Үкімет • 17 Қараша, 2017

Үкімет басшысы Жамбылдағы минералды тыңайтқыштар зауытына барды

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өңірдің Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыстарымен танысты. Үкімет басшысы Қазақстандағы жалғыз минералды тыңайтқыштар зауыты болған «Қазфосфат» ЖШС-ны аралады.

Үкімет басшысы Жамбылдағы минералды тыңайтқыштар зауытына барды

Өңірдің ірі жүйе құраушы кәсіпорны ауыл шаруашылығына арналған минералды тыңайтқыштар, жем-шөптік фторсыздандырылған фосфаттар өндіреді. Бақытжан Сағынтаев өндірістің ағымдағы көрсеткіштерімен танысып, экспорт көлемін арттыру бойынша баяндаманы тыңдады.   

«Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіровтың айтуынша, ИИДМБ аясында 2016 жылы зауытты қайта жөндеу өндіріс көлемін 2 есеге арттыруға мүмкіндік берген. Биыл 300 мың тонна фосфорлы минералды тыңайтқыштар өндіріліп, олардың 108 мың тоннасы Қазақстанның қажеттіліктерін 100% қамти отырып, ішкі нарықта өткізіледі. 200 мың тоннаға жуығы Қытай, Ауғанстан, Ресей, Украина, Уругвай, Аргентина елдеріне экспортталады. Румыния, Чехия, Болгария, Иран нарықтарын игеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келер жылы фосфорлы минералды тыңайтқыштар өндірісі көлемін 500 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Тимур Жанке ИИДМБ Индустрияландыру картасы аясында 2017 жылы өңірде 1448 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 18,8 млрд теңге сомаға 13 жобаны іске асыру көзделгенін айтты. Жыл басынан бері 8,3 млрд теңге сомаға 6 жоба енгізілді, 398 жұмыс орны құрылды.   

Жалпы елімізде биыл 10 айда экономиканың барлық базалық салалары бойынша өндіріс өсімі байқалған. Өнеркәсіп көрсеткіштері өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға жақсарды, оның ішінде Жамбыл облысы бойынша өсім 1,4% құрайды.