Хоккей • 23 Қараша, 2017

"Барыс" жеңілуден жалығар емес

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының кезекті ойынын "Барыс" Новосібірде "Сибирьге" қарсы өткізді. Евгений Корешков шəкірттеріне көз тиді ме, соңғы ойындарында бар білгендерінен жаңылып жүр.

"Барыс" жеңілуден жалығар емес

Сырт алаңда тағы да тас-талқан ұтылдық. Тағы деуіміздің себебі, екі күн бұрын осы "Сибирь" біздің хоккейшілерді "сілкіп" алған.

Кездесудің бірінші кезеңінде бірінші болып есепті айдын иелері ашты. Артынша 5 минут өтпей новосібірлік Андрей Ермаков есепті еселеді. Қонақтардың абдырап қалған байқаған айдын иелері шабуылды үдете түсті. Абырой болғанда Талғат Жайлауов бастаған хоккейшілеріміз тез ес жиып, есеп айырмасын қысқартты. Тіпті, кездесудің бірінші кезеңі бітпей тұрып, есепті теңестіріп үлгерген. Үзіліске санаулы минуттар қалғанда Степан Санников қақапашымызды сан соқтырып кетті.

Екінші кезеңде біздің хоккейшілер тəп-тəуір ойнады. Ойлағандары оңай жүзеге асып жатты. "Барыстықтар" басымдылыққа ие болып, екі шайба соқты. Нəтижелі ойынымен Талғат Жайлауов және Найджел Доус көзге түсті. Тартысты кездесудің үшінші кезеңіне Новосібір жігіттері жұлқынып шығып, жеңісті жұлып алды. Биыл бұл командаға "Барыстың" шамасы келер емес. Қорытынды есеп 6-4.

Ойыннан кейін өз ойымен бөліскен Евгений Корешков соңғы бөлімге күшіміз жетпегенін қадап айтыпты.

"Керемет кездесу. 10 шайбаның соғылуы сөзіме дәлел. Өкініштісі жеңісті қолдан бердік. Шаршап қалдық. Үшінші бөлімде ұқыптырақ ойнау керек. Дегенмен, шəкірттерімнің талпынысына таласым жоқ. Ешқайсысы аянып қалмады. Қателіктерімізді қаперге алып, алдағы ойынға дайындаламыз" - деп қорытындылапты бас бапкеріміз.
Келесі ойынды 25 қараша күні "Барыс" сырт айдында көш басындағы "Ак барс" командасына қарсы өткізеді. 

Еркебұлан Жомарт
"Егемен Қазақстан"