Қаржы • 23 Қараша, 2017

Екібастұзда роторлы алып экскаватор сынақтан өтті

859 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда ғана Екібастұздағы «Бо­га­тырь Көмір» компаниясында 2009 жылы басталған СРс(К)-2000 бел­гісі бар роторлы экскаваторлар­ды жаңарту бағдарламасы аяқталды.

Екібастұзда роторлы алып экскаватор сынақтан өтті

Фото: Қанат АЛДАБАЕВ

Өн­дірістік техниканы қайта жаб­дықтау үдерісіне қатысқан жөн­деу­ші-мамандар, №2147 экскава­тор бригадасы бұл жұмысты мер­зі­мінен бұрын аяқтады.

Жалпы, «Богатырь Көмір» компаниясы – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының «Самұрық-Энерго» АҚ және Ресейлік «РУСАЛ» компаниясымен бірге көмір өндіретін бірлескен кәсіпорын. Бұл күндері «Богатырь Көмір» ЖШС-нің үлесіне Екібастұз көмір бассейнінен өндірілетін көмірдің 40 пайызы, еліміз бойынша өндірілетін көмір көлемінің 60 пайызы тиесілі. Әлем бойынша «Богатырь Көмір» ЖШС ашық тәсілмен көмір өндіретін ірі кәсіпорын екенін білеміз.

Серіктестіктің бізге берген мәліме­тін­ше, Екібастұз қазаншұң­қырын­дағы кө­мір алабының қоры 2,75 млрд тоннаны құ­райды. Ал кәсіпорынның өндірістік қуа­ты жылына 42 миллион тонна көмір өн­діруге жетеді. Оның 32 мил­лион тонна­сы «Богатырь» кенішіне, қал­ған 10 миллион тоннасы «Северный» ке­ні-­ шіне тиесілі. Биылғы жылдың 9 айында «Богатырь Көмір» ЖШС 29 миллион тонна көмір өндірсе, еліміздің көмір нарығына жөнелтілген көлем 22 миллион тоннаны құрайды.

Өткен аптада кәсіпорындағы күрделі жөндеу, жаңарту үдерісінен өткен №2147 роторлы экскаваторды қайта іске қосу үшін арнайы сынақ өткізілді. Өндіріске түспес бұрын жұмыс барысындағы барлық механизмдер мен тораптар тексеріліпті. Бұған дейін де «Богатырь» кенішінде әр жылдарда техникалық қайта жабдықтау үдерісінен бірнеше роторлы экскаваторлар өткенін жазғанбыз.

Биылғы жылдың он айлық жұмыс барысын «Богатырь Көмір» ЖШС-нің жөндеу жөніндегі директоры Владимир Кочерга былай деп қорытындылады:

– Бүгін біз СРс(К)-2000 роторлық экс­каваторын жаңарту бойынша ұзақ мер­зімді бағдарламаны аяқтап отырмыз. Ком­пания экскаватордың техникалық жа­ңар­тылуына ғана 3 млрд теңге жұм­­сады. Жүргізілген жаңарту мен күрделі жөндеуге сенім мол, енді көмір қазу үдерісінде бұл экскаватордың қуат­ты­лығы артады деген сөз. Автоматты ба­қылау жүйесі кеншілердің жұмысын же­ңілдетеді. Жаңарту барысында электр жаб­дықтары, кабельді өнім, конвейер же­тектері, роторлы дөңгелектер ауыстыры­лып, басқарудың заманауи жүй­есі мен машинистерге жаңа кабиналар орнатылды. Жаңарту экскаватордың қыз­мет ету мерзімін тағы 10 жылға со­зуға мүмкіндік береді.

Компания басшылығы кадрларды даярлау және қайта даярлау үрдісіне мән беруде. Яғни жұмысшыларды бірден бірнеше мамандыққа оқытуды қолға алу жұмысы жүргізіледі. Жүргізілген жаңартуға үлес қосқан СРс(К)-2000

№ 2147 роторлы экскаватордың брига­дирі Андрей Пешковтің айтуынша, бұл экскаваторда ол 30 жылдан бері жұмыс істейді. Жөндеу бригадасы бәрін мұқият және сапалы түрде орындап шығыпты. Өйткені бәрі де алдағы уақыттарда осы ма­шинамен жұмыс жасайтындарын бі­леді. Тіпті жөндеу үдерісінде жаңа жаб­дық­тың жұмыс істеу қағидасын да зерттеп көріпті. Кеншілердің көңіл күйлері кө­теріңкі. Алда келе жатқан мерекелерге тар­ту жасадық дейді олар.

Иә, Андрей айтқандай, тағы бір жаң­ғы­рту жұмыстары аяқталды. Енді «Бо­гатырь Көмір» ЖШС кеншілері жа­ңар­ту­ға байланысты үзілістен кейін бастала­тын екпінді жұмысты асыға күтуде.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы