Аймақтар • 23 Қараша, 2017

Ақтөбелік кәсіпкер студенттерге арналған тегін асхана ашты

431 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбелік кәсіпкер Ербол Байжарқынов студенттерге арналған тегін асхана ашты.

Ақтөбелік кәсіпкер студенттерге арналған тегін асхана ашты

Студенттік билетпен келген адам бұл асханада таңғы және түскі асты тегін іше алады. 50 орынға арналған аталған кафе-асхана аптаның алты күнінде таңертеңгі  7.00 ден кешкі сағат 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда бір күнде бір мыңға дейін студент ауқаттанып шыға алады. Сонымен бірге материалдық жағдайы жоғары студенттер үшін ақылы дастархан мәзірі түрлері де бар.

Тегін тамақпен бірге «Нұрдәулет» жеке кәсіпорынның иесі Е.Байжарқынов әр сенбі сайын осы асхана ғимаратында студенттердің ақтөбелік бизнесмендермен кездесу кештерін ұйымдастыруды жолға қойған. Олар осы кезде болашақ маман иелеріне бизнесті қалай бастағандары туралы айтып, әтәжірибелерімен бөліседі. 

"Мұндағы менің қағидам – бүгінгі студенттердің арасынан кейін өзіне де, еліне де табыс, пайда және кіріс келтіре алатын түлектер шығатыны анық. Мейлі көп болмай-ақ қойсын, тіпті он саусақтың санындай-ақ болсыншы. Осының өзі жетеді. Мол табысқа қол жеткізген кезде олар өзгелерге көмектесу қажеттігін ұғынса екен деген оймен осы істі қолға алдым. Мүмкін біреу түсінер, біреу түсінбес. Қайырымдылық жасаудың да адамға сыйлайтын сөзбен айтып жеткізгісіз өз ләззаты болады. Мен соны сезініп жүрмін", деді Ербол Байжарқынов.

Темір Құсайын,

"Егемен Қазақстан" 

АҚТӨБЕ