16 Қараша, 2017

Атырау облысында 23 кооператив құрылған

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аграрлық саланы дамытуға бетбұрыс жасау жайы Елбасының биылғы Жолдауында да айтылды. Соның ішінде мал шаруашылығын өрістету, шағын фермерлік құрылымдардың басын қосып, кооперативтерге біріктірудің оңтайлы жағдайын жасауға ерекше көңіл бөлініп отыр. 

Атырау облысында бүгінге дейін 23 кооператив құрылды, оның біреуі – сүт, қалғандары ет бағытында. Аз уақыт ішінде табысты еңбегімен танылып үлгергендердің бірі – «Құлагер Т» кооперативі.

Атырау облысындағы Жылыой ауданы – мал шаруашылығына қолайлы өңір. Шалғай өңірдегі кооператив биыл  жұмысын бастады. Бүгінде кооператив құрамында 20 мүше бар. «Мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп бастап, нәсіп табамын дейтін азаматтарға мүмкіндіктер қарастырылған, – дейді «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова. – Әсіресе фермерлерге ауылшаруашылық кооперативі арқылы жақсы жетістіктерге жетуге болады. Бұл құрылымның артықшылығы – мемлекеттің қолдау шараларына, жеңіл­де­тілген несиелерге қол жеткізіп, шағын шаруашылықтардың техника мен технологияларды бірігіп пайдалануда және бұл тәсілмен ауылшаруашылық өнімі көлемін арттырып, оның өз құнын төмендетуде, одан мол табыс алуда». 

Әрине тың бастаманы жолға қою үлкен жауапкершілікті қажет етеді. «Құлагер Т» кооперативін басқаратын Жылы­ой ауданының тұрғыны Жұмаш Тасу «Біз­дің жұмысымызды көріп, қатарымызға қо­сылуға ниеттілер күн санап көбеюде «Береке» бағдарламасының аясында кооператив мүшелері  қаржы­лан­дырылып, 40 ірі қара мал басын сатып алды», дейді.

Өндірістік кооперативтерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек аз емес. Мысалы, кооператив «Ынтымақ» бағ­дар­ламасы арқылы құны 15 млн тең­ге тұратын модульді мал сою бекетін са­тып алған. Технологиялық тұрғыда тоңа­зытқыш жабдықтармен қамтылған, ве­те­ринар дәрігердің арнайы бөлмесі қа­рас­тырылған бекет барлық талапқа сай. Нысан құнының елу пайызын мемлекет өз мойнына алды. Кооперативке 7,5 млн тең­гені инвестициялық субсидия ретінде төлеу жолымен кері қайтарады. Ал қалған бө­лігін жеті жыл ішінде төлеуі тиіс. Сонымен қатар кепілдік ретінде осы бекеттің өзі қойылды. 

«Жаңадан іс бастаймын деген азамат­тар­ға бұл үлкен жеңілдік, – дейді Жұмаш Тасу. – Кооперативке әр мал басы үшін мем­лекет тарапынан 20 мың теңге субсидия төленеді. Кооперативтің бір мүшесі орта есеппен 20 ірі қара мал алуды жоспарлап отыр, демек шаруа оңтайлы болып, табыс та молаяды деген сөз».

Тағы бір тиімді тұсы – бағдарламаға қатысушылар несиені алған уақытынан тоғыз айдан кейін төлеуіне болады әрі пайыздық үстемесі төмен. Ал кооператив 50 млн теңгеге дейін несие ала алады. Оның көмегі көп. Мысалы, сойылған етті талапқа сай сақтап, сапалы күйінде тасымалдау үшін рефрижератор қажет. «Құлагер Т» АӨК ұжымы бұл жабдықты да несиемен алды. Есесіне техника құнының жартысын ғана төлеп, кепілге өзін қояды. 
Мемлекет басшысының агроөнер­кә­сіптік кешенді дамыту жайлы тапсыр­масы аймақтарда лайықты жүзеге асып жат­қанын осындай өндірістік коопе­ра­тивтердің жұмыстарынан көре аламыз. Ауыл­да дайындалған ет өнімдері, шұжық пен жартылай фабрикаттар азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етеді.

Күн санап өрісі кеңейіп, ай санап шаруасы оңтайланып келе жатқан ұжымның алар асуы алда. Ауыл халқын бір істің басына бірігуге шақырып жүрген кооператив басшысының еңбегі елеусіз емес. Ауыл тұрғындары кәсіп табуға мол мүмкіндік барын сезініп, кооперативке мүше ре­тінде қатысуға өтініштерін білдіруде. 

«Біздің аудан мал өсіруге қолайлы болғанымен, қорасында бір қарасы жоқтар да бар. Ата-бабамыз осы жерді мыңғырған малға толтырды, енді сол кәсіпті жалғау­ы­мыз керек, – дейді «Құлагер Т» өндірістік кооперативінің басшысы Жұмаш Тасу. – Ең бастысы, мемлекет тарапынан қамқорлық та, қолдау да бар. «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» АҚ қашанда кө­мекке дайын. Жаңа бағдарламалар, тың бас­тамалар енгізіліп жатыр. Жақсылыққа жақсылықпен жауап беру – парыз. Мал өсіргеннің пайдасы көл-көсір екенін сеніммен айта аламын».

Кооператив құру бағдарламасы ауыл-елдегі бірқатар мәселелердің ше­ші­мін табуына септігін тигізеді. Жұ­мыс­­сыздықтың азаюына да қосар үле­сі зор. Әсіресе ауыл жастарының ата­кә­сіп­ке қызығушылық танытып, коопе­ра­тивке мүше болуға талаптанып жат­қан­дары көңіл қуантады. «Құлагер Т-ға» қатысушылар қатары да жастармен толығуда. Бұл – жақсы үрдіс. 

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ