Кино • 22 Қараша, 2017

Астанада «Балет. Бекзада өнер бесігі» фильмі таныстырылды

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде «Qazaqstan» телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген «Балет. Бекзада өнер бесігі» деректі фильмінің таныстыру рәсімі өтті. Шараға «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының директоры Асқар Әшімов, фильмнің авторы және продюсері Динара Сәтжан және Қазақ ұлттық хореография академиясының өкілдері қатысты. 

 

Астанада «Балет. Бекзада өнер бесігі» фильмі таныстырылды

«Балет. Бекзада өнер бесігі» деректі фильмі Астана қала­сын­да 2016 жылы Елбасы­ның қол­дауымен ашылған Қазақ ұлттық хореография академиясының тыныс-тіршілігін суреттейді.

«Qazaqstan» телеар­на­сының директоры Асқар Әшімов­тің айтуынша, Ұлттық арна деректі фильмдердің түсірі­ліміне, оның ішінде деректі жур­на­л­истикаға да ерекше мән береді.

«Биыл бірнеше деректі фильм түсірдік. Елі­міз­дің тарихи тұлғалары жай­лы түсі­рілген «Ұлы дала ұлағ­аты», Қазақ­­станның табиғи ескерт­кіш­терімен таныстыратын «Киелі Қазақстан» және тағы да бірнеше деректі фильм жарық көрді. Бүгін сіздерге ұсынып отырған «Балет. Бекзада өнер бесігі» Елбасымыздың идеясымен жүзеге асқан мәдени нысандар туралы деректі фильм­дер топтамасының алғашқы туындысы. Осындай бірегей туындылар жасауды әрі қарай жалғас­тырамыз. Мәселен, келесі фильм­дерде Назарбаев Универ­си­тет, Назарбаев зияткер­лік мектеп­­тері, «Астана» президент­тік кәсі­би спорт кешені сияқты т.б. нысандарды негізге алатын боламыз», деді ол. 

Деректі фильмнің түсірілім жұмыстары Хореография академиясында, Тараз қаласын­дағы Кәмила Орманованың шаңыра­ғында және кішкентай Әлидің туып-өскен жері Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауылында өткен. 

Жобаның авторы және продю­­сері Динара Сәтжанның ай­туын­ша, фильмнің басты идея­сы балет әртісі мамандығының қыр-сырын көрсетумен қатар, ба­ла­­лардың күнделікті тұрмыс-тір­­шіл­ігін, сондай-ақ бұл ма­ман­дық­тың үлкен еңбекқорлықты та­лап ететінін жеткізу болып табылады. 

«Жалпы айтқанда, Хорео­графия академиясында тәр­биеленіп жүрген кішкентай кейіпкерлердің көзімен шынайы жағдайды көрсеткіміз келе­ді. Ең бастысы Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын кез келген талантты бала әлеуметтік жағдайына қарамастан осы оқу орнына еш кедергісіз түсе алатынын көрсетуге ұмтылдық. Деректі фильм 21-23 қараша аралығында «Kinopark» кинотеатрлар желісіне қарасты Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы кинозалдарда көрсетілетін болады. Барлық келушілерге кіру тегін. Және «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан 2 желтоқсан күні беріледі. Одан бөлек, біз бұл жобаны басқа тілдерге де ауда­рып, халықаралық дерек­ті фильм­дердің фестивалі­не қатыс­тыр­ғымыз келеді», деді Д.Сәтжан.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»