Қазақстан • 17 Қараша, 2017

«Нұр Отан» партиясында «Көш көлікті болсын» акциясы өтті

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Көш көлікті болсын» республикалық акциясы өтті. 

«Нұр Отан» партиясында «Көш көлікті болсын» акциясы өтті

Партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі екінші рет ұйымдастырып отырған акцияға көші-қон саясаты бойынша жұмыстарды жүзеге асырып отырған атқарушы органдардың өкілі қатысты және еліміздегі барлық облыстар мен Астана, Алматы қаласындағы көші-қон полициясының құрылымдық бөлімшелерінің мамандары бейне байланысқа шықты.

Бұл шара атқарушы биліктің назарын көші-қон саясатына назарын аудару, «Халықтың көші-қоны туралы» заңы мен өзге де қаулылардың өз деңгейінде атқарылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың күн тәртібінде шешілмей тұрған мәселелерін анықтап оны заң аясында шешуге ықпал ету мақсатында өтіп отыр. Елбасының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жұмыстары да баяндалған жиында құзырлы орган өкілдері көші-қон мәселелері бойынша азаматтарды тақырыптық қабылдау өткізді.

Жиында оралмандар мәселесін шешуге атсалысып келе жатқан қоғамдық ұйым басшылары атқарушы билік өкілдерінен осы мәселе төңірегіндегі сұрақтарына тікелей  жауап алды және ұсыныстарын жеткізді.  

Атап айтқанда қоғамдық ұйымдар тарапынан ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманы бір рет бұзған қандастарымыздың «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сай, тұрақты тіркеуге тұруға мүмкіндігі бола тұрып, сотқа тартылуы және тұрақты тіркеуге тұрудан бір жылға шеттетілуі, білім алу мақсатында келіп, грантпен оқуға түскен ұлты қазақ студенттердің жоғары оқу орындарының жатақханасына заң аясында тұрақты тіркеуге тұруға мүмкіндігі бола тұрып, тұрақты тіркеуге тұра алмауы, сыртта жүрген қандастарымызға өздері тұрған елдердегі Қазақстан мекемелері арқылы ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге келуге,  оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енуге болатыны туралы Сыртқы істер министрлігінен жеткілікті ақпарат бермеуі сияқты мәселелер ортаға қойылды. Министрлік өкілдері жауап қайтарды және заң аясында шешу жолдарын қарстыруға уәде берді.

Сауалдарға сай Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Ырысбек Исаев елімізде көші-қон мәселелерімен айналысатын Халыққа қызмет көрсету орталығы жылдың аяғына дейін Астанада құрылатынын және келесі жылы бұндай орталық барлық облыстарда ашылатынын айтты. Сондай-ақ ол 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізге визамен келетін шетел азаматтары шекарадан өткен кезде бірден уақытша тіркеуге мүмкіндік алатынын жеткізді.