Қазақстан • 13 Қараша, 2017

Елбасы: Жаһандық көші-қон процесі түбегейлі қайта ойластыруды талап етеді

495 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана клубының үшінші отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, жаһандық көші-қон мәселесі мен оның салдары туралы айтты. 

 

Елбасы: Жаһандық көші-қон процесі түбегейлі қайта ойластыруды талап етеді

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, бақылаусыз жаһандық көші-қон алаңдатпай қоймайды.

«Көші-қон процесі түбегейлі қайта ойластыруды талап етеді. Адамзат баласының бүкіл тарихында дәл мұндай айта қоярлықтай демографиялық дисбаланс байқалған емес. Егер дамыған елдердегі халық саны 1  млрд адамды құраса, ал дамушы елдердің халық саны 6,5 млрд адам. Соңғы 25 жылда халықаралық көші-қон саны 2 есеге ұлғайып, бүгінде 250 млн адамға жетіп отыр. Бұған қоса, Халықаралық валюта қорының мәліметінше,  дамыған елдердегі көші-қон үлесі 5 пайыздан 10 пайызға дейін артқан.  Оның ішінде шамамен 66 миллионы босқындар және заңсыз көшіп-қонушылар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оның айтуынша, адамдар негізінен кедейшілік пен соғыстардан қауіптенгендіктен, жаппай қоныс аударуға мәжбүр болып жатыр. 

«Бұл әлеуметтік  шиеленіске, қылмыстың артуына және жұмыссыздықтың күшеуіне әкеп соғады. Таяу Шығыс пен Африканың босқындар легі Еуропаны басып, әлеуметтік-саяси дағдарысты туындатты, ұлттық популистік және ашық ксенофобтық көңіл-күйді өршітті. Бұған қоса, Ливан, Иордания, Түркия сыны елдер үшін босқындарды асырауға аталған елдердің жалпы ішкі өнімінің 1,5-3 пайызы жұмсалады», - деді Президент. 

Сонымен қатар Елбасы Еуразиялық экономикалық одаққа әлемнің 50-ге тарта елі қызығушылық танытатынын айтты. 

«Толықтай алғанда, сенімнің жаппай дағдарысы жайында да ашық айтуға болады. Осындай күрделі жағдайда өзара іс-қимылдың позитивті тәжірибесін табу барынша маңызды деп санаймын. Бұл ретте әлемдік саясат пен экономиканың басты ареалы, барлық державалардың мүдделері тоғысатын жер Еуразия лайықты орынға ие бола алады. Еуразия шын мәнінде  қауіпсіздік, экономикалық өсім және диалог саласындағы біріктірілген күн тәртібін ұсынуға қабілетті», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ежелгі Жібек жолын қайта жаңғырту бастамасы әлемдегі күшейіп келе жатқан дағдарысқа дер уақытындағы жауап болғанын атап өтті.

«Шындығында, бұл бастама «бірлескен даму арқылы тұрақтылықтың» жаңа геоэкономикалық парадигмасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.  Еуразиялық экономикалық одақтың дамуы жалғасуда. Ол әлемдік қолайсыз конъектураның  бізге ықпалын төмендетуге септігін тигізді.   2007 жылдың 9 айында одақ елдері арасындағы тауар айналымы үштен бірге артты.Қазіргі жағдайда барынша инвестициялық және инновациялық әлеуетке ие Азияның, Еуропаның және Солтүстік Американың ірі елдермен барынша тығыз өзара іс-қимылды жолға қою айрықша маңызға ие», - деді ҚР Президенті. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, одаққа түрлі форматта қосылып жатқан елдердің саны артып келеді. Иран, Мысыр, Үндістан, Израиль, Оңтүстік Кореямен еркін сауда аймағын құру туралы келіссөздер жүргізілуде. «Жалпы шамамен 50 ел қызығушылық танытып отыр», - деді Елбасы.  

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев «Халықаралық терроризм апатты ауқымқа жетіп отыр. Ол үшін шекара жоқ. Бүгінде жер шарының кез келген нүктесі бүлдіргі күштің нысаны болуы ықтимал. Үшінші мыңжылдық басталғалы қаза болғандардың саны секілді терактілердің көлемі он есе артты. 2016 жылы терактілер 104 елде болды. Бұл өз кезегінде әлемнің жартысы деп айтуға болады. Географиясы мен ауқымы бойынша біз шартты түрде үшінші дүниежүзілік соғыс жағдайында тұрғандаймыз, яғни террорға қарсы соғысқа қатысты», - деді. 

Президент терактілер дамушы елдерден дамыған елдерге қарай ауып бара жатқанын атап өтті.

«Қайшылықтарға қарамастан, әлемдік өңірлік державалар Таяу Шығыста ДАИШ-пен күресте іс-қимылды үйлестіруге қауқарлы болды. Алайда талқандалған содырлар басқа аумақтарда ошақтарын жандандыруы мүмкін екенін түсінген абзал. Бұл өз кезегінде барша Еуразия үшін күрделі сын-қатер», - деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.