Медицина • 17 Қараша, 2017

Хат қоржын

806 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқырман...

Хат қоржын

...пікір білдіреді

Тартымды дүниелер көбейіп келеді

«Егемен Қазақстан» газетінің байырғы әрі тұрақты оқырмандарының бірі ретінде пікір білдіргім келіп отыр. Рас, бас басылым болғандықтан «Егемен» елге қатысты ресми сипаттағы материалдарды беруге тиіс. Әйтпесе оны бұдан өзге бір де бір басылым бермейді. Әйтсе де, соңғы кезде газет бетінде оқылатын тартымды дүниелердің көбеюі – оқырмандарды өзіне бұрынғыдан да қызықтырып тарта түседі. Сондай-ақ басылым авторлары мен меншікті тілшілердің әртүрлі тақырыптарда қоғамымыздың кейбір түйінді әрі түйткілді тұстарын қозғаған сараптамалық мақалалары да оқылмай қалмайды. Осындай ойлы дүниенің бірі бірінші қараша күні жарияланған қаламгер Қали Сәрсенбайдың ойтолғағы деп білемін.

«Егемен» қашанда елдіктің сөзін айтады. Ел-жұртты толғандырып жүрген мәселелерді өз беттерінде жариялауы арқылы үкімет пен жоғары мемлекеттік органдардың назарына ұсына білетіні де – оның артықшылығын көрсетеді. Тағы бір айтайын дегенім, интернет-нұсқадан гөрі басылымның кәдімгі қағазға басылған газеттен оқығандағы әсер тіпті бөлек, айрықша деп білеміз. Меніңше «Егеменге» жазылыңдар деп оны насихаттаудың қажеті жоқ. Өйткені онсыз да бұл газет оқылымды әрі тартымды дүниелері арқылы әр оқырманның жанын баурап, жүрегін тербете біледі. 

Идош АСҚАРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі
АҚТӨБЕ

 

...жаңалығын жеткізеді

Жылжымалы киіз үй жасады

Шымкенттік шебер Еркінбек Бөкенбаев дөңгелекті киіз үй құрастырып, өнертапқыштың жасаған бұл туындысы бүгінде көпшіліктің қызығушылығын туғызып отыр. Киіз үй пішіндес заманауи тіркемені автор «Қазақ арбасы» деп атаған. Инновациялық жобаны жасауға шебердің 6 ай уақыты кетіпті. Оған қажетті бөлшектерін шетелден алдыртқан. 

«Мен киіз үйге жаңа технологияны ендіріп, заманауи үлгіде жасауға тырыстым. Оның сәулеті мен ішіндегі тазалығы, барлығы да алдын ала ескерілген. Біздің ұлттық құндылығымыз да көрсетілген. Қазір бұл киіз үйге қызығушылар көбейіп отыр», дейді шебер Еркінбек Бөкенбаев.
Өнертапқыш киіз үйдің қолынан шыққан үшінші туындысы екенін айтады. Айтуына қарағанда, бұған дейін жеміс-жидек пен көкөніс сатуға арналған жылжымалы дүңгіршек жасап шығарыпты.  

Айнұр АҚБАЕВА
Шымкент

 

...кеңес береді

Алдыңғы кезекте ана тіліміз тұрса...

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін қазақша ойлауымыз керек. Қазақша ойлау үшін білімнің негізін тек қазақ тілінде оқыту керек. Орта мектепте әліппеден бастап барлық пәндер ана тілінде оқытылса ғана оқушы қазақша ойлауға дағдыланады. Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз орысша ойлап барып қазақша сөйлеп жүрміз. Жазуымыздың да сипаты шамалы. Осыдан барып не қазақ тілін, не орыс тілін, не ағылшын тілін дұрыс меңгермеген дүбәра жандар көбейіп кете ме деп қауіптенемін. Бұл арада шет тілін оқытудың керегі жоқ деген ұғым тумаса керек. Ағылшын тілі орыс тілімен қабат 7-сыныптан бастап тіл үйрену есебінде оқытылуы керек. Әрі қарай әркім өзінің қабілеті мен қажетіне негіздеп өз бетімен, өз қаражатына оқуы керек.
Айтпақшы, өз бетімен оқудың мысалын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан үйренсек ғанибет болар еді. Қараңыздаршы, Елбасының кез келген шығармасы қазақ сөзінің мәйегіне тұнып тұр. Елбасы шығармаларында жаңа қоғамның дамуы, ғылымның сан-салалы аспектілері қазақ сөзімен өрнектелген. Ендеше қазақ сөзінің бас жоқтаушысы, ұлықтаушысы Елбасының шығармаларын қазақ тілін дамытуға баға жетпес оқу құралы ретінде пайдалануымыз керек.

 Қазақша ойлап, қазақша сөйлеу (жазу) үшін білімнің негізін тек қазақ тілінде оқыту керек. Жалпы, білім беретін мектептерде әліппеден бастап барлық пәндер қазақ тілінде оқытылса. Бұл іс-шара латын әліпбиіне көшу мерзімімен ұштастырылса. Н.Ә.Назарбаевтың шығармалары жалпы білім беретін мектептердің 10-сыныбынан, арнаулы және жоғары оқу орындарының алғашқы екі курсында қоғамтану пәні ретінде оқытылса. 

Қабдыл АХМЕТ,
КСРО және Қазақстан Республикасы 
оқу-ағарту ісінің үздігі
СЕМЕЙ

 

...өкініш білдіреді

Кереметтен айырылып қалмайық

Әлдекім: «Жасандылық қайда?» деп сұрай қалса, мен «Мереке күндері қазақ киген оюлы шапан ішінде», деп қиналмай жауап берер едім. Иә, біз дәл сондай күндері жан дүниеміздегі жасандылықты қазақтың шапанымен жасырғымыз келеді. Ұялмай, қызармай мақтана суретке түсіп, оны әлеуметтік желіге салып жататынымыз сондықтан. Сонда деймін-ау, ұлтжандылығымыз бен намысымызды жасандылыққа сыйғызғанымыз қай жетіскеніміз?
 Арқада Жаңаарқа деген жер бар. Шалы да, кемпірі де, ұлы да, қызы да шапан киеді. Иә-иә, шапанмен көшеге шығады, дүкен аралайды, тойхана мен театрға барады. Бірінің біреуден ұялғанын немесе шапан кидім деп мақтанғанын көрмейсің. Иығына іледі де жүре береді. Оюлы да емес, кәдімгі пүліш, не барқыттан ішіне жүн тарта сырылған қарапайым шапан. Кисең киім, шаршап қисайсаң төсеніш, салқынға сыр бермес жамылғы. Керемет емес пе!? Өтінерім: осы кереметтен айырылып қалмайық.

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ
АЛМАТЫ 

 

...қауіптенеді

Есірткімен есірмейік! 

Бабаларымыз «Аурудың алдын ал, жаудың алдын ал, қайта көтерілген даудың алдын ал» деген екен. Ғасыр дертіне айналған есірткі және оны тұтынудан аулақ болу, кеселдің алдын алу қажеттілігі бүгінгі күн тәртібіндегі ең басты өткір мәселелердің бірі болып отыр. 

 Соңғы он жылда еліміздегі нашақорлар тобы молайып, оның ішінде балалар мен жастар арасындағы есірткіге құмарлар қатары өскен екен. Соның ішінде есірткі дертіне шалдыққандардың жасы отыз жастан жоғары емес. Бұл жағдай күннен-күнге есірткі пайдаланушылардың «жасарып» келе жатқандығын дәлелдейді. Талай жеткіншек нашақорлық салдарынан қауіпті кеселдің құрбанына айналып, жыл сайын ата-ана, туған-туыстарына қайғы-қасірет әкеліп жатыр. 

 Нашақорлықты емдеуден гөрі алдын алу жеңілірек болады. Егер бұрын жағдайы нашар ортадан шыққандар ғана нашақор болса, ал қазір бұл эпидемия қоғамның барлық деңгейін қамтып келеді. Нашақорлық ұлт таңдамайды. Есірткіге құмарлық өмір бойы сақталуы мүмкін. Қауіптен құтылудың ең дұрыс тәсілі – оларды ешуақытта татып көрмеу. 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы