Білім • 22 Қараша, 2017

Ата-аналар қауымдастығы мектептегі оқу жүктемесін азайтуды ұсынды

814 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның ата-аналар қауымдастығы денешынықтыру, информатика, өнертану және Қазақстан тарихы бойынша мектептердегі пәндік сағаттардың санын қысқартуды, сондай-ақ педагогикалық жұмыс нормасын 18-ден 16 сағатқа дейін төмендетуді ұсынды. Соның нәтижесінде балаларға түсетін оқу жүктемесі азайып, ал мұғалімдер жалақысы сол қалпында сақталмақ. Ата-аналар қауымдастығы өз жобасын талқылау үшін Астанада бас қосты.

Ата-аналар қауымдастығы мектептегі оқу жүктемесін азайтуды ұсынды

Көрнекі сурет

Бүгінгі күні мектеп оқушыла­ры­ның апта сайынғы оқу жүк­темесін ересек­тердің жұмыс жүк­темесімен салыс­тыруға болады. Бұл – үйге берілетін тап­сыр­­маны есепке алмағандағы шыққан қоры­тынды. Мысалы, орта мектеп­тің оқушылары аптасына 39 сағат оқы­са, ал мұғалімдер одан сәл артық, яғни 40 сағат жұмыс істейді. Со­ның нәтижесінде ересектерде кез­десетін созылмалы шаршау, ұй­қы қанбау, қысым, психоэмоционалды ауытқу секілді синдромдарға балалар жиі шалдығатын болды. 

Ата-аналар әзірлеген оқу жоспары бойынша орыс мектебіндегі бастауыш сыныптардың апта сайынғы оқу бағдарламасы 4 сағатқа, орта және жоғары сыныптарда 5-6 сағат­қа дейін төмендетілді. Мұндай оң­тай­ландыру қалай жүзеге асы­рылмақ?

Ең әуелі 1-ден 11-сыныпқа дейін 3 сағат өткізілетін денешынықтыру қыс­қартылмақ. Ата-аналардың ай­туын­ша, бұл тым көп, сондықтан дене­шынықтыруға екі сағатты арнауды ұсынды. Сондай-ақ қазақ тілі мен қазақ әдебиетін бастауыш сыныпта бір са­ғатқа, ал орта және жоғары сыныптарда аптасына бес сағаттың орнына үш сағат оқытылу керек деген ой айтылды. Ал 8-бен 11-сыныптарда Қазақстан тарихын аптасына бір сағат қана өткізу керек екен. 

Басқа сабақтарға келсек, ата-ана­лар бастауыш сыныптардағы «Са­­уаташу», «Әдеби оқу», «Қазақ ті­лі» және «Жа­ратылыстану» пәндерін бір сағатқа қысқартпақ.

5-9 сыныптарда математика, жара­тылыстану және көркем еңбек, ал жо­ға­ры сыныптарда информатика және ағылшын тілі бір сағатқа кем оқытылады. 

«Осылайша барлық пән оқу жос­парында қалады. Біз аса маңызды емес та­қырыптарды қысқарттық. Бұл – ас­паннан ала салған нәрсе емес, ата-­аналардың әбден талқылап шы­ғарған қорытындысы. Олар орыс мек­тептеріндегі оқу жоспарын тәптіштеп қарап, нәтижесінде сіз­дерге осындай ұсыныс жасап отырмыз», деді ата-аналар қа­уымдастығының төрайымы Софья Евдокимова. 

Бейбітшілік және келісім сарайына игі бастамамен танысу үшін мектеп директорлары мен мұ­ғалімдер, психологтар, тіпті мек­теп есепшілері де шақырылды. Жинал­ғандардың бар­лығы бір ауыздан денешынықтыру са­ға­тын қыс­қартуды қолдады. Оған қоса, педа­гогтар жоғары сыныптардағы ал­­ғаш­қы әскери дайындық сабағын де­нешынықтырумен біріктіріп оқыту туралы ұсыныс айтты. 

«Өзін өзі тану пәні басқа адамдар­ды түсінуге, өз мүмкіндіктерін та­нып-­білуге үйретеді, яғни пәннің мін­деті – рухани тәрбие беру. Қазіргі жа­­ңартылған білім беру мазмұны бойынша да жалпы адамзат құнды­лықтары оқытылады және ол бар­лық пәндерде қарастырылған. Тіп­ті физика мен математика сабақ­тарында адамгершілік туралы ай­та­мыз, топтық жұмыс істеу ке­зінде басымдық бірін-бірі түсіністікпен қарауға беріледі. Сон­дықтан бұл пәнді 10-11 сыныптың оқу бағдарламасынан мүлдем алып тастауға болады деп ойлай­мын. Өйткені ол бас­тауыш сынып­тан бастап оқытылады», деді Астана қаласындағы №67 мек­теп-­гимназиясының директоры Гүл­жанат Әбдіраманова. 

Тек қазақ тілі мен әдебиетін, орыс әде­­биеті мен Қазақстан тарихын қыс­қарту туралы ұсыныстар мұға­лімдер та­ра­пынан қолдау таппады. 
«Мен бұл бастаманы, әри­не қолдай­мын. Бірақ орыс мектеп­теріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін бес сағаттан үш сағатқа азайту керек дегенмен келіс­пеймін. Ағылшын тілін аптасына үш сағат оқимыз, сонда біз мемлекеттік тілді шет тілінің деңгейіне дейін түсіріп тастайын деп тұрмыз», деді Астана қаласындағы №76 мектеп-лицейі ди­рек­торының орынбасары Ернұр Омар­ханов. 

«Орыс әдебиетін қысқартуды қол­­дамаймын. Өйткені қазіргі таңда кітаптан алшақтап кеткен жас­тар тіпті болмаса мектепте клас­сикалық шығармаларды оқиды. Сонымен қатар Қазақстан та­рихын да қысқартуға болмайды. Өйт­кені балалар өз туған жер­лерінің тарихын бүге-шүгесіне дейін білулері керек», деді Астана қа­ласындағы №69 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Айнаш Әбсадықова.

Орыс мектептерінің үлгісінде көр­се­­тілген жүктемені азайту идея­сы қа­зақ мектептерінде тә­лім беретін мұға­лімдердің де кө­ңілінен шықты. Олар адам, қоғам, құқық пәнін Қазақстан тарихымен, сондай-ақ орыс тілі мен орыс әдебиетін біріктіру туралы ойларын айтты. Ал кейбірі орыс мектептеріндегі орыс тілі пәнін қысқарту керек деді. 

«Мен орыс тілі пәнінің мұғалімі ретінде айтарым, он бірінші сыныпта бұл пәнді екі сағат оқытудың қажеті жоқ. Өйткені негізгі бағдар­ламаны біз 1-9 сыныптарда оқытып қоямыз. Керек десеңіз орфография, пунктуация, синтаксисті оқыту үшін бір сағат қалдырайық. Бірақ орыс әдебиетін оқытуға екі сағат керек. Өйткені оқушылар мемлекеттік қоры­тынды аттестаттау кезінде эссе жазуға дайындалулары керек», деді мұғалім Марина Гришина. 
Осылайша, педагогтардың қол­­да­уына ие болған ата-аналар­ қа­уымдастығы Бі­лім және ғылым ми­нис­трлігіне оқу бағдар­лама­сының қыс­қартылған нұс­қасы бекі­тілген ресми хат жолдады. 

Гүлжазира САЙЛАУОВА

АСТАНА