Үкімет • 18 Қараша, 2017

Үкімет басшысы Жамбыл өңірінің жай-күйімен танысты

403 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңірде мемлекеттік бағдарламалардың және Елбасының «Қазақстанның Үшінші Жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы міндеттерінің іске асырылу барысымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді. 

Үкімет басшысы Жамбыл өңірінің жай-күйімен танысты

Үкімет басшысы әуелі Тараз қаласындағы жаңадан салынған «Арай» шағын ауданының көпқабатты тұрғын үйлерінің құрылысын көріп, өңірде «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты. Бақытжан Әбдірұлына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов құрылыстың қазіргі жағдайы мен келешегі жөнінде баяндай келе, биылғы жылы облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 17,7 мың м2-қа 258-ден астам пәтерді пайдалануға беру бойынша төрт жоба іске асырылып жатқанын, сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылысы бойынша 922 жер телімі бөлінгенін, ал келер жылы 13 көпқабатты тұрғын үй құрылысын аяқтау немесе 1070 пәтерді пайдалануға беру көзделгенін айтып өтті. Жалпы, ағымдағы жылдың 10 айында елімізде құрылыс қарқынының көрсеткіштері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға жақсарған. Сондай-ақ, барлығы 8,8 миллион м2 тұрғын үй пайдалануға берілген.

Бұдан кейін Премьер-Министр олимпиада резервін дайындайтын «Атлетик» оқу-жаттығу кешеніне барды. Мұнда 2 мыңнан астам спортшы грек-рим күресімен, кикбоксингпен, таэквондомен, армрестлингпен және спорттың өзге де түрлерімен айналысады. Бұл жерде Үкімет басшысына облыста спортты дамыту келешегі туралы баяндалды. Айта кетейік, бүгінгі таңда Жамбыл облысында орналасқан 46 спорт мекемесінде 22 мыңға жуық спортшы жүйелі түрде түрлі спорт түрлерімен айналысады.

Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өңірдегі ірі кәсіпорын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еліміздегі жалғыз минералды тыңайтқыштар зауытын аралап көрді. Аталған химия зауыты ауыл шаруашылығына арналған минералды тыңайтқыштар мен жемшөптік фторсыздандырылған фосфаттар өндіреді. Үкімет басшысына «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өткен жылы зауытты қайта жөндеу өндіріс көлемін 2 есеге арттыруға мүмкіндік бергенін, ағымдағы жылы 300 мың тонна фосфорлы минералды тыңайтқыштар өндірілгенін, ал өндірілген өнімнің 108 мың тоннасы Қазақстанның қажеттіліктерін 100 пайыз қамти отырып, ішкі нарықта өткізілетінін баяндады. Сонымен қатар, мұндағы 200 мың тоннаға жуық өнім Қытай, Ресей, Ауғанстан, Украина, Уругвай және Аргентина елдеріне экспортталса, бүгінгі таңда зауытта Румыния, Чехия, Болгария, Иран нарықтарын игеру жұмыстары жүргізілуде. Ал келер жылы фосфорлы минералды тыңайтқыштар өндірісі көлемін 500 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Бұдан кейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Тимур Жанке индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының Индустрияландыру картасы аясында ағымдағы жылы өңірде 1448 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 18,8 миллиард теңгеге 13 жобаны іске асыру жоспарланғанын айтып өтті. Жыл басынан бері өңірде 8,3 миллиард теңгеге 6 жоба енгізіліп, 398 жұмыс орны құрылған.

Сондай-ақ, Бақытжан Әбдірұлы облыстық перинаталдық орталықта болды. Орталықты аралау барысында Үкімет басшысына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов өңірде денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Халықаралық талаптарды ескере отырып 2015 жылы салынған жаңа клиника бір уақытта 200 емделушіге қызмет көрсететін қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандырылған.

Өңірге жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде ауылшаруашылығы өндірістік кооперативін дамыту жөнінде жеке кеңес өтті. Мұнда Үкімет басшысы өңірлік кәсіпкерлермен және еліміздегі бірқатар шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесіп, аталған саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесіне баса назар аударды. Сондай-ақ, Бақытжан Әбдірұлы ауылшаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін әуелі сапалы өнімнің керектігін, сондай-ақ ет экспорты мәселесін қолға алу қажеттігін айтып өтті. «Біздің еліміз бүгінгі таңда тиімді аумақта тұр. Сондықтан ауылшаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін сапалы өнім керек. Егер өнім сапалы болмаса, оны ешкім алмайды. Ал сапалы өнім шығару үшін ең бірінші кезекте ғылымды дамыту қажет», деді Премьер-Министр.

Бұдан кейін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев облыстың агроөнеркәсіп кешенінің бүгінгі жай-күйі және оны дамыту перспективалары жөнінде сөйледі. Өз сөзінде әкім өңірдің ауылшаруашылығы саласы жыл санап даму үстінде екенін, бұған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы оң септігін тигізіп отырғанын айтып өтті. «Бағдарлама аясында биылғы жылы саланы дамытуға 16 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, бүгінгі күні 220 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өнім көлемі 3,6 пайызға артты. Келер жылға облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға жергілікті бюджеттен 10,5 миллиард теңге қарастыру жоспарлануда», деді әкім.

Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов ауыл шаруашылығын қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздегі атқарылған жұмыстардың 10 айлық қорытындысын баяндады. Сонымен қатар, «Кең дала» шаруа қожалығының жетекшісі Қалибек Алпысбаев қант қызылшасын егуде мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау туралы айтса, «Мерке Ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Берік Егембердиев ет экспорты туралы әңгімеледі. Айта кетейік, аталған комбинат биылғы жылы Біріккен Араб Әмірлігінің Бахрейн Корольдігіне 22 тонна, Иран мемлекетіне 123 тонна қой етін жіберді. Ал «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан Іздібаев техника алу үшін мемлекеттік несиелендіру барысына тоқталды. Сондай-ақ, жиын барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сатыбалды және Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязовтар өңірлердегі ауыл шаруашылығы саласының дамуы туралы баяндады.

Жұмыс сапарының екінші күні Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы-2020» және индустриялық аймақтар мен моноқалаларды дамыту бағдарламаларын іске асыру мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шараларын көрсету аясында 800 миллиард теңгеден астам қаражатқа 13 мыңнан астам бизнес жоба жарақтандырылған. Ал атаулы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын 18 миллион теңгеге дейін шағын несиелер ұсынылады. Сондай-ақ, бизнесті қайта реттеу бойынша заңнамалық шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, лицензиялар мен рұқсаттар саны 3 еседен астам қысқарғаны да айтылды. Кеңесте мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелері де талқыланып, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды. Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытудың ағымдағы жағдайы туралы айтты. Кездесу барысында кәсіпкерлер қойған сұрақтарға Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов, ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов және Тараз қаласындағы «Әулие-Ата» халықаралық әуежайының директоры Дәулет Хамзин жауап берді. Жиынды қорытындылай келе Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жауапты тұлғаларға шағын және орта бизнес өкілдерінің барлық мәселелері мен ұсыныстарын бақылауға алуды және аталған бағытта кешенді жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы