Білім • 15 Қараша, 2017

Екібастұздағы Қыздар гимназиясының ғимараты тарлық етуде

853 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетпіс жыл бойы жоғалтқанымызды түгендей бастаған тұста Екібастұздағы дарынды педагогтардың бірі Ләйла Сырымбетова ерлікке пара-пар іске тәуекел етіп, қазақ қыздарын жаңаша тәрбиелеудің тұжырымдамасын жасады. Нәтижесінде Қазақстанда бірегей жоба – мемлекеттік тілде білім беретін қазақ қыздар гимназиясының тұсауы кесілді. 24 жылдық белесті бағындырған бұл гимназия – 2010 жылдан бері Ұлттық бірыңғай тестілеуден қала деңгейіндегі үздік мектептер қатарында.

 

Екібастұздағы Қыздар гимназиясының ғимараты тарлық етуде

Бірегей білім ошағының басшысы Саламат Избастинаның айтуынша, өткен жылы 26 оқушы алтын ұямен қоштасты. Соның 19-ы грантқа түсті. Жылда «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлері ҰБТ-да білімдерін дәлелдеп жүр. Биыл «Алтын белгіге» 4 үміткер бар. 

Мектепте барлығы 27 үйірме жұ­­мыс істейді. Оның ішінде «Арт-сту­диясы», «Әуен», «Бозторғай», «Жас дарын», «Театр», «Шебер қолдар», «Назер­ке» би ансамблі мен «Ақжелең» домбыра үйірмесі білім ошағының абыройын арттырып жүр. 2015-2016 жылдары Г.Ақшолақова жетекшілік ететін «Назерке» домбыра ансамблі халықаралық «Ерлігі – елге мұра» байқауында бас жүлдені олжалады, 2 оқушы 1-орынды еншіледі. Осы жылы И.Смағұлова жетекшілік ететін «Наз» ансамблі «Соло» аталымында бас жүлдені, орта топ 1-орынды, жоғары топ ІІ орынды иеленді. Жуырда көркемсурет мектебінің бөлімшесі ашылады. 

Гимназияның негізін қалаушы Ләйла Сырымбетова білім ордасымен байланысын үзген жоқ. Бүгінде Астанадағы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында 3 тілде білім беретін бөлімді басқарады. Былтырдан бастап Ләйла Сырымбетова атындағы пән олимпиадасы дәстүрлі түрде өткізіле бастады.

«Гимназияның жұмысы «Қыздар әліппесі» авторлық бағдарламасы мен «Қыздар әліппесі» хрестоматиясына негізделген. Білім беруден бөлек, осы бағдарлама қыздардың келешекте отбасының ұйытқысы болуына әсер етті ме? Сіздер статистикалық зерттеулер жүргізіп көрдіңіздер ме деген сауалымызға Саламат Дәуітқызы: «Қазақ қыздар гимназиясының бас­ты идеясы – «Жұртыңды қорғаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды қорғаймын десең, қызыңды тәрбиеле». Мектепте оқу-тәрбие жұмысының тұжырымдамасы, мектеп түлегі мен қазақ қыздар гимназиясы мұғалімінің моделі жасалды, оларды жыл сайын ата-аналар қоғамы әлеуметтік сұранысқа сай толықтырып, түзетіп отырады. Бұл бағдарламаның мақсаты – ұлттық рухани байлықты жалпыадамзаттық мәдениетпен ұштастыра байланыстыру арқылы қазақ қыздарын тәрбиелеу және оқыту. Бағдарлама аясында барлық оқу пәндері қамтылған және сыныптан тыс жұмыстар енгізілген. Статистика демекші, гимназияның 20 жылдығы қарсаңында осы аралықта білім алған 2 мыңнан астам түлектің қазіргі жағ­дайымен сынып жетекшілері арқылы таныстық. Зерттеудің нәтижесінде гимназияда тәрбиеленген қыздардың 90 пайызы өз отбасыларының ұйытқысы болып отырғанына көз жеткіздік. Яғни бірен-сараны болмаса жалғызбасты, ажырасқан аналар жоқтың қасы», деп жауап берді. Әрі қарай әңгімесін сабақтаған ол: 2008 жылы бізге ғимараттың 200 балаға лайықталған екінші қанаты бөлінді. Біз 183 баламен көшіп келдік. 20 жылда бала саны екі есе өсті. Бүгінде 403 бала білім алуда. Соның салдарынан екі ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Ата-аналар тарапынан наразылық білдірушілер көп. Осы мәселе шешімін тапса екен дейміз», деп түйіні шешілмей тұрған мәселені де айтты. 

«Ойды ой қозғайды» демекші, демо­графиялық өсімге байланысты бүгінде қа­зақ мектептеріне деген сұраныстың өсіп ке­ле жатқандығын уақыт көрсетіп отыр. Кей­бір қазақ мектептері екі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. Екінші ауысымда оқу немесе түстен кейін еңбектену мұғалімге де, оқушыға да қолайсыздық тудырады. Осындайда балалары екінші ауысымда оқитын ата-аналардың өкпе-ренішіне түсіністікпен қарау керек.

Әйтсе де біз түсінбейтін бір жай – қазақ мектептерінде бала санының көптігіне қарамастан, кейбір мемлекеттік мекемелерді білім ордасының ошағына көшіру қандай қажеттіліктен туды екен деп ойлайсың. Мәселен, №18 мектептің бір қанатында қалалық архив, №2 мектепте педагогикалық-пси­хологиялық медициналық орталық, №36 лицей-мектебінде қазақ-түрік ли­цейі орналасқан. Ал №25 қыздар гим­назиясының күйі жоғарыдағыдай. Бұл гимназия ұжымы мен оқушылар өгей баланың күйін кешіп, асхананы, спортзалды, медпунктті №24 мектеппен бірге пайдаланып отыр. Оның өзінде басымдық – ғимарат иесі №24 мектепке беріледі.

Білім ордасы балаларға ғана қызмет көрсетуі тиіс деген ойдамыз.

Дария ЕРҒАЗИНА,
журналист

Павлодар облысы, 
Екібастұз қаласы