Қазақстан • 20 Қараша, 2017

Сенаторлар тұрғын үй туралы заңнамаға түзетулерді қарады

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Снеаттың баспасөз қызметі. 

Сенаторлар тұрғын үй туралы заңнамаға түзетулерді қарады

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, әскери прокуратура, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының әскери қызметшілерін тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктерін нысаналы тұрғын үй төлемдері арқылы жетілдіру мақсатында әзірленді.

Құжатта арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоспағанда) мен әскери қызметшілерді (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттегілерді қоспағанда) тұрғын үйге мұқтаж деп тануға қойылатын талаптар нақтыланған.

Жаба ережелерінде тұрғын үй төлемдерін пайдалану мақсаттары көрсетілген. Атап айтқанда, оларды тұрғынжайды меншікке алу; тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу, оның ішінде кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу; бұрын алынған ипотекалық кредитті (қарызды) өтеу; тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезінде, сондай-ақ тұрғын үй және тұрғын үй-құрылысы кооперативіне қатысу кезінде жарналарды төлеу; тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі жинақтарды толықтыру және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға болады. Бұл ретте әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану арқылы тұрғынжайды меншікке алу құқығы бір рет жүзеге асырылады.

Заң жобасында тұрғын үй төлемдерін тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату негіздері, тұрғын үй төлемдерін алушының құқықтары мен міндеттері, қызметтік тұрғынжай жекешелендіруге жатпайтын жағдайларда ақшалай өтемақы алу құқығы бекітіледі.

Қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің немесе әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің тұрғын үй төлемдерін пайдалануға немесе оларды біржолғы ақшалай өтемақы түрінде алуға құқықтары айқындалады. Шетелге қызмет өткеру үшін жіберілген арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің тұрып жатқан тұрғынжайларының және (немесе) тағайындалған тұрғын үй төлемдерінің сақталуына кепілдіктер қолданылады.

Сондай-ақ əскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына не штаттардың қысқартылуына байланысты əскери қызметтен шығарылған кезде əскери қызметшілерге жұмыстан шығу жəрдемақысын төлеудің негіздері мен мөлшерлері нақтыланады.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.