Қазақстан • 21 Қараша, 2017

Қазақстандық өрлеу дәуірінің тұғыры

687 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан экономикасы үшін Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен 2010 жылы қабыл­данған еліміздің 2020 жылға дейінгі ин­дус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы экономикалық жетіс­тіктердің драйверіне айналды.

Қазақстандық өрлеу дәуірінің тұғыры

Осы өміршең бағдарламаны жүзеге асыру жылдарында республикамыздың қайта өңдеу өнеркәсібі саласында жүздеген жаңа өндіріс орындары ашылып қана қоймай, сонымен бірге ел экономикасы үшін мүл­де жаңа өндіріс салалары ашылды. Индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы еліміздің қайта өңдеу өнеркәсібі саласын даму­дың жаңа баспалдақтарына көтеріп, оны өнеркәсіпті дамыту­дың локомотивіне айналдырды. Мәселен, 2015-2016 жылдар аралы­ғында қайта өңдеу өнеркәсібі саласында осы бағдарлама аясында жал­пы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 258 ірі жоба жүзеге асырылып, 21 мың жаңа жұмыс орны қалыптасты. Сонымен бірге тек үсті­міздегі жылдың жеті айы ішінде жалпы құны 490 миллиард теңгені құрайтын 32 ірі жоба іске қосылып, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

ҮИИД бағдарламасын іс жүзіне асыру мақсатында Қазақстанның ин­дустрияландыру картасы жасалып, бекітілген болатын. Ин­дус­трияландыру картасы екі бөлім­нен тұрады. Біріншісі – өңір­лік карталар, онда облыстарды дамы­туға бірінші кезекте қажетті нысандар шоғырландырылған. Екінші – республикалық карта. Мұнда орталық атқарушы органдар мен мемлекеттік холдингтер тікелей бақылауға алған индустриялық-инновациялық даму жоспарының негізгі нысандары топтас­ты­рыл­ды. Қазақстанның индустриялан­дыру картасына енгізілген ірі жоба­ларды пайдалануға беру нәтиже­сінде ел экономикасы даму­дың жаңа биік белестеріне көтеріл­ді. Индустрияландыру картасы шең­берінде екі бесжылдыққа негіз­дел­ген бағдарламаның алғашқы бесжыл­дығында құны 3 триллион теңге болатын 770 жоба іске қо­сылды. Оның ішінде 65 жоба ше­телдік инвесторлардың қатысуы­мен жүзеге асты. Алғашқы бесжыл­дықта іске қосылған өндіріс ошақ­тары 4 триллион теңгенің өні­мін өндірді. 75 мың тұрақты жұ­мыс орны ашылды. Индустрия­лан­дырудың алғашқы бесжылдығында пайдалануға берілген нысандар шығаратын өнімдердің 23 пайы­зы экспортқа бағытталған.

Үстіміздегі жылдың соңына дейін индустрияландырудың екінші бес жылдығының аясында жалпы құны триллион теңгені құрайтын жүзге жуық кәсіпорын іске қосы­лады. Олар отандық экономика­ны жаңа деңгейге шығаратын индус­триялық-инновациялық даму бағ­дарламасына жоғары муль­тип­ли­кативті тиімділік әкелмек. Осы ретте ҮИИД бағдарламасы шеңберінде биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін бірқатар ірі жобаларды тілге тиек етейік. Атап айтқанда, Екібастұз қаласындағы «Проммашкомплект» ЖШС-нің базасында іске қосылатын темір жол вагондарының доңға­лақ­тарын шығаратын ірі өндіріс ошағы пайдалануға берілмек. Бұл Қазақстанда темір жол доңға­лақ­тарын және жолдарды ауысты­рудың тетіктерін жасап шығаратын ал­ғашқы ірі зауыт болып табылады. Орталық Азияда оның баламасы жоқ. Қазақстан Даму банкінің қаржыландыруы негізінде жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы құны 50 миллиард теңгеден асады. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде 400 жаңа жұмыс орны ашылып, шы­ға­р­ылатын өнімнің 40 пайызы ішкі сұ­ранысты, ал қалған 60 пайызы Иран, Әзербайжан, Ресей және Тү­рікменстан елдеріне экспортқа шығарылатын болады.

Қапшағай қаласында «Ролл­тон» және «BIGBON» сауда мар­ка­ларының бірден-бір иесі, әлем­ге әйгілі азық-түлік өнімдерін өнді­ретін Mareven Food Holdings ком­па­ниясы жалпы құны 6,4 миллиард теңгені құрайтын азық-түлік және жартылай фабрикаттар шығаратын зауыт құрылысын салып, пайдалануға бермек. Сонымен бірге бұл зауыттың жеке логистикасы және азық-түлік тауарларын сақтайтын инфрақұрылымдық қойма жүйелері салынады. 900 мың қорап дайын өнім шығаратын зауыт Қазақстанның ішкі сұранысын то­лық қанағаттандырып, өнімдерін көр­шілес Өзбекстан, Тәжікстан, Түрік­менстан, Қырғызстан және Моң­ғолия елдеріне экспорттайтын болады.

Индустрияландыру бағдар­ла­ма­сы аясында «Maker» ЖШС – Қарағанды машина жасау-құю зауыты «БРК-Лизинг» компаниясының қолдауымен кәсіпорынды түбегейлі жаңғырту жұмысын қолға алды. Бұл жобаның құны 60 миллион АҚШ долларын құ­райды. Өндірісті жаңғырту жұмыс­тары аяқталғаннан кейін зауыттың өнім шығару әлеуеті үш есеге дейін артады. «Павлодар» арнайы эконо­ми­калық аймағының аумағында «Сиб­Инвест­Групп» ААҚ (Ресей) және LVG GmbH ком­паниясы (Германия) сияқты инвес­тор­лардың қатысуымен алюминий қосындыларын шығаратын ірі өн­ді­ріс ошағы пайдалануға беріледі.

Жылына 36 мың тонна өнім шығаратын зауыт құрылысына 4,5 миллиард теңге жекеменшік инвестиция тартылып отыр. Бұл жаңа өн­діріс орны «Павлодар» АЭА ау­ма­ғында алюминий кластерін жа­саудың баста­ма­сы болып табыла­ды.

Индустрияландыру бағдар­ла­ма­сының екінші бесжыл­дығында бас­қа да бірқатар ірі жобалар жүзеге асы­рылады. Инвестициялар және да­му министрлігінің мәліметі бойын­ша, жыл соңына дейін жылы­на 200 мың тонна тұтас шыны қа­быр­ғалар шығаратын зауыт, жылы­на 5 мың тонна синтетикалық тоқыма жіп жә­не 15 мың қума метр то­қы­ма бұй­ым­дарын шығаратын зау­ыт іс­ке қосылады. Сонымен бір­ге әлеу­еті жылына 30 миллион таб­лет­ка және 90 миллион капсул дәрі шыға­ратын фармацевтикалық зауыт және жалпы құны 32,9 миллиард теңгені құрайтын бір рет пайдаланатын медициналық бұйымдар шығаратын зауыт іске қосылады. Осы ірі жобалардың іске қосылуы нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашу да көзделінуде.

ҮИИД бағдарламасымен негіз­дел­ген Қазақстан­ның жаңа эконо­микалық саясаты халықаралық са­рапшылардың және дүние жүзі­нің беделді бизнесмендерінің жо­ға­ры бағасына ие болуда. Мәсе­лен, Ресейдің www.odnako.org порталы «Қазақстан элитасы әлемдік дағ­дарыстан көп бұ­рын рес­пуб­ликаның ішкі рыногын дамытуға, им­портты алмастыра­тын өнімдер өндірісін құ­ру­ға және индус­трия­ландыруға бетбұрыс жасады. Қазақ­стан­­дық индустрияландырудың авторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Оның бастамасымен Қазақстанды да­мытудың мынандай жоспар­­­­лары қабылданып, жүзеге асы­­рылуда: «Стратегия-2010», «Стра­тегия-2020», «Страте­гия-2030» жә­не «Стратегия-2050» си­я­қты та­яу мерзім­дерге арналған және ұзақ мерзімді стратегиялық жос­пар­лары қабыл­дан­ды. Сонымен бір­ге «Стратегия-2020» бағ­дар­ла­масының аясында республикада 13 сала­лық, 16 аймақтық және 9 фун­кциялық даму бағдарламалары қа­былданып, жүзеге асырылу­да. Осындай өміршең жоспарлардың нәти­же­сінде республикада бұрын-соңды бол­маған өнді­ріс салалары, атап айтқанда, ұшақ және тік­ұшақ жасау, локомотив құрастыру зауыттары іске қосылды», деп атап көрсетеді.

Қазақстандық индустриялан­дыруды дамыту институты бас­шы­­сының орынбасары Марат Идрисовтің айтуынша, елімізде индус­трияландыру үрдісі басталғанға дейін экономикадағы қайта өңдеу өнеркәсібінің үлесі 7 пайыз болса, индустрияландыру аясында осы салаға тартылған тікелей шетел инвестициясының нәтижесінде 2016 жылы ол 14 пайызға артты. Ал үстіміздегі жылдың қоры­тын­­­дысы бойынша, қайта өң­деу өнер­­­кәсібінің үлесі 20 пайыз­дық ме­жеге жететін көрінеді. Осы рет­те атап көрсететін мәселе, қазақ­стан­­­дық ин­дус­триялан­ды­ру бағ­дар­­ламасының беделі тұ­рақ­­ты әріп­­тестеріміз Нидерланд, АҚШ, Фран­ция, Ұлыбритания, Италия елде­­рі­нің биз­нес өкілдерінің арасында ға­на емес, соны­мен бірге Азия мем­­лекеттерінде де, оның ішін­де Қы­­тайда жоғары бағаға ие болуда. Елі­­мізде Қытай инвестициясының тікелей қаржыландыруымен жалпы құны 26 миллиард АҚШ долларын құрайтын 50-ден астам ірі жоба жүзеге асырылмақ. Соңғы кезде бұл өміршең бағдарламаға Жапония және Оңтүстік Корея инвесторларының да назары ауған.

Еліміздің барлық өңірінде жап­пай жүзеге асы­рылып жатқан индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасын терең саралаған адам еліміздің экономикасын дамытуда оның қаншалықты тың сер­пін бергендігін анық аңғарса ке­рек. Ақиқатын айтсақ, 2020 жыл­ға дейінгі индустриялық-ин­но­ва­циялық даму бағдарламасы елі­міз­дің XXI ғасырдағы қайта өрлеу дәуірінің берік тұғыры болмақ.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»