Қазақстан • 21 Қараша, 2017

Алматылық оқушылар «Егемен» ұжымымен кездесті

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел болашағы марғасқа Мағжан ақын сенім артқан тәуелсіз елдің еркін ойлы жастарының қолында. «Талаптың оты арындап» тұрған шағында алдына бағыт-бағдар қойып үлкен арманның биігіне мақсаткерлікпен ұмтылатын ұл-қыздар ұлтымыздың ертеңі.

Алматылық оқушылар «Егемен» ұжымымен кездесті

«Егемен Қазақстан» газетінің Алматыдағы бөлімін ешкімнің нұсқауынсыз өздері іздеп келген бір топ мектеп оқушыларын көргенде қазақ баспасөзінің жарқын болашағын көргендей көңіліміз көкжиекке көтерілді. Жөн сұрай келе, жақында ғана алпыс жылдығы тойланған Алматыдағы Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №2 мектеп интернатының шәкірттері екенін білдік. Араларында Бағлан есімді тәрбиешілері бар. Болашақта қазақ журналистикасының қазанында қайнасақ деген арманның жетегіне ерген жеткіншектер ғасырлық тарихы бар аға басылымның айтулы тілшілерімен кездесіп әңгіме-дүкен құрсақ деген ниетпен келіпті. Басылымның Алматыдағы бөлімінің меңгерушісі Нұрғали Ораз бен газеттің шолушысы белгілі қаламгер Жұмабай Шаштайұлы арнайы іздеп келген шәкірттердің көңілін жықпай қазақ баспасөзінің арғы бергі тарихынан сыр шертіп  әсерлі әңгіме өрбітті.

Кездесу барысында оқушылар ағаларына ойларындағы сұрақтарын қойып, өз армандарымен бөлісті. Сөз арасында ел газетін басқарған уақытында басылымға жаңаша сүрлеу салған халық жазушысы Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығы, қазақ руханиятына сіңірген қажырлы еңбегі жайлы орамды ойлар айтылды.

– Мұнда келген негізгі мақсатымыз газет өмірімен жақынырақ танысу.  Болашақта журналист болуды армандайтын бір топ оқушылар осында келіп «Егемен Қазақстан» ұжымымен танысып шығармашылық байланыс жасасақ деген ниет білдірген еді. Ағаларымыздың тағылымды әңгімесі жастарға үлкен шабыт пен жігер сыйлады. Алдағы уақытта газет ардагерлерімен мектебімізде үлкен рухани кездесу өткізсек деген жоспарымыз бар. Басылымды басқарып отырған  Дархан Қыдырәлі, Айбын Шағалақов сияқты ағаларымыз, сондай-ақ  белгілі журналист Айнаш Есали апайымыздың біздің мектептен түлеп ұшқан шәкірттер екенін әрқашан  мақтан тұтамыз – дейді мектеп мұғалімі Бағлан Салқымов.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ