Аймақтар • 14 Қараша, 2017

Семейде Абайдың латын қарпіндегі кітабы жұрт назарына ұсынылды

752 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейдегі Абай атындағы әмбебап кітапхананың латын әліпбиіне арналған кезекті шаралары Өскемен және Курчатов қалаларында жалғасты. Екі қала Семейден өте алыс орналасқандықтан, кітапхана қызметкерлері шалғай жолды қиынсынбай, латын тіліндегі басылымдары мен кітаптарын арқалап, жергілікті халықты рухани тың дүниемен сусындатып қайтуды жөн көріпті.

Семейде Абайдың латын қарпіндегі кітабы жұрт назарына ұсынылды

Суреттерді түсірген автор

Курчатов қаласында «Латын әліпбиі – болашақтың бағдары» атты дөңгелек үстел де ұйымдастырылды. Оған қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары, қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері, «Достық үйінің» қызметкерлері, кітапханашылар және мектеп оқушылары қатысып, латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы рөлі жайлы жан-жақты талқылады.

– Осы латын тіліндегі қор жинағымен Шығыс Қазақстан облысындағы тағы біраз жерлерді араламақпыз, – деді Абай атындағы облыстық кітапхана директоры Гүлмира Аязбаева, – біздің қорда 200-ге жуық сирек басылым сақтаулы тұр. Өс­кемен қаласындағы А.С.Пуш­кин атындағы Шығыс Қа­зақ­стан облыстық кітап­ханасына барғанымызда, ол жерге ШҚМТУ студенттері мен БАҚ өкілдері жиналды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласы аясында ұйым­дастырылған ретро-көр­меде қоғамдық-саяси, халық ағарту ісі, тіл білімі, жара­ты­лыста­ну, денсаулық сақтау, ауыл­ша­руашылық, әдебиет­тану, тарих ғылымдары, көркем әдебиет, ғылым салалары, та­тар тіліндегі кітаптар мен мер­зімді басылымдарды тама­шалаған өскемендіктер бізге риза­шылықтарын білдірді. Мәсе­лен, Ә.Ермековтің «Ұлы матема­тика курсы» (1935ж.), А.Мамыт­ұлының «Денсаулық жолында» (1935 ж.), Т.Шонанұлының «Орыстарға қазақ тілін үйреткіш» (1931ж.), Таңқыбай (І.Жансүгіров) «Құқ: сатиралық әңгімелер жинағы» (1935 ж.) сияқты жүздеген басылымдар латын тілінде. Ең құнды қазынамыз «Абай» шығармаларының сол жылдардағы латын әрпіндегі нұсқасы дей аламын.

Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист

Семей