шытырық оқиғаларға толы болды. Командаға көз тиді ме, әлде сөз тиді ме, әйтеуір көп жарыс­та жолы бола қойған жоқ. Алайда, кейіннен гранд-турдың кезеңдерін жеңіп, маңдайдан ащы терді бір сүртті. Команданы жеңіске бастап жүрген команда басшысы Александр Винокуров қауырт шаруадан қолы қалт еткен сәтте «Егемен Қазақстанға» маусымды қорытындылап, сұхбат берген еді. 

Александр Винокуров: Қазақстанда әлемдік деңгейдегі велошабандоздар бар

– 2017 жылды «Астана» велокоман­дасы жаңартылған күйде бастады. Вело­си­педтер, команданың жейдесі және шабандоздар тізімі де өзгерді. Жалпы, команда алдына қойған мақсаттарға жете алды ма?

– Расымен де, біз 2017 жылды тіпті жаңаша бастадық. Велосипедтен бастап үстімізге киетін жейделерге дейін жаңарттық. Шабандоздар құрамын да өзгерттік. Алайда, жылдың басы біз үшін сәтсіздікпен өрілді. Тәжірибелі шабандозымыз Микеле Скарпонидің қазасы команда мүшелеріне қатты әсер етті. Жарыстарда шабандоздарымыз жиі жарақат алып, тас жолдарда омақаса құлай берді. Бірақ, жылдың екінші жартысында барлығы өз орнына келіп, командаға сәттілік жолдас бола бастады. Колумбиялық жас шабандозымыз Мигель Анхель Лопестің тынысы ашылды. Якоб Фульсанг біздің команда сапындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ал осы жеңістердің ішінде кеуде керіп мақтаныш ететін айтулы бір жетістік бар. Ол – Алексей Луценконың гранд-турда кезеңді жеңгені. Ірі додаларды жоғарғы деңгейдің шабандоздары ғана жеңетінін білесіздер, демек біздің елде сондай бір шабандоз пайда болды деген сөз.

– Команда сапындағы шабандоздар жайлы сөз болғанда қазақстандық жігіттердің көбейгені қуантады. Ұжымның үштен бірі отандық велоспорттың түлектері екені белгілі. Олардың ішінде қайсысынан зор үміт күтесіз?

– Әлемдік велоспортта атақ-абыройы жоғары жарыстарға қатысатын «Астана» командасының сапында осал шабандоз болмауы тиіс. Демек, еліміздегі велоспорттың деңгейі көтерілді деп айта аламыз. Өте тыңғылықты тексерістен кейін, сыннан өткен спортшыларды ғана іріктеп, командаға қосамыз. Мысалға, командамыз құрылғалы бері 268 рет жеңіске жеттік. Соның 25 пайызы (68 жеңіс) қазақстандық шабандоздардың еншісінде. Ал қазір командадағы жастар жайлы айтатын болсақ Алексей Луценкодан зор үміт күтеміз. Ол өзінің талантты шабандоз екендігін биыл дәлелдеп берді. Одан бөлек өзге де жігіттерді айта кетуге болады. Мысалы, Жандос Бижігітов пен Бахтияр Қожатаев күн санап шеберліктерін арттырып келеді. Олардың жеке нәтижелері де күшейді. Біз велоспорттың ең алдымен командалық спорт екенін ұмытпауымыз керек. Мұнда бір шабандозға қалған командаластары көмектеседі. Сол секілді отандық спортшылар арасынан тамаша «грегорилер» өсіп шықты. Таулы кезеңде де, жазықты далада да, кедір-бүдірлі жолдарды да бір деммен жүріп өтетін жігіттерді дайындап алдық. Енді олар жақын арада Қазақстан Ұлттық құрамасының сапында жемісті өнер көрсетіп, нәтиже бере бастауы тиіс.

– Микеле Скарпонидің қазасы, Катальдо, Кангерт, Фульсанг секілді көшбасшылардың жарақаттары болмағанда команда қандай нәтижелер көрсетер еді деп ойлайсыз.

– Біздің ұжым гранд-турларда жеңіске ұмтылатын азулы команданың бірі. Жыл сайын «Тур де Франс», «Джирро», «Вуэльта» секілді додаларды жеңу үшін барымызды саламыз. Биылғы жылдың басында негізгі күшті «Джирроға» саламыз деп шештік. Капитан болып Фабио Ару жүрсін дедік. Оның қасына көмекке кілең сайдың тасындай мықтыларымызды сайладық. Олардың ішінде Скарпони, Кангерт, Катальдо болды. Алайда, сәуір айында капитан болады деген Аруымыз аяқасты жарақат алды. Оның орнына бірден Микеле Скарпони орнықты. Өзінің спорттық бабындағы тәжірибелі шабандозымыз гранд-тур басталуға 2-3 күн қалғанда автокөлікпен қақтығысып, мерт болды. Бұл ауыр қаза күллі командаға қатты әсер етті. Сөйтіп жарысқа капитансыз шықтық. Сосын жарыс барысында Танел Кангерт жоғарғы нәтиже көрсетіп келе жатқан-ды. Бірақ, болмайтын бір жерде қақтығысып, жарақат алды да, жарыстан шығып қалды. Міне, осындай сәтсіздіктер сериясы болмағанда жеңіс біздің қолымызда тұр еді.

– Биыл «Алматы туры» жарысы бірінші рет екі күнге созылды. Осы жарыстың болашағы жайлы айтып өтсеңіз.

– Велошабандоздардың халықаралық қауымдастығы осы жарысты өткізу үшін жарыстар кестесіне енгізуге дайын. Күнтізбеден орын алудың өзі оңай емес. Өйткені жыл бойы жарыстар бірінің артынан бірі кезектесіп өтіп жатады. Бірақ, тура сол күндер келесі жылы «Тур де Франстың» басталатын уақытына дәл келіп тұр. Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дархан Аманұлы Кәлетаев осы жақында UCI президентімен кездесті. Менің жалғыз өтінішім осы жарыстың күндерін нақтылап алу болатын. Жақын арада жауабы да шығып қалар. Жарысты Про-тур деңгейіне көтертуіміз керек. Ондай күнге жетсек «Алматы турына» әлемдік турдың деңгейіндегі 10 команда қатысар еді. Жарыстың сыйақысы көтеріліп, абыройы да өседі. Егер уақыты өзгеріссіз қа­ла­тын болса, онда қыркүйек айының соңында жа­рысты тағы да екі турға бөліп, «Астана-Алма­ты» деп өткізуге де болады. Ол үшін ортасында бір күн демалыс болуы керек. Осы мәселені жақын арада кеңесе келіп, шешетін боламыз.

– «Астана» командасынан Фабио Арудың кетіп қалғаны қызық болды. Енді келесі жылы командаға кімдер алынады?

– 2018 жылғы құрамымыз толықтай жасақталып қойды. Трансферлік мәселелердің барлығы шешілді. Енді 8 желтоқсан күні Астанада таныстырылым өткізетін боламыз.

– «Аstana» Pro Team әлемдік вело-сахнасында таланттардың ордасына айналғандай көрінеді. Жыл сайын 2-3 талант жарқ етіп көрінеді. Колумбиялық Лопесті менеджерлер «феномен» деп бағалады. Осы жақында Пельо Бильбаомен келісім ұзартылды. Келесі жылы осы жігіттердің қайсысынан жоғарғы нәтиже күтесіз?

– Иә, расымен де Мигель Анхель Лопесті «феномен» деп айта аламын. Біз бұл жігіттен жоғары жетістіктер күтеміз. Одан бөлек, бізде тұрақты түрде мықтылар қатарында жүретін Якоб Фульсанг бар. Сондай-ақ таулы аймақта тамаша жүйткитін Танел Кангерт, Пельо Бильбао, Дарио Катальдо, Луис Леон Санчес секілді сайыпқырандарға сенім артамыз. Ал классикалық жарыстарға шығаратын Михаэль Вальгрен, өзіміздің жігіттерден Алексей Луценко, Дмитрий Груздев дайын. Алексей апталық жарыстарда капитан болып шығады деп отырмыз. Одан бөлек биылғыдай гранд-турларда кезеңдерге таласады. Демек, бізді өте қызықты маусым күтіп тұр. Біздің командаға жанкүйер болыңыздар. Алға, «Астана»!

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Ермұхамед Мәулен