Футбол • 18 Қараша, 2017

Төрт дүркін чемпион дүркіретіп той берді

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада ел біріншілігінде қатарынан төрт рет топ жарған "Астана" футбол клубының футболшыларын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Төрт дүркін чемпион дүркіретіп той берді

"Осыдан 5-6 жыл бұрын клубты қабылдап алғанымызда, досым Саян Хамитжановпен қандай команда құрамыз деген тақырыпты талай талқыладық. Ақылдасып, алдағы жоспарларды айқындап, нақты мақсат қойдық. Бүгін еңбегіміздің нəтижесін көріп, қуанып тұрмын. Команда сенімімізді ақтады. Барлықтарыңызды кезекті чемпиондықпен құттықтаймын"-, деп бастады іс-шарада алғашқы сөзді алған "Астана" Президенттік клубы Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, ҚР Парламент сенатының депутаты Дархан Кəлетаев.

Дархан Аманұлы келесі жылы "Астана-Арена" алаңының жанынан клубтың арнайы спорт кешенінің құрылысы басталатынын айтып футбол жанкүйерлерін қуантып қойды.

Марапаттау рәсімінде келесі құттықтау сөз "Астана" футбол клубының бас менеджері  Саян Хамитжановқа берілді. Саян Жақсыгелдіұлы клубқа жан-жақты қолдау білдіріп келе жатқан Əділбек Жақсыбеков, Өмірзақ Шөкеев жəне  Дархан Кəлетаевқа алғысын білдірді.
"Біздің команда алдына қойған мақсаттарын орындап шықты. Биыл төртінші рет қатарынан ел чемпионы атандық. Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеттік. Сондай-ақ, көктемгі бөлігіне де шығуға мүмкіндігіміз бар. Қазақстанның намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап жүрміз деп айта аламын. Футболшылар мен бапкерлерге алғысымды білдіремін. Маусым бойы жеңіспен қуантқандарыңыз үшін рахметімді айтамын, деп ағынан жарылды клуб басшысы.
 
"Астана" футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов 2017 жылғы Қазақстан чемпионатының үздік бапкері деп танылды. Команданың бас бапкері чемпиондыққа футболшылармен қатар, əр қызметкердің үлес қосқанын атап өтті.

Футболшыларға чемпиондық марапатты Астана қаласының əкімі Əсет Исекешев, Қазақстан футбол федерациясының, Кəсіпқой футбол лигасының басшылары Сейілдə Байшақов және Азамат Айтхожин табыстады. 

Сонымен қатар, мерекелік іс-шарада ел біріншілігінде чемпион болған "Астана-2005" жасөспірімдер командасы марапатталып, бірнеше номинациялар бойынша жылдың үздік ойыншылары анықталды.


"Үздік ойыншы" - Дмитрий Шомко
"Үздік гол авторы" - Патрик Твумаси
"Үздік жаңа ойыншы" - Иван Маевский
"Көрермендер көзайымы" - Джуниор Кабананга
"Команданың адал ойыншысы" - Абзал Бейсебеков
"Үздік бапкер" - Станимир Стойлов 


Ермұхаммед Мəулен
Еркебұлан Жомарт
"Егемен Қазақстан"

Соңғы жаңалықтар