Білім • 14 Қараша, 2017

«Егемендіктер» Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымымен кездесті

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газетінің журналистері Алматыдағы физика-математика бағыты бойынша тереңдетіп оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымымен кездесті. Басылымның негізгі оқырмандары саналатын мұғалімдер қауымы мен аталған мектептің жас шәкірттері рухани кештен әдемі әсер алып қайтты.

«Егемендіктер» Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымымен кездесті

Кездесуге «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі Мамадияр Жақып пен басылымның Алматыдағы тілшілер қосынының басшысы Нұрғали Ораз қатысты. Басқосу барысында басылымдағы мұғалімдерге арналған арнайы «Тәлім», «Білім» беттерінің үздіксіз шығып келе жатқандығы, бұл өз кезегінде ұстаздар мен ата-аналардың, өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың игілігіне бағытталған жоба екендігі кеңінен айтылды. Оқушылар басылымның арғы-бергі тарихы, өткені мен бүгіні жайлы көптеген мағлұматқа қанығып, ағаларына сауалдарын жолдады. Жоғарғы сынып оқушылары күмбірлетіп күй ойнап, жырдан шашу шашты.

Кездесуде ардагер журналист Мамадияр Жақып мектеп ұжымына алғысын айтып, «ғасырға жуық тарихы бар ата басылым «Егемен Қазақстан» газеті еліміздің мектептерімен шығармашылық  байланыс жасауды әрдайым назарда ұстап келеді. Назарбаев зияткерлік мектептері білім берудің барлық талаптарына, заманауи стандарттарына сай еліміздегі ең бір іргелі білім шаңырағы деп білеміз. Біз небір қиын замандарды көрдік. Жертөледе сабақ оқыған күніміз болған. Оқуға кітап таппайтынбыз. Ал, қазір заман сіздердікі. Оқып білім алуларыңыз үшін уақыт талабына сай барлық жағдай жасалған. Халқымыз «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. Расында да, қазір білімнің, біліктің заманы. Адамды биікке көтеретін – оқу-білім, жақсы мінез, жақсы тәрбие. Ендеше, жан-жақты сауатты, білімді, зерделі, бәсекеге қабілетті, рухани дүниесі бай азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін» деп ақ тілегін білдірді.

2014 жылы ашылған білім ордасында бүгінгі таңда мыңнан астам шәкірт білім алуда. Оқытушылар құрамы тәжірибесі мол білікті мамандардан құралған. Шет елдерден арнайы шақыртылған ұстаздар дәріс береді. Бір айта кетерлігі, аз жылдар ішінде аталған мектептің шәкірттері халықаралық олимпиадаларда топ жарып, жас зияткерлерге арналған әлемдік жобаларда көш басынан көрінген. «Бұл мектеп ұжымына жасалған қолдау мен ұстаздар тарапынан қойылатын жоғары талаптың, зор ізденістің нәтижесі дейді»  шәкірттер.

Кездесу соңында мектеп басшылығы келген қонақтарға зор алғысын білдіріп, оқушылардың өз қолынан жасалған естелік сыйлықтарын тарту етті.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ