Қазақстан • 21 Қараша, 2017

Қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетов туралы толғам

1128 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Спорт саласының майталман маманы, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазіргі таңда «Байсерке-Агро» өндірістік кешенінің басшысы, белгілі қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетов туралы толғам.

Қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетов туралы толғам

Біздің жастық шағымыз Кеңес Одағының дә­уірлеп тұрған кезімен тұспа-тұс келді. Ол кезде жас­тарды жан-жақты тәрбиелеуге жете мән берілетін. Бірінші орынға оқу қойылды. Сосын жастар қоғамдық жұ­мыстарға тартылды. Оның ішінде жастардың па­т­­риоттық және спорттық тәрбиесі ерекше назарда бол­ды. Қоғам жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына қатты мән берді. Мысалы, жоғары оқу орын­дарындағы студенттердің көркемөнерпаздар үйір­мелеріне баруы, спорттың әр түріне ден қоюы ол кезде қалыптасқан тірлік еді. Қазақтың қанында жауын­герлік қасиет басым болғандықтан ба, біздің жас­тар сол тұстың өзінде күрес пен боксқа көбірек ден қоятын.

 Алматы ол кезде ұшы-қиыры жоқ байтақ да­ланы қоныстанған барша қазақтың астанасы. Жан-жақтан келген жастар біреуден үстем болайын деп емес, өз-өзін қорғау үшін, көшеде кезіккен бұ­зақыдан таяқ жеп қалмау үшін жекпе-жек спортын таңдағаны анық. Сол кезде Шоқыр Бөлтекұлы, Әбілсейіт Ай­ханов, Әбдісалан Нұрмаханов, Амангелді Ғаб­саттаров секілді азаматтардың аты дүркіреп тұрды. Осылардың өкшесін басып, спорт әлеміне Темірхан Мыңайдарұлы келді.

Темірханның жастық шағы сол бір дәуренді жылдарда өтті. Ол жастайынан ҚазМУ-дің белсенді студенттерінің бірі болды. Өзі балуан, өзі белсенді. Студент боп жүріп, балаларды күреске баулыды. Ортасында абыройлы болды. Сөйтіп жүріп, көпке таныла бастады. Темірхан университеттің спорт кафедрасын жандандырып алып кетті. Бір жағынан кілең ауыл балаларын жинап алып, жаттықтырып жатады. Күндіз кафедра, кешке балалармен жаттығу, тынымсыз тірлік үстінде жүрді.

ҚазМУ-дің ректоры, атақты ғалым Өмірбек Жолдасбеков спортқа жанашырлықпен қарайтын, өзі бокстан спорт шебері. Көпті көрген, абыройлы кісі, Темірханды бірден бауырына тартты. Жол­дасбеков Темірхандай жастарды қоғамдық жұ­мыстарға, комсомол жұмысына аямай салды. Сөй­тіп оларды шарболаттай шыңдап шығарды. Темірхан Мыңайдарұлы қарапайым бапкерден университеттің спорт клубының басшысына дейін көтерілді. Досмұхамбетовтің тұсында ҚазМУ-дің денешынықтыру және спорт кафедрасы республика, тіпті Одақ бойынша дүркіреп тұрды. ҚазМУ жастары кей спорт түрлерінен Алматыдағы физкультура институтынан басым түсетін. Ал Досмұхамбетов баптаған самбошылар Қазақстаннан асып, әлемді мойындатты. Еуропа және КСРО чемпионы, Әлем кубогының жеңімпазы Айтжан Шаңғараев, дзюдодан КСРО-ның күміс жүлдегері Бостан Жаңбырбаев, Кеңес Одағы чемпионатының жүлдегері Қайрат Шаңғараев, Кеңес Одағы чемпионатының және «Буревестник» спорт қоғамы одақтық біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Зиядин Исабеков, Валентин Погодин, Владимир Мукамелов секілді жігіттерді кезінде бүкіл Қазақстан мақтан тұтты. Досмұхамбетовтің шәкірттері «Буревестник» спорт қоғамының одақтық біріншілігінде командалық бас жүлдені жеңіп алды. Самбоның орыстың ұлттық күресі саналатынын ескерсек, Темірхан шәкірттерінің бұл табысының орны бөлек.

Темірхан Мыңайдарұлы – елімізде туризмнің дамуына зор серпін берген, өзі осы салаға білек сыбана кірісіп, оңы мен солын таныған ірі қайраткердің бірі. Ол кісі спорттың шекпенінен шыққанына қарамай, туризм саласын дөңгелетіп әкетті. Тура тәуелсіздік таңы атқан тұста «Ин­турист Казахстан» ұлттық ком­паниясының тіз­гінін ұстады. Одан кейін «Ясауи» мемлекеттік акционерлік компаниясының президенті болды. Еліміздегі бірінші авиакомпанияның иесі Дос­мұхамбетов екенін айта кетейік. Тоқсаныншы жылдардың басында Темірхан Мыңайдарұлы «Отырар» әуе компаниясын құрды. Сосын спорт ми­нистрі қызметіне тағайындалды. Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында Елбасының назарына ілігіп, Президенттің іс басқармасының тіз­гінін ұстады. Сол қызметте өзінің менеджерлік қа­білетімен танылды. Президент командасына бекіді. Досмұхамбетов Астана құрылысының бел ортасынан табылды. Елорданың айбыны әрі сәні болған талай еңселі ғимараттарға Темірханның маңдайтері сіңді. Күндіз-түні ең жауапты жерлерде жүрді.

Темірханның спорттағы бапкер әрі басшы ретін­дегі жеткен жетістігін ел біледі. Туризм са­ласындағы та­быстары да бір төбе. Дүниежүзілік туристік ұйымның вице-президенті болып сайланған тұңғыш қазақ азаматы Досмұхамбетов екенін біле жүргеніміз артық емес. Ол кісі Дү­ниежүзілік туристік ұйымның Астанада әлем­дік ­ассамблеясын ұйымдастырып, сол жиынға 140 мемлекеттің өкілдерін шақырды. Ал Пар­ламентке Мәжіліс депутаты болып келісімен көп­шілдігімен, ортасына сыйлы қасиетімен бұ­рынғыдан да жарқырай түсті. Ол досқа адал, адам­дармен сый­ласқанда жүрегі елжіреп тұрады. Ті­леулестерінің жақсылығына жаны қалмай қуанады. Солардың қуанышына ортақтасып, мейірімін төгіп жүреді. Өзі жомарт, өзі батыр, өзі ұстаз, өзі іскер азамат деп Темірхандарды айтсақ, жарасады. Темірханның кім екенін шәкірттеріне қарап бағалаған дұрыс. Оны шәкірттері туған әкелеріндей сыйлайды. Мұның құпиясы Досмұхамбетовтің шәкірттеріне деген мейірімі мен әділдігінде жатса керек.

...Бірде депутат Досмұхамбетов ауыл шаруа­шылығы мәселесін көтерді. Мен ауылда, ауданда,­ облыста қызмет істеген адаммын. Ауыл ша­руа­шылығынан бір адамдай хабарым бар. Байыптап тың­дасам, ойы орнықты, осы саладан хабары бар адамның сөзі. Бірақ онша мән бере қойған жоқпын. Темірхан спорттың білікті маманы, туризмді бір адамдай біледі. Ауыл шаруашылығына тереңдеп баруы қиындау ғой, деп сыртынан өзімше тон пішіп, үнсіз жүре бердім. Ол кезде оның бұл саланы қаузап, терең зерттеп жүргенін қайдан білейін.

Тағы бірде Алматының іргесінде ауыл шаруа­шы­лығы кешені бар, жүріңіз, көріп шығыңыз, деді. Сәті түскен күні Парламент Мәжілісінің комитет төрағасы Мәулен Әшімбаев екеуміз бардық. Сол күні мен Досмұхамбетовті басқа қырынан таныдым. Ол бұл саладағы көлденең көк атты емес екен. Өзінің қорасында тұрған жылқылардың тұқымын, ата-тегін, мінезін, туған жылын, қайдан келгенін, басқа да ерекшелігін, жүйрік болса, қай жерде бәйге алғанын, бәрін-бәрін жатқа соғады.

Содан кейін сиыр сауатын кешенге кірдік. Табалдырықтан ішке аттағаннан-ақ көңіліміз жадырап сала берді. Бәрі орын-орнында тұр. Ке­шен іші мұнтаздай тап-таза. Малдың күтімі, та­за­лығы, желінін жуу әрі массаж жасау, сауу, сүт­­тің майлылығын анықтау, бәрі-бәрі ғылымға не­гізделген екен. Сиырлар сауылатын жерге кезекпен өздері келеді. Кешен толық компьютерленіпті. Мына заманның озық техникасының бәрі осында ма деп қалдық. Өзіміздің қасымызда жүрген азаматтың бұл тірлігіне жаным сүйсінді.

 Әрі қарай егіс алқабына бардық. Бұл жақта да маңдайтердің, табанды тірліктің лебі есіп тұр. Бір ғана мысал, Досмұхамбетовтің егіс алқабында өсі­рілген жүгерінің биіктігі төрт метрден асады. Мен жүгерілі өңірдің тумасымын. Жаркент жақ­тан. Кезінде Талдықорған облысы Панфилов ауданы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы колхоздың төрағасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Николай Головацкийдің шаруашылығында жүгерінің биіктігі үш-үш жарым метрге жететін. Одан да биік өскен жүгеріні Темірханның шаруашылығынан көріп, таң қалдым.

 «Байсеркедегі» егісті суару әдісі тіпті тамаша. Темірхан Мыңайдарұлы Израиль ғалымдарының тамшылатып суару әдісінен де озық тәсілге кө­шіпті. Себебі күн қатты ыстықта тамшылатып суару кезінде судың белгілі бір бөлігі буланып, ауаға тарап кетеді екен. Досмұхамбетов Италияның ғалымдарымен бірлесіп, суды дәнді дақылдың тамырына қырық сантиметр тереңдікте тікелей жіберу тәсіліне көшкен. Бір тамшы су далаға кетпейді. Мұндай жағдайда тамыры жер бетінен төменге жиырма сантиметрге жететін арамшөп судың тапшылығынан өз-өзінен қурап қалады. Яғни, бұл әдіс суды барынша үнемдеудің ең озық жолы. Темірханның шаруашылығы суды жер астынан 110-120 метр тереңдіктен артезиан құбырлары арқылы алады. Су химикат қосылмаған, табиғи таза. Бір қызығы, 300 гектар алқапты бір оператор суарады. Қазір 440 гектар жер тамшылату әдісімен суарылады. Италиядан бұрғылау техникаларын әкеліп, 24 ұңғы қазыпты. Міне, егіс суарудың ең озық әдісі Темірхандай іскер азаматтардың арқа­сында біздің елге де жетті.

Өсіп тұрған жүгерінің, жоңышқаның немесе соя­ның түбінен су байқалмайды. Осы ғылыми жаңалықтың нәтижесінде «Байсерке» жүгерінің әр гектарынан 120-140 тонна өнім алатын деңгейге жет­ті. Бұл Алматы облысындағы озық деген шаруашылықтардың өнімінен үш-төрт есе жоғары. Ал қытайлар сояның әр гектарынан 4-4.5 тонна өнім жинаса, Досмұхамбетовтің 30 гектар арнайы күтімдегі жері әр гектардан 6.6 тонна өнім берген. Осындағы тәжірибе шаруашылығындағы бидайдың әр гектардан алатын өнімі 116 центнерге же­тіпті. Бұл нәтижелер – рекордтық көрсеткіштер.

Тағы бір сүйсінетін жағдай, Темірхан Мыңай­дарұлы ауыл шаруашылығына ден қоймас бұрын осы саланың мықты ғалымдарын маңайына шо­ғыр­ландырған. Ол кісінің шаруашылығында ғылым мен тәжірибе құстың қос қанатындай үй­лесім тауыпты. 2013 жылдан бастап Қазақтың өсім­діктерді қорғау және карантиндеу ғылыми-зерт­теу институтының ғалым мамандары Темірхан Мы­ңайдарұлы негізін қалаған «Байсерке-Агро» тәжі­рибе шаруашылығында еңбек ете бастады. Бір сөзді, ойлы басшы оларды қажетті озық техникалармен қамтамасыз етті.

«Байсерке» мал бордақылау ісіне де белсене кіріскен. Жаңа туған бұзаулар ғылыми ізденістің арқасында 15-16 айдан кейін 380-400 кило тартады екен.

«Байсеркенің» берекелі тірлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарынан тыс қалған жоқ.­ Президент бұл шаруашылыққа арнайы ат басын бұрып, Дос­мұхамбетовтің тірлігіне риза болғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан білдік. Елбасының жоғары бағасынан кейін облыстардың әкімдері «Байсеркеге» тәжірибе алмасу үшін жиі келетін болыпты. Сөй­тіп Темірхан Мыңайдарұлы қай іске кіріссе де,­ маңдайы жарқырап алға шы­ғуды көздейтін қа­сиетімен өзі негізін қалаған «Бай­серке-Агро» ауыл шаруашылығы кешенін республика бойынша ал­дыңғы қатарға алып шықты.

Бірде Темірхан екеуміз Жаркент ауданына сайлаушылармен кездесуге бардық. Жұртшылық әртүрлі мәселелерді ортаға салып жатыр. Бір аза­мат Жаркентте спорт кешені жоқтығын тіл­ге тиек етті. Мен «спорт жағын белгілі қоғам қай­раткері, осы саланың білікті маманы Темірхан Дос­мұхамбетов жақсы біледі», деп айтуым мұң екен, батыр мінезді, ақкөңіл Темкең жұрттың алдына шық­ты да: «Жар­кентке спорт кешенін тұрғызып беремін», деп төте­сінен бір-ақ кесті. Көпшілік ду ете қалды.

Содан ол кісі Үкіметке, Қаржы, Экономика ми­­­нистр­­леріне барып жүріп, Жаркенттің орталы­ғында бюджет қаржысына тамаша спорт кешенін салдыртты. Елін, жерін сүйетін азаматтың бұл тір­лігіне жергілікті халық қатты риза болды. Жер­­гі­лікті азаматтар осы ғимаратқа болашақта Те­­мір­хан Досмұхамбетовтің есімін береміз, деп бас­­т­а­ма көтерді. Ер-азамат үшін елінің ықыласына бө­ленгеннен артық қандай бақыт болуы мүмкін. Ал спорт кешенінің ашылу салтанатына барған кезі­мізде Жаркенттегі перзентханаға жолымыз түсті. Барсақ, бір келіншек дәл біз келерде ұл босанған екен. Ата-анасы, туғандары мәз-мейрам. «Сәбиіміз жақсы адамның елге сапарына орайлас дүниеге келді», деп әке-шешесі баланың атын «Темірхан» қойды. Темкең жолынан жаңылған ба, сол жерде сәбидің анасына сый-сияпат жасап, жиналған жұртты тағы риза етті.

Иә, Темірхан Мыңайдарұлы туралы ұзағынан толғауға болады. Бұл азамат өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында қатардағы жат­­тық­тырушыдан Үкімет мүшесіне дейін сан қат­парлы, небір тар жол тайғақ кешуден өткен адам. Досмұхамбетов қай саланың тізгінін ұстаса да абыройына дақ түсірмей, адами болмысын берік сақтай білген кесек тұлғалардың бірі.

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи бай­лығымен емес, адамдарының бәсекелік қабі­летімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақ­стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға ла­йықты қасиеттерге ие болуы керек», деген сөзі ту­ра Темірхан Мыңайдарұлы секілді азаматтарға ар­налған тәрізді. Досмұхамбетовтің бойында, оның жасаған тірлігінде нағыз бәсекеге қабілетті, ұл­тының бір кәдесіне жарайтын кемел сипат айқын аң­ғарылады.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты