Аймақтар • 21 Қараша, 2017

Ақтөбеде медициналық орталық бір ай тегін қызмет көрсетеді

364 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында бұдан тұп-тура бір жыл бұрын «АКТОВЕ MEDIСAL CENTER» атауын иеленген медициналық кластер құрылған болатын.

Ақтөбеде медициналық орталық бір ай тегін қызмет көрсетеді

Бұл орталықтың басты мақсаты еліміздің батыс өңірінде тұратын тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету болып отыр. Осы айырықша құрылымда қарашаның бірінші жұлдызынан бастап ашық есік күндері өткізіліп келеді. Ізгілік пен қайырымдылыққа толы шара алдымыздағы 1 желтоқсан тұңғыш Президент күніне дейін созылмақ.

- Бұл бастама тұрғындар денсаулығын нығайтуды көздейді. Осы мақсатта оларға білікті профессорлар мен тәжірибесі мол жоғары санатты дәрігерлер тегін пайдалы кеңестер береді. Осы мүмкіндікті құр жібергісі келмейтіндер емдеу мекемелері мен дәрігерлердің жолдамасынсыз ауруханаға келіп, қаралуына болады. Біз бір айға созылатын ашық есік күнін Тұңғыш Президент күні құрметіне арнап отырмыз деді бас дәрігері Рустем Исаев.

Бұған қосарымыз медициналық кластердің басты базасы іспеттес орталық ауруханасы құрамына М.Оспанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік медицина университеті де кіретіні. Оның алты кафедрасында медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары және білікті профессорлар жұмыс істейді. Бөлім меңгерушілерінің бәрі жоғары санатты дәрігерлер. Бір сүйсінерлігі ашық есік күндерінде тұрғындар осы мамандардың көмектерін еш кедергісіз алып жүр.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»