Қазақстан • 21 Қараша, 2017

Дирижер Мүсілім Әмзе туралы не білеміз?

1237 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Музыка әлеміндегі оркестрді бас­қа­ру ісі тікелей дирижердің міндеті. Ол үшін жан-жақты терең білім, бойға біткен музыкалық дарын, қажырлы еңбек пен үлкен төзім қажет. Кез келген автор шығармасының негізгі идеясын терең сезіну арқылы тыңдарманға толық жеткізу, әр туындыға өзіндік трактовка жасай білу дирижерге жүк­телетін міндет. 

Дирижер Мүсілім Әмзе туралы не білеміз?

Оркестрде отырған 70-80 адамды өзіне бағындыра білу, дұрыс бағыттау үшін де қаншама білім, күш пен жігер керек. Сол сияқты оң қол мен сол қолдың техникасы да жоғары деңгейде, ғылыми негізде қалыптасуы қажет. Екі қолдың қимыл техникасы да ұзақ уақыт оқу-тәжірибе әрі талмай іздену арқылы келеді.

Еліміздегі осы күрделі өнердің өкі­лі, соңғы кезде өзінің ыждағатты еңбекқорлығымен қажырлы еңбек етіп келе жатқан жастарымыздың бі­рі және бірегейі – Мүсілім Әмзе. Бү­гіндері республикамыздың жетекші музыкалық жетекші ұжымдарында, атап айтқанда Алматыдағы мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, хор ұжымы және Қазақ ұлт аспаптары оркестрінде Мүсілімнің қолтаңбасы айтарлықтай тамаша деңгейге жетті.

Ал осындай жетістік жолында­ қан­дай баспалдақтардан өтті? Құр­манғазы атындағы мемлекеттік кон­серваториясының екі факультетін аяқ­тап, бірнеше оркестрде орындаушы ретінде тәжірибе алды, көптеген дирижерді көрді. Кейін осы опера мен симфония дирижері деген жаңа кәсіпті еліміздегі ірі маман, профессор Б.Жаманбаевтың класынан оқып шықты. Болашақта дирижер болам деген адамға аталған оқу-сабақтарынсыз оркестр басқару өте қиынға соғатын еді. Ол осы сынақтардан сүрінген жоқ, қосымша алыс-жақын шетелдер­де үздіксіз білім алумен қатар прак­тикалық жұмысты бірге алып жүрді.

Әртүрлі оқу орындарында оркестр жетекшісі болып оқытушылық қыз­мет етті. Оркестрмен бірге өзі де өсті. Концерт афишаларынан, бас­пасөз бен теледидардан жиі көретін бол­дық. Абай атындағы академиялық опера және балет театрында «Қыз Жі­бек», «Ер Тарғын», «Махамбет», Оң­түстік Қазақстан опера театрында «Қамар сұлу», «Паяцы» операларына дирижерлік етуі оған өмірлік сабақ, мол тәжірибе беріп, шеберлігін жетілдіре түсті. Оркестрге музыка өң­деу, шығарманы лайықтай білу де­геніміз – жан-жақты теориялық және гар­мониялық білімді, барлық аспаптың орын­даушылық мүмкіндігімен жете таныс болуды талап ететін жұмыс. Бұл өнерді жақсы меңгергенін соңғы жұмыстарынан көріп те, тыңдап та жүрміз.

Өзімнің талай жылғы халық аспаптары оркестрі мен симфониялық оркестрге жазған төл шығармаларым Мүсілім Әмзенің жетекшілігімен бір­шама концертте орындалды. Әсіресе, «Мерекелік күй» атты поэмам көп оркестрлерде өзінің дұрыс оркестрлік шешімін таппай, біраз уақыт көңілім толмай жүрген еді. Қызылорда об­лыстық филармониясының Тұр­ма­ғамбет атындағы халық аспаптары ор­кестрі­нің концертінде Мүсілім жа­­саған трактовка сәтті шығып, аса әсер­лі болды. Сол сияқты «Кенен ән­деріне жазылған попурри» де жаңа қы­рымен танылған көркем шығармаға айналды. Кейінгі туындыларым – «Шақшақ Жәнібек» пен «Ұршық биі», «Шыңырау құс» пен «Жалт-жұлт еткен дүние» деген әнім сияқты өзге туындыларым Мүсілімнің қолтаңбасымен, жаңаша интерпретация жасалып сахнаға жол тартты.

Осы орайда дирижердің ең­бек­қорлығымен қатар, әрбір компо­зи­тор­дың шығармасына терең зерттеу жасап, ішкі образын аша білу де айтар­лықтай жетістікке жеткенін айта кету керек. Шығарманың бі­рінші нотасынан бастап, соңғы аккордына дейін мұқият зерделегені, формалық жағын, мазмұнын терең түсінгеніне қуандым. Дирижер деген композитордың ой-толғамын, шығарманың идеясын түйсініп, барлық нәрін жоғалтпай тыңдарманға алып шықса, біз үшін одан асқан қандай мерей болсын?!

Өнер бір орнында тұрмайды. Өр­кендеп дамиды, келер ұрпаққа үзілмей жалғаса береді. Көзі тірісінде қазақтың музыка әлемінде дирижерлығымен аты шыққан Төлепберген Әбдірашев сияқты көрнекті тұлғалардан кейін Мүсілім сияқты жастарымыз аға буынның аманатын абыроймен атқара береріне көзіміз жетті.

Ермұрат ҮСЕНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеушісі, композитор

АЛМАТЫ