Аймақтар • 18 Қараша, 2017

Атырауда ақын Өтеген Оралбаевтың шығармашылық кеші өтті

1212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өнерімен де, өмірімен де елге қызмет етіп жүрген тұлғалар аз емес. Солардың қатарында Өтеген Оралбаевтың да есімі құрметпен аталады. Ол - ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік қызметтің үздігі, Президент сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, журналистика академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты, Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, Жылыой ауданының  Құрметті азаматы, мәдениет және қоғам қайраткері.

Атырауда ақын Өтеген Оралбаевтың шығармашылық кеші өтті

Атырауда  шығармашылық кешін өткізген ақын: «Туған жерге тағзым етудің  мақсаты - елге алғыс айту, бүгінге дейін еткен еңбегіңді, жасаған жұмысыңды көрсету, жеткен межеңді белгілеу және алдағы сапарыңды сараптау. Жерлестеріммен жүздесіп, жаныма жігер, қуат пен шуақ алып кету үшін Жайыққа келдім», - деді. 

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында өткен шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма  төрағасының бірінші орынбасары, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай,  филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек,  белгілі ақын, мәдениет қайраткері Жақсылық Айжан мен кеш иесінің отбасы қатысты.

Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай: «Өтеген ақын – соғыстан соңғы туғандардың буыны. Ақкиізтоғай аталған кішкентай ауылдан шығып, қазақ поэзиясы деген үлкен қасиетті мекеннен өз орынын алған ақын. Кез келген жырын оқысаң, ауылың, анаң мен әкең есіңе түседі, шынайылығымен баурайды. Бұл кеш – көңілдің мерекесі, өлең мен сағыныштың, парасаттың мерекесі», - деген лебізін арнады.

Өтеген Оралбайұлы – отыздан астам әнге сөз жазған ақын. Жергілікті өнерпаздармен бірге ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Құрманбек Әлімғазы мен Риза Қайырбай ән шырқап, кештің көркін келтірді. «Егемен Қазақстан» газетінде бір кездері өзі де еңбек еткен қаламгер әлі күнге дейін байланысын үзбей, ойлы да өзекті мақалаларын жариялап тұрады. Мемлекеттік қызметте жүріп те өлең өлкесінен жырақтамаған, 22 кітаптың авторы, қайраткерлік пен қаламгерлікті тең ұстап, халықтың ықыласына бөленген Өтеген Оралбайұлы туған жерінің төрінде тебірене сөз алып, өлеңдерін оқыды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ.

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ