Қазақстан • 21 Қараша, 2017

Клиникадағы бір күн

629 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ана мен бала орталығының мүмкіндіктері зор. Сізбен мейлінше ашық әңгімелестік, біздің де осы өмір сүріп жатқан қоғамға айтарымыз, әбден пісіп-жетілген ойларымыз бар. Соларды еш бүкпесіз, қырнасын қалдырмай алдыңызға жайып салдық. 

Клиникадағы бір күн

Суреттерді түсірген: Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»

Біз дәрігерміз, ал шынтуайтында әр адамның тағдыры да, оның дәм-тұзының таусылу-таусылмауы да Ұлы Жаратушының қолында. Біз өмір мен өлімнің арасындағы себепкер тәріздіміз. Сол жолда білімімізді, білігімізді жұмсап, ұйқысыз түндер өткеріп, сағаттап операция үстелінің жанында аяғымыздан тік тұрып, өмір үшін күресеміз. Пациент сауығып, оның өзі мен жақындары алғысын айтып жатса, шексіз қуанышқа бөленеміз, ал кейде... 

Өтінеміз, бүкпесіз бөліскен ойларымызды оқырмандарға еш бұлталақсыз жеткізсеңіз алғыс айтар едік, деген «University Medical Center» корпоративтік қорының құрамындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығындағы дәрігерлер. 

 Жөн көрдік. Сонымен... 

Кесарь тілігінің кеселі

Клиниканың жұмысымен та­нысу дәлізден-ақ басталып кет­ті. Медицина ғылымдарының док­торы, профессор Гүлнар Мыр­за­бекова: «Жүріңіз, акушерлік блок­ты аралатып көрсетейін», деп әңгімесін жүре жалғаған. Жүзі­нен жылылық ескен Гүлнар Сар­қытқызы «Аурухана ішінде инфек­цияны өрістетпеуге үлкен мән беріледі. Қай бөлімнің де кіре­берісінде антисептикалық ерітін­ді тұрады. Сонымен қолымызды сүртіп барып табалдырық аттау қағидаға айналған, бұл жалпыға бірдей, қызметкерлердің барлығы, пациенттер мен келушілер де соны сақтауы тиіс», деген ерітіндімен қолын сүртіп жатып. Алғашқы бөлімше Жүктілік патологиясы екен. Еріні мен бетінің реңі бір­дей әппақ болып кеткен Елена атты аяғы ауыр келіншек Шығыс Қазақстан облысынан келіпті.

– Үйдегі кішкентайыма қа­рай­тын адам жоқтығынан дәрі­гер­­ге уақтылы қарала алмай, гемог­ло­бинім 49 болған соң квотамен осында жіберді. Қазір біраз көте­ріл­ді, 70-ке жетті – десе, Қор­ғал­жын­нан келген Гүлмира бала жол­да­сының толық төменде жату қау­пі­мен түсіпті. Гүлнар Сарқыт­қы­зы: «саған енді ауруханадан шыққан соң да қаладан кетуге болмайды басың жас, жатырды сақтап қа­лу үшін 37 аптаға жеткенде ба­ла­­ны жарып алуға тура келеді, дәрі­гер­лер түсіндіріп айтқан болуы тиіс, үй­ге шыққан соң сәл бір қауіп білін­се жедел жәрдеммен осында же­туің керек», деп түсіндіріп, бө­лім меңгерушісі Қарлығаш Тоғыз­ба­еваның бөлмесіне бастап келді.

Қарлығаш Төлеубайқызы қазір­гі­дей ақпараттың қолжетімділігінің кей­де пайдасы мен зиянының бір­дей тұстары болады дейді. «Бөлімшенің табал­дырығын аттамай жатып бала­ны қарынды жарып алыңыздар деп бебеулеп есті шығарады. Се­бе­бі, интернеттен ондай отаны 3-4 рет жасауға болатынын оқып ал­ған. Жандарын ауыртқылары кел­мейтін әйелдер көбеюде. Тол­ғақ­сыз бала өмірге келе ме, опе­ра­цияның аты операция, ең дұрысы – табиғи жол. Ал олар кесарь тілі­гін жаса деп талап қояды. Біз 10 пайыз мүмкіндіктің өзін пайдаланып, табиғи жолмен босандырсақ дей­міз. Әрине, ана мен баланың өмі­ріне қауіп төнген жағдайда бас­қа жол жоқ» дейді.

42 жастағы әйел бесінші баласын өмірге әкелген екен. Алғашқы балалары кесарь тілігі арқылы жарық көрсе, енді араға жылдар салып өзі туыпты. «Дәрігерлер біле­ді ғой. Егер айтқандарын тың­дап, енді өзіңіз босанатын жағ­дай­ға жет­тіңіз дегенде аяғы ауырла­са еш тілік­сіз-ақ тууға болады. Пы­шақ­­тың аты пышақ, бір рет тілік жасат­қан­нан бірнеше рет өзің туғаның артық. Толғақ нәрестеңді қолыңа алып емізген сәтте-ақ ұмытылады, ал бала қуанышын немен өлшеуге болады», – дейді жүзі гүл жайнаған бақытты ана.

– Біздің орталыққа еліміздің бар­лық аймағынан – дейді дәрі­гер хирург Руслан Біләл – ультра­ды­быс­тық зерттеуден нәрестесінің бойын­да туабітті ақау анықталған жүк­ті әйелдер жеткізіледі. Оның үсті­­не жетілмей туған баланың аты жетілмей туған. Шарананың ішкі органдарында операциясыз өзді­гінен орнына келмейтін ақау көп болады. Жаңа Жезқазған тұр­ғы­нының баласының өңешіне жә­не тік ішегіне жасаған операция­дан шық­тым. 1 жарым келі тұратын бала­ның әуелі жыланкөзін жауып барып жоғарыдағы екі опера­цияны атқардық. Сонда ала­қан­ға сыйып кететін шаранаға 3 бір­дей ота жасалынды. Мұндай жағ­дайлар жиі кездеседі, 500 грамдағы балаға да операция қа­жет. Қай­теміз, нәрестенің өмірі үшін кү­ресеміз. Бұрын тіліп жасай­тын опе­рациялардың қазір кіші­инваз­и­вті түрлерін атқарамыз, – дейді.

Ал неонтология бөліміндегі әй­нек­­тің ар жағында медбике ем жасап жатқан нәресте туғанында 750 грамм болыпты. Арада өткен 29 ап­тада күрделі операцияны артқа тас­таған құртақандай қызылшақа тыр­баң-тырбаң етіп, өзінің тірі адам, жан иесі екенін көрсетіп жатыр.

JCI

Орталық 2012 жылы ТМД ай­ма­ғында тұңғыш рет халық­ара­лық JCI сертификатына ие болыпты. Қалтасы көтеретін адам ел көреді, жер көреді, бизнесін дамытуға жа­ңа кеңістіктер қарастырады. Сон­да ол жүрген жерінде ауырып қал­ған­дай болса, JCI стандартын иеленген клиникаға қорықпай барады екен. Ал оны алудың өзі өте үлкен мін­деттер жүктейді де, клиникалар үшін оның талаптарына жауап беру­де тазалық, ауруханаішіндегі инфек­циямен күрес, диагнозы қой­ылған пациенттерді хаттамаға сәй­кес емдеу, диагноз анықтау, зерт­ха­налық жұмыстардағы зерттеу, та­мақ­тану, ақпаратпен қамтамасыз ету, сараптау, қысқасы, ауруханаіші­лік тәртіпке дейін бәрін қайта қа­рас­тырып, үлкен сүзгіден өткізіп, стан­дартқа жауап беретіндей ету қажет екен.

JCI талаптарының барлығы па­циент өмірінің қауіпсіздігі үшін жасал­ған. «Сіздердің хаттама бойын­ша емдеу дегендеріңізді тү­сін­бедім, ол қалай деймін?» – дә­рі­герге. Мәселен, кесарь тілігі жасал­ған науқастар бір клиникалық хат­тама бойынша, ал өзі туғандар екін­ші клиникалық хаттамаға сәй­кес ем алады, қандай зерттеулер жүр­гізіледі, барлығы хаттамаға жа­зылады. Соның арқасында меди­ци­налық көмекті жақсарту үздіксіз атқа­рылып келеді. Біз үшін пациент­терден түскен әрбір сын, ес­керту көмек деп есептеледі дейді, дә­рі­гер Айжан Жүнісханқызы.

Отандық медицинаны даттайтындар көп. Ал шынына келгенде ауа жетіспей, өлім аузында жатқан ананы да, баланы да аман алып қалу оңай емес. ЭКМО атты аппараттың көмегімен 1 ми­нут­тың ішінде 4 литр қанды оттегі­мен байытып, сол уақыттың ішін­де науқасқа қайта құю арқылы қан­шама үзілгелі тұрған үміт қай­та жалғанды, деген реанимация бөлі­мінің меңгерушісі Гүлнар Төлеу­ханқызымен әңгімелесіп, опера­циялық блокка келдік. Қалай үлгі­р­ге­нін қайдам, жаңа ғана сөйлесіп кет­кен дәрігер жанталаса киімін ауыс­тырып жатыр. Операция үстін­дегі әйелдің жағдайы ауыр. Дә­­рі­гер үшін әрбір секундтың қан­ша­­­лықты маңызы бар екені әр қи­мы­лы­нан көрінеді.

Балалар онкологиясы бөлімінің меңгерушісі Даир Жұбанышұлы «Көп адамдар біздің қай ауруды қалай емдейтінімізді біліп алмастан ұшқары ойлар айтып қалады. Тіпті бізде емдеуге болатын баласын шетелге алып кететіндер бар. Өткенде әлеуметтік желіде біз­дің орталық түгіл Астанаға ке­ліп көрмеген бір адам біздің дәрі­гер­лерге қарсы пост жазыпты. Мен ол кісіні шақырдым. Келіп кө­ріңіз, мемлекет тарапынан қан­ша ақша бөлінеді, қандай ем жа­салады, жазылып шығып жат­қан балаларды көріңіз, ал сырттан ғайбат айту жарамайды дедім. Мем­лекет миллиардтап қаржы бө­ліп жатыр. Бұл қазақстандықтар үшін мақтанарлық жай. Мысалы, ха­лық­аралық басқосуларға бар­ғанымызда, озық елдердің дә­ріг­ер­лерімен тереземіз тең тұрады. Өйт­кені олар емдейтін әдіс, қол­данатын методика, аппараттар мен технологиялардың бәрі бізде бар. Медицинада халықаралық ортақ стандарттарды басшылыққа алудың маңызы өте зор. Мәселен, сол­түстік көршілерімізде мұндай проб­­лема бар, олар түсіне алмай жат­қан стандарттарды біз қол­д­а­нысқа әлдеқашан енгізіп қой­ған­быз.

Елімізде өте сирек ауруға шал­дық­қандар бар. Олар көп болмауы мүмкін, бірақ, қажетті дәрісі әлемде бірді-екілі ғана, сондықтан бағалары өте қымбат. Алайда мем­лекет сол дәріні сатып алып, адам­ды мүгедектіктен құтқарып, қа­лыпты жұмыс істей алатындай дәрежеге келтіруде. Мұндай кө­мек көрсетіп жатқан елдер өте сирек. Қаншама пациент тіркелген жерлерінде тегін дәрі алуда.

2012 жылдан бері елімізде онко­ау­­руларға қажетті сүйек кемігін ауыс­­тыру жүргізілуде, алайда со­ған қажет донор табу қиын. Та­был­ған күнде беруге тәуекел етп­ей­ді, қорқады. Бұл ақпараттың дұ­рыс жеткізілмеуінен, кемікті алу ке­зінде донорға зиян тимейтінінен бей­хабар болудан деп ойлаймыз.

Бізде озық технологиялар, тиім­ділігі жоғары дәрі-дәрмектер қол­данылады. Онкологиялық ауру­лар, оның ішінде балалар үшін ем­ді мемлекет өз мойнына алған, – дейді.

Сабағынан қол үзбеген бүлдіршіндер

Онкопациенттерді емдейтін бөлім. Кәдімгі сынып бөлмесі. «Ба­ла­лар мұнда ұзақ жатады. Ар­найы келіп оқытатын мұға­лім­дер балалардың жайына қарап са­бақ береді. Ал шынында мұның псих­о­логиялық, моральдық аспектісі көп дүние. Көп бала сабағымыздан қа­лып қойдық деп, терезеден қа­тар­ларының портфельдерін асынып мектепке бара жатқанын көргенде жасып қалады. Ал ем қабылдап, аурудан жазылуда көңіл-күй ахуа-
лы үлкен рөл атқарады», дейді дәрігерлер.

– Ғылыми сараптаудан, сан тәжірибеден өтіп, бекіген хаттамаға сәйкес ем жүргізгеніңмен барлық ағза да, адамдардың тағдыры да бірдей емес. Емді бала ағзасы қалай қабылдайтыны да белгісіз. Ата-анаға соның бәрін түсіндіріп, балаға психологиялық тұрғыдан көмектесуді сұраймыз. Кейде айт­қа­нымыз жүректеріне жетіп жатады, кейде бізді ести алмайды. Оған кінәламаймыз, өйткені олардың өзі психологиялық тұрғыдан ши­ры­ғып тұрады. Бұл дәрігер үшін де өте ауыр жүк. Күнделікті жас сә­бидің қиналғанын көру, қанша ем­десең де оң нәтиже бермеуіне ке­лі­су қиын. Соттасып жататындар да бар.

Ал баласы жазылып шыққан ата-ананың алғысын естігенде төбең көкке жетеді, – деген дәрі­гер сөзінен соң қуанышқа бөлен­ген­дердің алғыс айтқан жазбаларын көрдім. Парақтап отырып, қан­шама тағдырдың үзілмей қайта жал­ғанып, шаттыққа бөленгенін аңдадым.

­Орталық директорының клини­ка­­л­ық мәселелер бойынша орын­баса­ры Мағрипа Ембергенова: «Біз қателік жіберген адамды жазалау ба­ғытын таңдамадық. Бірінші ке­зеңде, ол адамның өзіне көмек көр­­сетіп, күйзелісті жағдайдан шы­ғуы­на жәрдем жасауды жол­ға қой­дық. Екінші, жұмысты ұйым­дас­ты­руда кеткен олқылықты жөндеу үшін қызметкерді оқытамыз, ол үйрету, көрсету кезеңінен өтеді. Қолданып жүрген стандарттарда жетіспеушілік болса оны да жөн­дейміз. Тек жағдай үшінші рет қа­йталанса ғана қызметкер жауап береді. Ал осыны білген біздің барлық қызметкер әрбір инцидентті көрсетуден қорықпайды.

Дәрігер – адам өміріне тіке­лей жауапты мамандық. Робот­ты бөл­шектерді бөліп қай­та құ­рас­ты­руға бо­лар, ал адам ағ­за­­сын түп­­кі­лікті зерттеу мүм­кін емес, жараты­лыс құпия­сы адам мүм­кіндігінен тыс, осыны жұ­рт­шылық тү­сінсе екен. Ал дә­рігер адам бала­сын, оның ішін­­де, әсіресе жаңа көк­теп ке­ле жатқан шы­бықтың, жау­қа­з­ын­ның ерте сол­ғанын, үміт­тің жан­­бай жатып сөн­генін қала­май­ды. 5 пайызында ауру не­бір же­тіл­діріліп қ­а­был­данған стан­дар­тқа ба­ғын­бай­ды, тәуекел қа­лай бо­л­ған­да да бар. Сон­дықтан кінә­дан гө­рі дә­рігер жанын түсіну болса дей­­міз. Барлық науқас емделіп кетсе, жер бетіне адам сыймас еді, Жа­рат­­қанның дегені болатынын да ұмыт­пау керек», – деді.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»