16 Қараша, 2017

Тиімді тәсілдің бірі – әдістемелік базаны дамыту

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––

Ақтөбе аймағында латын графикасына көшу мәселелерінің таяудағы тактикасы мен серпінді стратегиясын белгілеуге арналған келелі басқосу өткізілді. 

«Бұл – біз үшін кезекті іс-шараның бірі емес, үлкен тарихи міндет. Сондықтан да қазақ тілін латын графикасына ауыстыру ісінің арқалайтын жүгі салмақты, жауапкершілігі мол. Рас, жаңа алфавитті бір демде, бір сәтте енгізе салудың ешқандай қиындығы жоқ. Алайда гәп басқада. Мұның өзі оның тиімді жолдары мен тұтқаларын табу болып табылады. Біз бүгін сол үшін де жиналып отырмыз», деді жиынға төрағалық еткен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. 

Бұдан кейінгі кезекте қазақ тілі әліп­биін латын графикасына ауыстыру қа­жеттілігін атап көрсеткен Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жария­лан­ғаннан кейін өңірде құрылған ақ­параттық-түсіндіру топтарының қызметі әлі күнге дейін жалғасып келе жатқаны ай­тылды. Тек ендігі кезекте оның соны си­паты мен уақыт ерекшелігіне сай жаңа тұжырымдарға басымдық берілмек. 

Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту бас­қармасының басшысы Гүлайым Төлебаеваның айтуынша, аймақта латын графикасына көшуге байланысты ха­лықтың ой-пікірін айқындау жөнінде ти­істі іс-шаралар кешені белгіленіп, жү­зеге асқан. Әлеуметтік сауалнама қо­ры­тындылары облыс тұрғындарының түгелге дерлік бөлігі аталған реформаны қолдағанын көрсеткен. Ал қазіргі кез­де мұнда жаңа қазақ әліпбиінің нақ­ты қандай нұсқада көрініс табатыны жөнінде кең ауқымды пікірталастар өріс­теп келеді. 

Басқосу кезінде жаңа алфавитті енгізу жұмыстары кезең-кезең бойынша қолға алынуына байланысты бірінші кезекте мұғалімдердің біліктілігін арт­ты­руға көңіл бөлінуі қажеттігі аталып өтті. Сонымен бірге латын графикасын енгізудің тағы бір тиімді тетігінің бірі  әдістемелік базаны дамыту болмақ. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мем­лекеттік университеті, филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Гүлзат Са­ди­рова өз ойын осы тұрғыдан өрбітті. Жи­ын барысында ортаға тасталған тағы бір маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік тіл тө­ңірегіндегі реформа­ларды БАҚ арқылы көр­сету мен жариялауға қатысты туындады. Бұл орайда «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС басшысы Раукен Отыншин және «Қазақстан РТРК» АҚ филиалының директоры Ернұр Бурахан осы бағытта қолға алынған жұмыстар туралы баяндап берді. Атап айтқанда, Р.Отыншин Пре­зиденттің бағдарламалық мақа­ла­с­ы жарияланғаннан кейінгі алғашқы күндерден бастап-ақ түсіндіру жұмыс­та­ры серіктестікке қарасты барлық ақ­па­раттық ресурста кеңінен жүргізіле бас­тағанын баяндап, бұл шара қазіргі кү­ні де жалғасып келе жатқанын айтып берсе, Е.Бурахан жаңа телемау­сымда «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» идеясын негізге алған сегіз теле­бағдарлама жарыққа шыққанын жет­кізді. Жалпы алғанда Мемлекет бас­шысының бағдарламалық мақаласы «Ақтөбе» телеарнасының барлық жаңа жобаларында көрініс таба бастады деді ол. 

Кездесу қорытындысында қазақ тілінің латын жазуына ауысуы халық­ара­лық стандарттар талаптарына сай жүр­гізіліп отырғаны жөнінде түйін жасалды. Өз кезегінде жоғарыда айтылған ти­істі талаптарға сай ақпараттық-тү­сіндіру жұмыстары да одан әрі жалғаса бер­мек. 

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Суретте: басқосудан көрініс