Білім • 14 Қараша, 2017

Жітіғара қаласындағы №2 орта мектеп 90 жылдық мерейтойын атап өтті

877 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Балаға білім беретін барлық мектеп те қасиетті орын болып саналады. Дегенмен өз дәстүрі қалыптасқан, ертеден үлкен шаңырақ болған, ауылдың ғана емес, елдің ұлдары мен тұлғаларын ұшырған білім ошақтары бар. Солардың бірі Жітіғара қаласындағы №2 орта мектеп биыл өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Жәмила Аманжол осы мектепте бүкіл ғұмырын өткізген екен. 40-шы жылдары осы мектепте оқиды, жоғары оқу орнын 1953 жылы тәмамдап, тарих пәнінің мұғалімі болып істеп, зейнеткерлікке шығады.   

Жітіғара қаласындағы №2 орта мектеп 90 жылдық мерейтойын атап өтті

– Өткен ғасырда халқымыздың басы­нан заманның қандай қиын­дықтары өтсе, осы №2 Жітіғара қазақ орта мектебі де соның бар­лы­ғымен бетпе-бет келді. Бірақ жа­былып қалмады, өрге ұмтыла бер­дік. Педагогтар ұжымы бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шыға­ратын ұйымшыл еді ғой. Өзге ұл­ты көп Жітіғара ауданындағы, қа­­ла­сындағы қазақтың нағыз қа­ра ша­ңы­рағы болды десем, бір өтірігі жоқ. Мектеп үшін жаны­мызды са­ла еткен еңбегіміз қа­зақ тіліміз, ұлттық діліміз үшін кү­рес екен ғой, – дейді білім са­ласының ардагер қариясы Жәмила Жанұзаққызы.

Аталмыш мектеп 1927 жылы ашылады. Халқымыздың басына нәубет төнген 30-шы жылдардың ішінде мектепке де оңай болмайды. Одан кейін соғыс басталғанда ұстаздар да, түлектер де майданға аттанады. Мектептің 1938 жылғы 12 түлегі ұстазы Шұғай Қыс­тау­баевқа еріп, майданға аттанады. Солардың арасында он боздақ ту­ған жерге қайтып оралмайды, сүйегі ұрыс даласында қалды.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдары қазақ даласында тың жә­не­ тыңайған жерлерді игеру, қа­зір­гі «Қостанай минералдары» акцио­нерлік қоғамының бастауы болған асбест комбинаты ірге тепкен жылдары Жітіғараны ормандай орыс қаптап, қазақтар азшылық болып шыға келеді. Еліміздің солтүстік облыстарында қазақ мектептері жабыла бастағанда, №2 қазақ орта мектебіне де тықыр таянады. Сонда мектеп ұстаздары ешкімнен көмек сұрамай, облыстағы қазақ ауылдарына аттанады. Әр ауданнан бала жинап, ата-аналарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, орыс мектептерінде оқып жүрген қазақ балаларын ауыстырып, әупіріммен оның жабылуына жол бермейді.

– Сол орыс мектебінен ауыс­тырылған оқушының бірі мен едім, қазір алғысымды айтып оты­­рамын. Қазақ мектебінде оқып, көштен қалған жоқпыз, қай­­та ана тілімізге сусынымыз қа­нып өстік, – дейді мектептің 1960 жыл­ғы түлегі, Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы іріктеген дә­рі­герлердің ондығына кірген бел­гілі балалар дәрігері Мария Ке­ненбаева.

Мектептің мерейтойына келген Отан соғысының ардагері, белгілі жыршы Қасымхан Алдабергенов, Жаңылсын Жәкенова, Жаңылсын Жандырова, Наурызбай Әлмұхам­бетов секілді ардагер ұстаздардың қай­сысын әңгімеге тартсақ та, олар мұғалімдер ұжымының бір­лігін алдымен ауызға алды.

– Осы төңіректегі жалғыз қа­­­зақ мектебі болған соң ба, біз­­­­­дің ұжымда намыс алдыңғы орын­­да тұратын. Бір мұғалімнің ашық сабағы өтетін болса, соның жұ­мысына барлығымыз кірісіп, ті­лек­тес болып жүрер едік, – дейді Жа­ңы­лсын Жандырова апай.

– 90-шы жылдары мектебімізге та­ғы да қауіп төнді, барлығы 70­ бала ғана қалды. Сонымен ұстаз­дар намысты қолдан бермей, тағы да атқа қонды. Ауылдарды, тіпті өз­ге аудандарды араладық, түсінік жұмыстарын жүргіздік. Соның ар­қасында 1992 жылы тек бірінші сыныпқа ғана 60 бала келіп отырды. Оқушы саны бірте-бірте кө­бейіп, 2005 жылы 620 болды. Мек­теп тарлық етіп, білім сапасы төмендейтін болғандықтан, аудан басшылары екінші қазақ орта мектебін ашты, – дейді мерейлі мектепті көп жыл басқарған Нау­рызбай Әлмағамбетов.

1973 жылы мектеп директоры Мұса Шожановтың көп іздені­сімен мектеп те, оның интернаты да жаңа ғимаратқа көшеді, каби­неттік жүйе, тағы да көптеген жа­ңа­лықтар енгізіледі.

– Мектепте ұстаздық еткен әр кү­нім қуанышқа толы болатын. Оқу­шыларымның мені ренжіткен күні болмапты. Соның барлығы да жерде қалған жоқ, бір-бір мамандық иесі, тамаша адамдар болып қалыптасты, – дейді ардагер ұстаз Жаңылсын Жәкенова.

«Сіздің оқушылардың бүгінгі ба­лалардан айырмашылығы неде деп білесіз?» деген сауалымызға, ұс­таз көп ойланған жоқ.

– Ол кезде балалар биязы бола­тын. Олардың бойынан ұлттық мінез арылмаған еді-ау...– деп жа­уап берді.

– Біздің кезімізде үлкен үзіліс­ке шығысымен оқушылар сынып-сынып болып тұра қалып ән ай­татынбыз. Сондай дәстүр болды. Патриоттық әндер. Қандай ке­ремет еді! Біздің сыныпта әр екі бала жарысып оқитынбыз. Ме­нің бәсекелесім Жақсылық Ыс­мағұлов деген сыныптасым еді, – деп еске алады Мария Кененбаева.

Тоқсан жыл ішінде мектепті екі­ мыңнан аса түлек бітірген екен, соның алпыстан астамы­ «Ал­­тын медаль», кейіннен «Ал­тын белгі » иегерлері атанған. Сол үздік оқушылардың бірі Бер­лин Иришев – Қазақстанның Фран­циядағы елшісінің кеңесшісі, Аб­драхман Бегалинов – алтын кенін өндіру әдістерін өндіріске енгізген ірі ғалым, Ақылбек Шая­х­­мет – елімізге танымал ақын. Бі­лім ұясының мақтаныштарын осы­лай жалғастыра беруге болады. Мектеп ардагерлерін, ұжымын ау­дан әкімі Абай Ыбыраев құт­тықтады. «Қостанай минералдары» кәсіпорны 23 миллион теңге қар­жы бөліп, мектептің барлық те­ре­зелерін пластикке ауыстырып, 5 интерактивті тақта алып беріпті.

Мектеп түлегі, жас әнші Жұ­махан Жәнібеков, мектептің үшінші сынып оқушысы, биыл өткен «Бала даусы» респуб­ли­калық байқауының жүлдегері Яс­мин Аюпова білім ұясы ме­рейтойын­ әнге бөледі. Шара соңында мектепті басқару ісін қо­лына алған Айзада Дюкова бас­таған ұстаздар мен оқушылар бүкіл сахнаны алып тұрып, білім оша­ғының гимнін шырқады. Бұл намысты, бірлікті жоғары ұс­тайтын мектептің ішкі дәстүрінің жоғалмағанын айтып тұрғандай еді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,
​​​​​​​Жітіғара қаласы