Қазақстан • 21 Қараша, 2017

Емделуші құлықсыз ба, дәрігер біліксіз бе?

1127 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүние жүзінде медицина қызметкерлерінің қателігінен әр оныншы емделуші зардап шегеді екен. Тіпті дәрігерлердің немқұрайлылығынан пациенттердің қайтыс болу жағдайлары ЖИТС, туберкулез секілді қауіпті жұқпалардан өлім-жітім көрсеткішімен қатар 14-ші орында тұр. 

Емделуші құлықсыз ба, дәрігер біліксіз бе?

Әлбетте, мәселенің басты себебі – денсаулық сақтау ұйымдарының сапасында екені мәлім. Сондықтан сарапшылар барлық аурухана мен клиникалар халықаралық стандартқа сай аккредиттеуден өтіп, проб­леманы шешуді қарапайым санитарлық талаптардан бастауды ұсынып отыр. 

Денсаулық сақтау министр­лігінің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы ұйымдастырған «Медициналық қызметтердің сапасы, пациент­тердің қауіпсіздігі және аккредиттеу» тақырыбында өткен алқа­лы жиында Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының ар­найы өкілі, доктор Агнес Лео­тсакос әлемде әрбір оныншы па­циентке медициналық қателік жасалатынын айта келіп, мұның басты себебі дәрігерлер немесе медбикелер қарапайым тазалық ережелерін сақтамайтынынан туындайтынын алға тартты. «Әсі­ресе аурухана- ішілік инфек­ция – күллі әлемде өзекті проб­лемаға айналып отыр. Мы­салы, ауруханаларға кө­бі­не шұ­ғыл медициналық көмек­ті қа­жет ететін науқастар жеткі­зі­ле­тіні белгілі. Солардың бір-
а­зы­на күрделі оталар жасалып, дәрі­герлер ақ тер, көк тер болып, әлгі пациенттің жанын аман-есен алып қалады. Бі­рақ отаның сәтті өткенінен не пайда, ауруханада жаңағы пациент медбикенің са­лақ­­тығынан, қарапайым таза­лық ­ережесін сақтамағанынан инфекция жұқтырып, қайтыс болып жатады. Мұндай оқиғалар өте жиі кездеседі. Сондықтан медициналық ұйымдардың бар­лығы аккредиттеу талаптарынан өтіп, әлемдік стандартқа сай­ қыз­мет етуі керек», дейді аме­рикалық са­рапшы.

Жалпы, аккредиттеу мәселесі – әр денсаулық сақтау ұйымының еркіндегі шаруа. Бұл дегеніңіз әлем­дік стандартқа сай қызмет көр­­сетіп, пациенттердің қауіп­сіз­­­дігі мен барлық құқын сақ­тау де­­ген сөз. Денсаулық сақ­тау­ды да­­мыту республикалық орта­­лы­­ғының бас директоры Ай­­нұр Айып­ханованың айтуын­ша, елі­мізде Ұлттық аккредит­теу жүйе­сі 2010 жылдан бас­тап ен­гізіле бастаған. Бірақ қазақ­стан­дық медициналық ұйым­дардың 30-40 пайызы ғана бұл жүйеге қа­ты­суға ықылас біл­дірген. Оның пі­кірінше, аккредитациядан өту са­паның тиісті деңгейде еке­нін біл­діреді. Сондықтан емде­лу­ші­лер де құлықсыздық танытпай, аккре­дитациясы бар клиникалар­ды таңдауға көбірек ден қою ке­рек­тігін ескертеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда 7 клиника халықаралық стандартқа сай келетін америкалық JCI-сер­тификатын иеленіпті. Оның 6-уы – Астанада болса, біреуі – Алматыда. Олардың бәрі де – рес­­публикалық деңгейдегі ғы­лы­­ми орталықтар. «Ұлттық аккре­дит­теу жүйесінен өту­дің бас­ты артықшылығы – медици­на­лық қателіктерді болдырмау. Мыса­лы, бізде медицина тарапынан қандай да бір қателік кетсе, кінә­ні бір адамнан ғана іздейді. Сол дәрігерге немесе медбикеге жаза қолданылады, жұмыстан шы­ға­ры­лады, осымен іс бітеді. Алайда қа­телік түзелмейді, ке­ле­сі жолы та­ғы қайталанады. Сондықтан қа­те­лікті бір адамнан емес, бүкіл жүйеден іздеу керек, оны түзетуге күллі ұжым болып кірісу қажет», дейді А.Айып­ханова.

Халықаралық сарапшылар­дың пікірінше, медициналық қа­те­ліктерді түзетіп, пациент­тер­дің денсаулығын, құқын қор­ғау үшін қыруар қаржы шашудың қа­­­жеті жоқ. Денсаулық сақтау ұй­ым­дарының әрбір қызметкері ме­­ди­циналық қағидаттарды ес­кер­­­се жеткілікті. «Мысалы, біз­де хи­рург­тар қажетті заттарын тү­ген­деп жатпай, операцияны бас­тап кетеді. Ота барысында қай­шыны, басқа да құрылғысын ұмыт­қаны есіне түседі де оны алып келуге біреуді жұмсайды. Мұ­ның өзі пациентке инфекция жұқ­ты­рудың бір жолы. Халық­аралық стан­­дарт бойынша, хирург-дәрі­гер отаның алдында ке­ректі зат­та­рының тізімін оқып, оны ме­д­­бике түгендеуі керек. Барлығы дай­ын болғанда ғана операция бас­талуы қажет. Ұлттық аккредит­теу жүйесінен өткен ауруханалар қа­зір осындай қарапайым қа­ғи­дат­ты қатаң сақтайды», дейді А.Айыпханова.

Конференцияда Денсаулық сақ­тау министрлігі меди­цина­лық қызметтердің сапасын ба­қы­­лайтын кейбір функцияларын­ ­ал­дағы уақытта бірлескен са­рап­­­шылар комиссиясына­ бе­ре­тіні белгілі болды. Бұл ми­нис­тр­лікке де, басқаға да ба­ғын­­­байтын тәуелсіз комиссия бол­­мақ. Олар медициналық қыз­меттердің сапасын бақылап, пациенттердің құқын қорғауға күш салатын болады. Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық ке­ңе­сінің төрағасы Надежда Пе­тухо­ваның айтуынша, қазіргі таң­да Қазақстанның денсаулық сақ­тау саласын қаржыландыру жүйе­сінде өзгерістер енгізіліп, ме­ди­циналық сақтандыру қо­ры құрылды. Енді саланы қар­жы­лан­дыруға мемлекет қана емес, ел азаматтары да атсалысады. Қар­жысын төлеп отырғаннан кейін халыққа соған сай жоғары қыз­мет көрсетілуі тиіс. «Бұрын дәрі­г­ерлерге деген емхана мен­ ауру­ханалардың сапасына­ деген пациенттердің сенімі жоғары еді. Қазір біз осы сенімді жоғал­тып алдық. Енді соны кері қай­тарып алуымыз керек. Ол үшін дәрігерлеріміз білікті, емдеу меке­мелері талапқа сай болуы тиіс. Тәуелсіз бірлескен комис­сияның мақсаты да сол – сапаны жақсарту», дейді Н.Пету­хова.

Жалпы, медициналық ұйым­дарды аккредиттеу, сапаны бақы­лау деген ұғымдар еліміздің заң­дарында алғаш рет 2009 жылы, кейін 2015 жылы көрініс тапты. Енді министрліктің кейбір функцияларын бірлескен комиссияға беруге байланысты нормативтік құжаттарға тағы да өзгерістер енгізілмек.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»