Білім • 22 Қараша, 2017

«Мектеп президентін сайлау» қанатқақты жобасы қорытындыланды

6376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясында «Мектеп президентін сайлау» қанатқақты жобасының қорытындыларына арналған кездесу өтті. Оған мектептердің сайланған президенттері, мектеп сайлау комис­сияларының төрағалары, бірқатар мектептердің дирек­тор­лары, Астана қаласы білім беру басқармасының және қа­ла­лық сайлау комиссиясының, сондай-ақ жобаны іске асыру­ға қолдау көрсеткен аудандық әкімдіктердің басшылығы қатысты. 

«Мектеп президентін сайлау» қанатқақты жобасы қорытындыланды

Көрнекі сурет

«Мектеп президентін сайлау» жобасы болашақ сайлаушылар­дың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында оқушыларға сайлау қызметінің практикалық бағдар­ланған білімді, машықтар мен тәжірибені беру үшін жағдай­лар жасауға бағытталды. Мектеп прези­денттерінің сайлауалды науқаны Астана қаласында 20 қыр­күйекте басталған. Бірыңғай дауыс беру күні 22 қазанда жалпы білім беру мектептерінің – №37 ор­та мектептің, №6 мек­теп-гимна­зия­ның және №76 мек­теп-лицейдің база­сында, яғни елор­даның әр ауда­ны­ның бір-бір мектебінде өтті. Жобаға атал­ған мектептердің 2-11- сынып оқу­шылары (барлығы 6 026 оқушы) қатысты.

Үш мектеп президенттері­нің лауазымына 22 кандидат – 9-10-сынып оқушылары үміткер болды. №76 мектеп-лицейде же­ңім­паз сайлаушылардың 50%-ның дауы­сын жинап, бірінші кезең нәти­желері бойынша анықталса, №6 мектеп-гимназия мен №37 орта мектепте сайлаудың екінші кезеңі ұйымдастырылды. Екінші кезеңде бірінші кезеңде ең көп дауыс жинаған екі кандидаттың арасынан көшбасшы таңдалды. Ал сайлау процестерін мектеп сайлау комиссиялары ұйымдастырды. 

Орталық сайлау комиссия­сының хатшысы Сабила Мұста­фина мектептердің сайлан­ған президенттері – №37 орта мек­тебінің 9А-сынып оқушысы Томи­рис Күлмаеваны, №6 мектеп-гим­назиясының 10Б-сынып оқу­шысы Иван Нечаевты, №76 мектеп-лицейдің 10А-сынып оқушысы Мирас Скендрд, сондай-ақ мектеп сайлау комиссияларының төрағаларын құттықтады. Іс-шара­ға қатысушылардың барлығы Орт­сайлауком төрағасының аты­нан Алғыс хат және естелік сыйлық­тармен марапатталды.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»