Әлем • 13 Қараша, 2017

Иранда зілзаладан 300-ден астам адам қаза тапты

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Иранның батысында қуатты жер сілкінісінен 336 адам қаза тапты. Бұдан бөлек 4000-ға жуық тұрғын түрлі деңгейде жарақат алды. Зілзала Иран-Ирак шекарасында тіркелді.

Иранда зілзаладан 300-ден астам адам қаза тапты

Табиғат апатынан шекарадан 15 шақырым қашықтықта орналасқан Сарпол-э Захаб қаласының тұрғындары жапа шекті. Жергілікті билік опат болғандар саны әлі де артуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Себебі, құтқарушылар тобы әлі бірнеше елді мекенге барып үлгермеген.

Бұл маңайда тұрғын үйлердің басым бөлігі саз балшықтан салынғандықтан қуатты апаттарға шыдас бермейді. Иранның сейсмологиялық орталығы дүмпу 180 рет жүріп өткенін, алдағы уақытта әлі де қайталануы мүмкін екенін хабарлады.

Сарпол-э Захаб қаласындағы орталық аурухананың ғимаратына айтарлықтай зиян келген. Осының салдарынан жараланғандарға тиісті деңгейде көмек көрсету мүмкін болмай отыр. Ал IRINN телеарнасы кем дегенде сегіз елді мекенге зиян келгенін жеткізді.

– Кей жерлерде электр энергиясы үзілді, сондай-ақ телекоммуникациялық жүйеге зиян тиді. Бұл елімізде болған ең ірі апаттардың бірі. Қазіргі уақытта 70 мыңнан астам тұрғын баспанасыз қалды, – деді Дүниежүзілік Қызыл Жарты ай және Қызыл Кресті Иран бөлімінің басшысы Мортеза Салим.

Ал Иранның құтқару қызметінің басшысы Пир-Хоссейн Куливанд құтқарушылар тобының жұмысына көшкін кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді.

– Отбасымызбен отырып кешкі асымызды ішпек болған едік. Кенеттен үйіміздегі заттар «билеп» кеткендей болды. Алғашында қуатты бомба жарылды деген ойда болдым. Бірақ бәрі «жер сілкінді» деп айқайлаумен болды, – деді Бағдад қаласының тұрғыны Маджида Амир.

Жер сілкінісінің магнитудасы 7,3 балды құрайды. Ал ошағы 33,9 км тереңдікте орналасқан. Жер асты дүмпуі Түркияда, Израильде, Кувейтте сезілген.

Иракта жер сілкінісінен әсіресе Дарбандихан қаласы зардап шекті. Ол Күрд автономиялық аймағындағы Сүлеймания қаласынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан. Өңірдің денсаулық сақтау министрі Рекаут Хама Рашидтің айтуынша бұл жақта да жағдай өте қиын. Мұнда 6 тұрғын қаза болып, 50-ден астамы түрлі жарақат алған.

Айта кетейік, сейсмикалық аймақта орналасқандықтан Иранда жер сілкінісі жиі болып тұрады. 2003 жылы магнитудасы 6,6 балды құрайтын апаттан 26 мыңға жуық адам опат болып, елдің оңтүстік-шығысындағы тарихи Бам қаласы ішінара қираған.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»