21 Қараша, 2017

Жанды жаралау оңай

1250 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мақалама пайдаланған «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген қанатты қағидамды редактор бел ортасынан шолтитып кесіп тастады. Шама-шарқымызды парықтай бермейтін көкөрім кез.

Жанды жаралау оңай

Өзгеріске ұшыраған бір таңба үшін табан тіре­сетін тарпаң мінезге салып, марқұм К.Шегалиев ағамыздан мақалдың толық нұсқасының неге бұлай кесіліп қал­ғанын сұрадым.

Аудандық газеттің басшысы: «Мына өмірде мен неше түрлі тағдырлармен кездестім. Сонда перзент сүюге зар болған бір отбасының бастан кешкен оқиғасы тіпті алабөтен еді. Ерлі-зайыптылар 20 жыл бойы сәби иісін аңсаумен өтті. Содан шақалақтың шат күлкісі естілмеген әлгі шаңырақтың шатыры бірте-бірте солқылдап, ыдырай бастады. Жұрттың бәрі қосылғанда бақытты отбасына балаған әлгі екеудің кикілжіңі ақыры ажырасумен тынды. Әйелінің бармаған жері, баспаған тауы қалмады, тіпті үмітін үзбей небір мықты дәрігерлерден ем-дом қабылдай беріпті... Киелі орындарға мінәжат етіп, Құдайдан жалғыз перзент сұрап дүниеден озған бейбақ әйелдің көзінше біздің ауылдың адамдары балалары туралы, отбасылық қуанышы жайлы артық әңгіме сөйлеп қоймауға тырысып бағатын. «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі» демекші, сәл байқаусызда сондай сипаттағы әңгімеге еріксіз жол беріліп қалған жағдайда алқа- қотан жиналған көпшілік мұның тігісін жатқызып, білдірмей жіберіп отыратын... Ал мына мақалдың, әрине, өсер ұрпақ үшін ғибраты мол-ау, алайда әлди әні бұйырмаған мұңлық жандар туралы бір сәт ойланып көрдің бе?», деді. Өзгенің қас-қабағына қарап, көңілін қалдырмай сөйлеуді бала күннен көкейге түйіп өскен ауыл баласы үшін әдептілік әліппесінің әрбір беті өмірлік тәжірибемен толысатынын сонда барып ұяла ұққан жайымыз бар...

Біздің қазақтай жалпы жер бетінде данагөй, дара халық жоқ-ау, сірә. Ата-ананы сыйлау, жасы үлкен адамға құрмет, кішіге ізет көрсету, бала тәрбиесі, тіпті сөз сөйлеу мәдениетіне дейін мұқият мән беріліп, ата-баба салтын сақшыдай қорғауға барынша көңіл бөлініп келген. Ауыр сөзбен біреудің жанын жаралап алмауға айрықша мән берілген. Қазақы тәрбиенің ең кереметі осы болатын. Қазіргі қоғам қалай? Адамдардың бойындағы сол қасиет қаншалықты сақталған?

Белгілі ақын Кәкімбек Салықов ағамыздың жұртшылыққа ой салар: «Бір ауыз сөз қасіретті тыяды, Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды» деп келетін жыр жауһары жұртшылыққа өнер туын­дысы тұрғысында ғана емес, қанатты қағида ретінде де кеңінен мәлім. Бір ән бар делебеңді қоздыратын, билететін, секіртетін, бірақ ойсыз, ал енді бір ән бар дәл анау әндей желпінтпеуі, желіктірмеуі мүмкін, бірақ тұнып тұрған тағылым, ғибрат. Қазір ойлы, мәтіні мәнді әндер қарашадағы қара ағаштың жапырағындай селдіреді десек те, осы екі жолдың өзі-ақ көпшілікпен бөлісейін деген бүгінгі әңгімеміздің идеясымен орайлас, сәйкес келіп отыр. Бұған айрықша тоқталуымыздың себебі содан. Сайып келгенде, бір ауыз сөз ғаламат энергияға ие. Шынайы сезіммен өрілетін уыз лебізбен айналамыздағылардың кеудесін қуанышқа толтырсақ, қуыс лебізбен кей жандардың жігерін жасытып, көңілін жабырқатып алып жататынымыз тағы рас. Тіпті сол бір ауыз сөздің құдіретімен кісінің ғұмыры үлкен өзгерістерге ұшырап, тағдыршешті қадамдар жасатуға ұмтылдыратын сәттер кездеседі. Бойдағы қайғы-мұңды сейілтіп, қобалжыған көңілді шуақты жаздың лебімен өбер сөз-құдіреттің қадір-қасиеті қазір ортамызда қаншалықты бағалы, құнды деген мәселеге ойысқан тұста бізді көп жайт мазалайды. Адамның көңіліне қарап сөйлеу дегенді қазір әр адам әр түрлі түсінеді. Өйтетіні қоғаммен бірге құндылықтар, сөйлеу мәдениеті өзгерді. Қай адам мына кісінің көңіліне жақпайтын бостекі сөз сөйлеп қоймайын деп тіліне әрдайым абай болып жүр дейсің. Түгі жоқтың қасында «шалқып, тасып өмір сүріп жатырмын» деп сөйлеу түк ұят емес қазір. Арасында баспанасыз жандар бар ортада өзіңнің кең сарайдай зәулім үйде тұрып жатқаныңды айтып мақтану тәрбиелі, көргені мол адамның ісі емес екенін бала да айтады. Перзентсіз пендеге балаларыңның бал қылықтарын әңгі­мелеп мәз болу – мәдениеттілікке жата қой­майды.

«Мына жалғанда менен асқан бақытты жан жоқ шығар, сірә» деп масаттана марқайды зейнеткер өзіне ілтипат білдіруші үлкен-кіші жәмиғатқа.

– Кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін берекелі тіршілік кештім, – деді. Мұнан соң өзге жандардан өзінің артықшылығын бөле-жарып айтты. Зәулім үй. Лауазымды қызмет. Әсем жар. Шетелдік қымбат көлік. Асықтай ұл, қасықтай қыз... Кеудесіндегі демі асау тайдай бұлқынды. Дауысы тарғылданды. Тебіренді. Толқыды. Шат-шадыман күйді, қуанышты шаршы топпен бөліссе несі айып екен? Дейсің ғой, баяғы. Бірақ мақтану, марқаю бірте-бірте денені дендеген дертке айналып кетпесе екен деген ой ұшқыны қиял ұшынан қылаң берді. «Ауыз өзімдікі екен» деп оңды-солды шектен шыға сөйлеген әлгі пақырың қалың топтың алдында бір сәтте өзінің рухани таяз адам екенін көрсете салды. Бақыттан басы айналған шіркін, асқақ кеуде өзін жан-жақтан қаумалап тыңдап отырған қарапайым халықты көзге ілмей, мұрын шүйірді. Әр кез абайламаса, артық сөздің арбасы адамды көбіне астамшылық «ауруы­на» апарып соқтырады екен-ау!..

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»