Қазақстан • 24 Қараша, 2017

Кәрім Өтеғұлов өз ауылында тарихи-өлкетану музейін ашты

775 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақпәтерлік Кәрім Өтеғұлов өз ауылында тарихи-өлкетану музейін ашу үшін 7,5 млн теңге қаржысын жұмсаған. Ақсақал өмірінің ең қызықты, қуатты кезін бұрынғы «Красный партизан» кеңшары, қазіргі Ақпәтер ауылының дамуына арнаған екен.

Кәрім Өтеғұлов өз ауылында тарихи-өлкетану музейін ашты

Батыс Қазақстан облы­сын­дағы бұрынғы бөкейлік – Еділ мен Жайық арасындағы жалпақ даланың тарихы шежіреге тұнып тұр. Қазіргі Қазталов ауданы Жалпақтал өңірінің өткені туралы әңгіме басталса, Кәрім ағайды тоқтату қиын. Әр жылдары Ақпәтер-Біртартар-Порт Артур-Красный партизан атанған ауылының арғы-бергі шежіресін шертуден жалықпайды. Мамандығы – физика пәнінің мұғалімі, өзі Кеңес жылдарында партком, кеңшар директоры қызметін атқарған адамның елден көне бұйым жинап, ескі-құсқы «теріп кеткені» қызық көрінеді.

«Оның еш қызығы жоқ» дейді бір ойым. Өзі топырағын басып, ауасын жұтып жүрген жердің тарихына қызықпау, оны құрметтемеу – мәңгүрттің ісі. Отан от басынан басталады. Кең-байтақ Қазақстанды сүю – кішкентай ауылыңды қадірлеуден қалыптаспақ.

– Осы ауылға, ол кезде «Красный партизан» ет совхозы, 1985 жылы тамыз айында директор болып келдім, – дейді Кәрім Тәжмағамбетұлы. – Ауыл­дың аты – Порт Артур еді. «Неге бұлай? Бұл жердің өз та­ри­хы қайда?» деп сұрас­ты­рып жүріп, ауылдың байыр­ғы атауы Біртартар екенін анық­тадым, – дейді кейіпкеріміз.

Бұл ауыл іргедегі Саратов облысының Александров Гай қаласына көлікпен бір күндік жерде орналасқан. Ертеде Атырау мен Жаңақазаннан кіре тартқан көліктер осы жер­ге келгенде «Делбені бір тар­татын жерге келдік қой, осы жерге түнеп, ат шалдырып алалық» дейді екен. Бұл жер­де бір татар, бір қазақ үйі жолаушыларға қызмет көр­сетіп тұрыпты. Сыртын әкпен сы­лаған керуен сарай алыс­тан аппақ болып көрінеді екен. Содан Ақпәтер атанған. Кейін 1930-жылдары әуеден фо­тоға түсіріп, өңірдің картасын жасап жүрген ұшқыштар ауыл шетіне қонып, «Бұл қай ауыл?» деп сұрамай ма? Сон­да «Біртартар» деген сөзге түсін­бей, «Порт Артур» деп жаза салыпты...

Айтпақшы, Кәрім аға ауыл атауы айналасындағы осы тарихты 1988 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналына жазып, мәселе көтерген. Сөйтіп тұрғындардың талабымен, ауыл­дық және аудандық мәжі­ліс хаттамалары толтырылып, облысқа, одан әрі республикаға жіберіліп, ақыры 1992 жылы ауыл Ақпәтер атанды.

– Бала, сен білесің бе, біз­дің ауылға 1922 жылы отар­ба келген. Патша өкіметі кезін­де мына Қараөзенмен бу қа­зан­дығы бар пароход жүрген, – дейді Кәрім аға тағы бір тарихтың шетін қылтитып.

Сөйтсек 1921 жылы Аза­мат соғысының қызған кезінде Ембі мұнай кәсіпшілігі мен Алғай (Александров Гайды қазақтар әлі күнге Алғай деп атайды) арасында 500 верс­тік шойынжол салу туралы Лениннің тапсырмасы болғаны рас екен. Чапаев дивизиясының 40 мың армиясы осы іске жұ­мылғанда, «Алгемба» атал­ған құрылысты Фрунзе бас­қа­рыпты. Аштық пен аурудан бір жыл ішінде 35 мың адам қы­рылды дейді деректер. Ақы­ры большевиктердің бұл ісі­нен түк шықпаған. Алғайдан шық­қан сынақ пойыз қазіргі Ақ­пәтердің жанындағы Бай­тұрған қыстағына дейін келіп, кері қайтыпты...

Кәрім Өтеғұлов 1998 жыл­ға дейін кеңшар директоры болды. 2003 жылға дейін өндірістік кооперативті бас­қарды. Колхоз-совхоз ыдырап, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен кезде шаруаға ыңғайлы малшы қыстақтарын іске мығым, еңбекқор ауылдас­тарына беріп, ақыл-кеңесін аямаған. Соның арқасында бүгінде кішкене ауылдан 20 шаруа қожалығы шығып, мыңғыртып мал өсіріп отыр.

– Совхоз кезінде ауылда жекені қосқанда 500 бас жылқы, 5 мың ірі қара болатын. Қазір 1700 жылқы, 700-дей сиыр бар. Бұрын қой 23 мың еді, кешегі аласапыранда жойы­ла жаздаған қой қазір 18 мың­ға жетті. Ауылда 51 жа­ңа трак­тор бар, – деп жатқа соға­­ды ақ­сақал. Жасы 80-ге келсе де Ақ­пә­тердің жоғын түген­­деуін қой­маған. Ауылға қатыс­ты кез келген деректі шырт ұйқы­дан оятып алып сұра­саңыз да жаңылмай айтатын шығар.

– Алақандай ауылда 3200 құнды жәдігері бар музейді қалай аштыңыз? – деймін қызығып.

– Музей туралы 2000-жылдардан бері ойлап жүретінмін. Әркімге айтқанмен, серік болып ешкім шықпады. Содан өзім кірістім. 2011 жылы жер алып, арнайы музей үшін өз кү­шіммен ғимарат салдырдым. Ел-жұртқа сауын айтып, жәдігер жинадым. Пәлен жерде көне жәдігер, құнды бұйым бар десе, ерінбей барып, саудаласып сатып алдым. Оралдан, Ордадан музей мамандарын алдырып, музей жасақтадым. Осының бәріне 7,5 млн теңге қаржым, екі жыл уақытым кетіпті. Сөйтіп 2013 жылы Оралға келіп, облыс әкіміне хат жаздым. «Осылай да осылай, өз қаржыма осындай музей жасақтадым. Бұл өзім үшін емес, ел үшін. Осы музейді мемлекет қарауына алуыңызды сұраймын» дедім. Обалы не керек, әкімдер сөзге келмеді. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің балансына алды. Қазір Ақпәтер тарихи-өлкетану музейінде 13 адам қызмет етеді, жылына мыңнан аса адам арнайы келіп, ауыл тарихымен танысып кететін мәдениет ошағына айналды, – дейді ағамыз мақтанышпен.

Ақпәтерде қазір 1200-ден аса адам тұрады. Орта мектепте 220 оқушы бар және ол жыл сайын өсіп келеді. Ауылда өнер мектебі, спорт мектебі жұмыс істейді. Табиғи газды 1991 жыл­дан бері тұтынатын ақпә­тер­ліктер бүгінде қала тұр­мы­сына көшкен: үй ішін­дегі дәретхана мен ванна ауыл­дық­тарға таңсық емес. «Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы ғой!» дейді Кәрім ағамыз.

«Өз ұлын, өз ерлерін ес­кер­месе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді!» демекші, ауыл­дас­тарының Кәрім ақса­қалға құрметі де бөлек. Биыл Тәуелсіздік күнімен қатар ке­летін 80 жасын аудан көле­мінде атап өткелі жатыр.

– Сол дүбірдің қажеті де жоқ еді, – дейді Кәрім ақса­қал қарапайымдылықпен. Кей­бі­реулерге ұқсап қартайғанда қалаға жылыстап кету де ойында жоқ. «Шіркін, әр ауылда осындай ақсақал болса, ел іргесі сөгілмей, берекесі кетпес еді-ау!» деймін ішімнен.

 

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы