Әдебиет • 13 Қараша, 2017

Ақы сұрайтын арнау өлең

821 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жүре берсең, көре бересің», дейді халқымыз. «Өмірде не болмайды», деп жататынымыз тағы бар. Айтқы­мыз келгені – өздерін өнерге біртабан жа­қын­­быз деп санайтын кейбір ақынсы­мақ пысықайлардың адамның ойына кел­мейтін тәсілдерді шебер қолданып, оңай олжа табудың жолын игеріп алған­дығы. Онысын ерсі көріп те жатқан олар жоқ.

Өткенде бір танысымыздан мынадай әңгіме естідік. Бір топ жерлестер туристік сапарға шығады. Іштерінде өзін ақынмын деп есептейтін біреу болса керек. Қысқасы әлгі ақын сапарлас сері­к­терінің бірнешеуіне өзінше мадақ өлең арнап, онысына ақы дәметкен көрінеді. Өзін мақтағанды кім жек көрсін, арнау өлеңнің кейіпкерлері де қарыздар болып қалмай, теңгелерін ұсыныпты.

Мына сәйкестікті қараңыз: дәл осындай жайға куә боламыз деп сірә ойлаппыз ба? Алайда, өмірде бәрі де бола береді екен-ау...

Облыс орталығындағы шипажайдың бірінде ем-дом алып, демалып жатқанбыз. Әдеттегідей әңгімелесіп отырғанымызда тынығушылардың бірі: «Арамызда бір ақын жатыр екен. Азаннан кешке дейін бөлмесінен шықпайды, қажет еткен адам болса, ақысына арнау өлең жазып беретін көрінеді», деп соңғы жаңалықтың шетін шығарды.

Күткен оқиға да көп күттірмеді. «Із­де­­генге – сұраған» дегендей, арада ша­ма­­мен уақыт өткенде, түс әлетін­де демалушылардың ортасына ақынымыз­дың өзі келе қалмасы бар ма. Бірден жиналғандардың назарын аударып алды да, әлдекімге жазған арнау өлеңін оқи жөнелді. Өлеңі мұндай ұзақ болар ма, он бес-жиырма шумақтың төңірегінде болып қалар.

Тынығушыларға да қызық керек:­ «Ой пәлі, жарайсың!», негізінде өзіңде бірдеңе бар ғой, әйтпесе жайдан-жай адам өлең шығара алушы ма еді» десіп, өздерінше ақынды көтермелеп, қолпаштап жатты. Тек бір көкеміз ғана: «Шырағым, мы­науың поэма болып кетті ме, қалай? Тым ұзақ екен», деп қалғаны. Онысына ақын елемегендей қалып танытып, кезекті дүниесін кейіпкеріне тапсырып жатты.

Кейіннен ақынмен кездесіп те қалып жүрдік. Арнау өлең жазуды көптен кәсіпке айналдырған секілді. Онысын өзі сөкет көрмейтіндей. Несі бар, «Қазан­шының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген ғой.

Иә, ағайын, өмірде не болмайды. Алда-жалда арнау өлең жазғыш ақынды көре қалсаңыз, әсте таң қалмай-ақ қойыңыз...

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Созақ ауданы