16 Қараша, 2017

Кеңесіп шешкен ұтымды болады

730 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Алматы қаласындағы академик Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика оқу-зерттеу орталығы мен Қазақ психология қоғамының бірлескен мәжілісі болып өтті. Оған қатысушылар «Латын әліпбиіне көшудің ұлт тағдырына әсері» атты тақырып төңірегінде ой бөлісті.

Кеңесіп шешкен ұтымды болады

Профессор Қ.Жарықбаев «Қазақ тілін кириллицадан латын әліпбиіне кө­ші­рудің психологиялық астарлары» деген тақырыпта талдау жасап, латын тілінің әлем­дегі рөлі, оны біздің елде енгізу тарихы, артықшылығы мен кемшін тұстарына бай­ланысты ғылыми баяндама жасап, осы мәселе төңірегінде қызу пікірталас өрбі­ді. Жарыссөзге қатысқан профессор ғалым­дар А.Акажанова, О.Саңғылбаев, М.Құ­дайқұлов, М.Перленбетов, И.Әбеуова, Ұ.Тө­лешова және т.б. аталмыш мәселені талқы­лауда ең алдымен ұлт мүддесі жоғары тұруы керек екендігіне ерекше назар аударды.

Адам баласы қаншама көп тіл білсе де, оның ана тілі – біреу. Ана тілі – қоғамның, әлеуметтік, рухани, мәдени дамудың негізгі арқауы. Ол ғылым білім, өнер, өнеге кілті, этностың құралы. Ана тілінің ерекше бір қасиеті – оның сөздік қор жинақтаушы қызметі. Ол арқылы әр этностың барша рухани, мәдени, материалдық байлығы, басынан кешкен тарихы, сан мыңдаған сөз маржандары арқылы, халықтың жадында сақталып, ата­дан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ұлттық мұра ре­тінде жетеді. Ол жас ұрпақ үшін алдымен өзін, елін, туған жерін тануға, өткенін зерделеп, бүгінгісін бағалап, болашағын болжауға қажет­ті аса құнды қазына екенін Қ.Жарықбаев баса айтты.

Біз компьютерге қазақ дыбысына тән таңбаларды енгізуіміз қажет. Мәселен, нақтылап айтсақ латын әрпімен «Latыn» деп жазу оқуға да, жазуға да, айтуға да жеңіл. Бірақ мұны ұсынылған жобада бірде «Latyn» деп бірде «Латын» деп жазылып жүр. 1929-1940 жылдары қолданыста «ы» әріпі (кириллицада «ы») өз алдына жеке әріп таңбасы болды. Осыған орай «Алматы» сөзі «Аlmatы» болып жазылатын. Ал қазіргі жобада «Almaty» болып жазылып жүр. 

1929-1940 жылдар арасында халқымыз қолданған латын қарпі қазіргі тіл білімі ұсынып отырған жобадан оқуға да, жазуға да жеңіл екендігі дау тудырмайды. Ол жүйеде әріп таңбаларын бір-бірімен шатастыру деген болмайтын. Сол жылдары бір-екі әріп таңбасы өзгеріске түсе қалса, мұны өкімет орындары қатты қадағалап ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі арнаулы қаулы шығарып, жұртшылыққа жариялап отыратын. Осы жайтты жиынды ұйымдастырушылардың бірі, қазіргі психология ғылымының ақсақалы Құбығұл Жарықбаев қадау-қадау етіп айтып берді. 

Латын графикасына көшкенде еліміз түгелге жуық қазақ тілінде сөйлегенде ғана өзінің нә­тижесін беретіні, сонда ғана оның күш-қуатының артатыны мәлім. Алдағы жерде біртіндеп «орыс тілі – ресми тіл» деген тіркесті бадырайтып жазбай, ақырындап, елді дүрліктірмей-ақ латын таңбасына көшкеніміз, Президент айтқандай, нағыз дамудың эволюциялық жолы болар еді. 

Латынға көшу жастарымыздың болашағын ойлау, ұлттың тұтастығына қатысты мәселе екені даусыз. Осыған орай құрылатын Ұлттық комиссия жұртшылық тарапынан айтылған ұсыныстарды таразылап, нақты шешімге келеді деген ойдамыз.

Латынға көшу науқан емес, бұл ең алдымен «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген принципті қағиданы басшылыққа алып, елімізде қазақ ті­лінің келешектегі даму перспективасымен сабақ­тастығы бар мәселе екендігін ұмытпауымыз керек.

Сондай-ақ өткен жиында төмендегі ұсы­ныстар қабылданды:

1) Қазақ-латын әліпбиінің жобасы жө­нінде жұртшылықтың ойланып толға­нысына уақыт берсек, ұтпасақ ұтылмаймыз;
2) Жобадағы әріп таңбаларында ағыл­­шын­шасы басым, соны қазақ-
тан­­­­дыр­ғанымыз жөн. Өйткені қазақ тілі­нің әріп таңбалары барша түркі тілдес­тер­ге қарағанда өзгешеліктері мол дүние;
3) Бұл жерде 1929-1940 жылдары қабыл­дан­ған бір дыбысқа бір әріп қағидасын ұстанға­ны­мыз жөн.

Мұқан ПЕРЛЕНБЕТОВ, 
Қазақ психология қоғамының 
президенті, психология ғылымдарының докторы, 
профессор