Бизнес • 20 Қараша, 2017

«Бөрте-Милкада» сиырды роботтар сауады

930 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкенттен Бадамға қарай шықсаңыз жолдың сол жақ бетінен қайнап жатқан жұмысты көресіз. «Бадам» индустриялық аймағында өнеркәсіп орындарынан бөлек, ауыл шаруашылығы Елбасы айтқандай, экономиканың драйверге айналып келеді. О заманда бұ заман қазекең сиырды роботтар сауады дегенді естіп көріп пе еді. Шетел сөйтеді десе таң құланиектеніп ат­қан­нан шелегі қолынан түспейтін шешелеріміз, «ойпыр-ай, орыс ойындағысын істейді деген осы екен ғой» деп ернін сылп еткізер еді.

«Бөрте-Милкада» сиырды роботтар сауады

Шымкенттен Бадамға қарай шықсаңыз жолдың сол жақ бетінен қайнап жатқан жұмысты көресіз. «Бадам» индустриялық аймағында өнеркәсіп орындарынан бөлек, ауыл шаруашылығы Елбасы айтқандай, экономиканың драйверге айналып келеді. О заманда бұ заман қазекең сиырды роботтар сауады дегенді естіп көріп пе еді. Шетел сөйтеді десе таң құланиектеніп ат­қан­нан шелегі қолынан түспейтін шешелеріміз, «ойпыр-ай, орыс ойындағысын істейді деген осы екен ғой» деп ернін сылп еткізер еді.

Тірі шетелдік көрмегеннен кейін түрі жаттың бәрі орыс көрінеді білем. Сиыр фер­малары бар ауылдарға қатты тиер еді. Қыз-ке­ліншектер тізім­ге алынып, фермаға сауын­шылыққа баратын. Бір қолын екі ете алмаған бригадирлер құлқын сәріде әр үйдің терезесін қағып, сауыншыларды асықтырып жүрер еді.

Ал, айтайық. Бүгінде Бадам индус­триялық аймағында орналасқан «Бөрте-Милка» ке­шен­ді сүт фермасындағы ақылды 6 робот-сауын­шы 400-ге жуық сүтті сиырды бір күнде өз­дері-ақ сауып шығады. Мұнда роботтарға «тұ­рыңдаршы-әй, сиыр сауатын уақыт болды» деп дегбірді алатын бригадир түгілі, бақта­шылардың өзі жоламайды.

«Бөрте-Милка» компаниясының құрыл­тайшысы Нұрәлі Әбіш робот­тандырылған тауарлы сүт кешенінің талай қызықтарын айтып берді. 
Сиырды сауынға бақташы айдаса қақ­пайлап, кейде таяқ тигізуі мүмкін. Ондайда сиырдан сүт қашады. Әр сиырдың күндік жем-су рационы бар. Желіні толған сиыр ешкімнің нұсқауынсыз, робот-сауыншы қондырғысына барады. Робот емшектерді залалсыздандырып жуып алады. Қондырғыда сиыр желінінде қанша литр сүт жиналғаны көрсетіліп тұрады. Робот-сауыншы қақтап сауып алғаннан кейін желінді жуып, дәрілеп жібереді. Сиырлардың осыншалықты ақылды болатынының себебі, құлақтарында компьютер қондырғысымен байланыстырылатын «чиптер» бар. Сиыр өз алдындағы жемді түгел жеп, қарны тоймай қалған жағдайда қосымша жем жеу үшін арнаулы орынға барады. Бақташылар сиырларды алыстан бақылап, жем-суын қамдап қойғаны болмаса, жандарына жоламайды. Тіпті сиырдың жатын орнын да тазаламайды, арнайы қондырғы жапалаған сәтте-ақ құрғатып отырады. Жазды күнгі аптапта қора іші ысып кетер болса кешен жабылып, желдеткіштер іске қосылады. Суық су бүркетін қондырғылар да бар.

Жазды күні оқалақ тиген бұзау-тор­пақ­тардың жанын қоярға жер таппай тапырақтап шауып жүргенін көргендеріңіз бар ғой. Мұндағы сиырлар да қасынғысы келеді. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, осы кешенде сиырдың үстін қышуы қанғанша қасып беретін қон­дырғылар да бар.
Н.Әбішев ферма жанынан сүт өңдеумен айналысатын ірі зауыт іске қо­сылатындығын айтады.

«Бөрте-Милка» сүт өндіру кешенінде бүгінде гольштейн-фриз тұқымды 700 сиыр бар. Оның 400-і сауылады. Әрқайсысы тәулі­гіне 35 литрден сүт береді. Қалған 300-і көк­тем­­де төлдейді. Сонда тәулігіне 25 тоннадай сүт ала­ды. Мұнша сүтті өңдеп сатса, табыс мо­лая түсері анық. Сондықтан тәулігіне 70 тон­наға дейін сүт өңдейтін кешенді іске қоспақ.

– Қазір нарықта түрлі концентраттар қосылған, құрғақ сүттен дайындалған сүт өнімдері бар, – дейді «Бөрте-Мил­ка» сүт зауытының құрылтайшысы Н.Әбі­шев. –Ал біздікі нағыз табиғи сүт. Былайша айтқанда, сүт 1 аптадан артық сақталмайды. Бұл жер­де біз айран, сүт өнімдерін одан кейін барып, қаймақ, ірімшік, балаларға йогурттың 6 түрін шығаратын боламыз.

Тұтынушыға сапалы, балғын өнімді жет­кізу – зауыттың алға қойған басты мақсаты.

Сүт өңдеу зауыты кооперацияға біріккен шаруа­ларға да тиімді болары анық. Арыс, Шар­дара, Ордабасы аудан­дарының шаруалары коопе­ративтің сүтін осында әкеліп өткізуіне болады. Әкелген сүт өңделіп, нарыққа шығарылады. Яғни, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облысының тұрғындарына сатылады.

Осы кешенге тартылған инвестиция көлемі 2,4 млрд теңгеге жетеді.

– Мұндай көлемде қаржы шығару кәсіпкерлерге үлкен салмақ, – дейді зауыт құрылтайшысы.  – Зауытқа жұм­салған қаржының едәуір бөлігін Үкімет суб­сидиялап отыр. Алған несиеміздің жеңіл­де­тілген тұстары көп. Бұл – шаруаларға үлкен мүмкіндік. Әйтпесе тәуекелге бару қиын. Сондықтан, шаруаларға осын­дай жағдай жасап отырған Елба­сына алғысымыз шексіз. Қазақстан – әлем­дегі бәсі биік мемлекеттердің қатар­ына қосылуға бет алған мемлекет, Елба­сымыздың сындарлы саясатының арқасында біз бұл мақсатқа жетеміз.

Сиырларын роботтарға сауғызып, Оңтүстіктің ең ірі кешенді сүт фермасына айналдырған, енді зауытты іске қосуға талпынып жатқан жігіт ағасы осылай дейді. Енді Қазақстанның оңтүстік бөлігі ешқандай консерванттарсыз табиғи сүт ішетін болады.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы