18 Қараша, 2017

Өзге ұлт өкілдері де латын қаріпті көне кітаптарды ұстап көрді

446 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Семейде «Тілге құрмет-елге құрмет» атты өзге ұлт өкілдеріне арналған облыстық білім байқауының қатысушылары «Латын қаріпті кітаптар» атты кітап көрмесіне арнайы келді. Шара барысында сирек басылымдар қорындағы сақталған 1929-1940 жылдар аралығында жарық көрген басылымдар таныстырылып, шолу жүргізілді.

Өзге ұлт өкілдері де латын қаріпті көне кітаптарды ұстап көрді

-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында осы көрмені өзге ұлт өкілдеріне ұсынып отырмыз,-деді Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхананың директоры Гүлнар Жігітбаева,-татар, өзбек, орыс, белорус, кәріс ұлтының өкілдері шара барысында сирек басылымдар қорында сақталған, 1929-1940 жылдар аралығында жарық көрген кітаптармен танысты.

-Мұнда 1929-1940 жылдары басылған әліппені көріп таң-тамаша қалдым,-дейді Оксана Гребенчук,-тіпті, жаратылыстану, химия, анатомия, жағрафия сияқты пәндік кітаптар мен Абай Құнанбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқановтардың латын қаріптерімен терілген шығармалары бар екен. Қазақ халқына латын қарпі бұрыннан таныс екендігін байқадым.

Өзге ұлт өкілдерінен соң қаладағы Т. Аманов атындағы №16 мектеп оқушылары да арнайы келіп, көрмені тамашалады. Олардың назарына Ә.Ермековтің «Ұлы математика курсы» (1935ж.), А.Мамытұлының «Денсаулық жолында» (1935 ж.), Т.Шонанұлының «Орыстарға қазақ тілін үйреткіш» (1931ж.), Таңқыбай (І.Жансүгіров) «Құқ: сатиралық әңгімелер жинағы» (1935 ж.) сияқты латын тіліндегі басылымдар ұсынылды. Барлығы «Абайдың рухани орталығына» барып, Абай атамыздың қолының табы тиген кітаптарды да ұстап көріп, қатты қуанды. 

 Раушан Нұғманбек,
Семей.
Суреттерді түсірген автор