Қазақстан • 14 Қараша, 2017

Елімізде тамақ өнімдерінің тазалығына талап күшейеді

477 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрлігі Қо­ғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік сани­та­рия­лық дәрігер Жандарбек Бекшиннің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Елімізде тамақ өнімдерінің тазалығына талап күшейеді

Ол ішкі нарыққа әкелі­нетін жә­не айна­лымдағы санита­рия­лық-эпи­де­миологиялық қа­дағалауға жа­татын өнімдерді бақылау, соны­мен бірге тамақ өнім­дерінің көтер­ме және бөл­шек саудасы  объекті­леріне қойы­латын санитарлық қағида­лар талаптарын қайта қарау бойын­ша жүргізілген жұмыс туралы әңгімеледі.

Республика бойынша отан­дық өнімдердің 12 пайызы техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін та­мақ өнімдерінің 88 пайызы им­порттық өнімдер үле­сіне тиесілі екенін атап өтті. Техникалық регла­менттер та­лап­тарының негізгі бұзу­шылық­тары қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеу бойынша – 36 пайыз, физикалық-химиялық көр­сеткіштерге сәйкес келмеуі – 12 пайыз, өндірушілердің таңбалау қағидаларын бұзуы  48 пайызды құрайды. 

Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының сөзінше, жа­нуар­лар тіндерін сәйкестен­діруді анықтау бойынша тамақ өнімдерінің 145 үлгісі алынған. 40 үлгіде өнімнің таңбалауында көр­сетілмеген шошқа ДНҚ-сы анық­талған. «Ет өнімі топтары бойынша шұжық бұйымдарының 67,5 пайыз сынамасында, жартылай фабрикаттардың 20,0 пайыз сынамасында және ет консервілерінің 7,5 пайыз сынамасында сәй­кес­сіздік анықталды», деді ол.

Жандарбек Бекшиннің мәлі­метінше, сәйкес келмейтін тамақ өнімдерінің басым сегменті Ресей Федерациясы өндірушілерінің үлесінде (52  пайыз).

«Бұл сүт өнімдері, балық және ет кон­сер­вілері, шұжық және кон­дитерлік өнімдер, БАҚ және балалар тағамы өндірушілері. Сонымен қатар Қырғыз Республикасының сәйкес келмейтін өнімдерінің 4 пайыздан 9,6 пайызға дейін өсуі байқалады. Қырғызстандық өндірушілердің сүт өнімдері мен кондитерлік бұйымдарының бірқатарының техникалық рег­ламенттер талаптарын жүйелі түрде бұзу фактілері байқалуда. Мысалы, 2016 жылы комитет микробиологиялық көрсеткіштер бойынша «Ақ-сүт» ААҚ шаруа майы сүт өнімін, май-қышқыл құрамы бойынша «Вимм Биль Дамм» ААҚ сүтін, жалғандығы бойынша «Куликовский» КД кондитерлік өнімдерін әкелуге уақытша шектеу енгізді. Тек қазан айында ғана қырғызстандық өндірушілердің сәй­кес келмейтін тамақ өнімдерінің үлесі – 23,4, ал жеңіл өнеркәсіп тауарлары 44 пайызды құрады, бұл әрбір 2-3-ші сынама», деп атап өтті ол.

Ж.Бекшиннің айтуынша, ағымдағы жы­лы анықталған фактілер негізінде өнім­дерді сатып алу қорытындысы бойынша бұзу­шы­лықты жою туралы 801 нұсқама берілген, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 826 іс қозғалған, соттың 415 қаулысы шыға­рылған, оның ішінде 360 талап арыз қанағаттандырылып, жалпы сомасы 19,5 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Сонымен қатар сауда кәсіпорындарында 11,2 млн теңгеден астам сомаға сәйкес келмейтін өнімнің 172 тоннасы саудадан алынған.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»